Абдолла Жұмағалиев – қазақтың ақыны. 1934 – 1936 жылдары Орал педагогика институтында (қазіргі Батыс Қазақстан мемлекет университеті), 1936 – 1938 жылы ҚазПИ-де (қазіргі АлМУ) оқыған. 1938 – 1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, 1939 – 1941 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор болған. 1941 жылы шілдеде әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты (1941, 26 қазан).
Абдолла Жұмағалиев 1915 жылы 26 ақпанда (кейбір ресми құжаттарда 1914 жылы) (құжатта 3 сәуір деп қате көрсетілген) Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданындағы Маркс селолық кеңесіне қарасты Былқылдақ елді мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі таңда Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округі аталады. 1941 жылдың шілдесінде Алматы қаласындағы Фрунзе қалалық әскери комиссариатынан 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкі құрамында майданға аттанды. Әйгілі генерал Панфиловтың басқаруындағы құрама біліктілігі мен батылдығының арқасында майданға тыңғылықты дайындықпен шыққан. Жаужүрек панфиловшылар қазан айында Батыс шептің 16-әскері құрамында қолбасшы Рокоссовскийдің басшылығымен аса жауапты шеп – Волокалам тасжолының қорғанысын қамтамасыз етті.
Әскери дайындықта ерекше қабілетімен көзге түскен жауынгер Абдолла Жұмағалиев 203-арнаулы барлаушылар ротасының сапына алынды. Көп кешікпей пулеметші болу арманына да қол жеткізді. Бірақ соғыстың аты – соғыс, Новинки деревнясында болған ұрыста взвод пулеметшісі Абдолла Жұмағалиев қаза тапты. Ақынның ерлігі туралы тек газет бетіндегі қысқаша дерек күйі қалмасын деген ниетпен Мәскеудің қорғаныс тәсілдері туралы 1941 жылғы қазандағы библиографиялық дереккөздер мен архив құжаттарын сараптап, біршама зерделеу жұмысын жүргізген екен. Өйткені Абдолланың соңғы шайқасы сол жылдың 26 қазанындағы әскери бұйрықты орындау іс-қимылының аясында болған.
Абдолла Жұмағалиевке қатысты тың мәліметтерді жаңғыртуға, әсіресе Дмитрий Снегиннің 1948 жылы жарық көрген «На дальних подступах» атты повесі маған оның жауынгерлік бейнесін зерделеуде біраз жайтты ашып берді. Бұл майдан жазбалары кейіпкердің қаһармандық қырын ашуда құнды деректер ұсынады. Жазушы қажетті деректерді мұқият жинақтау арқылы Панфилов дивизиясына қатысты шынайы тарихтың беттерін жазған. Оның жазбаларындағы майдан даласындағы ұрыстардың мезгілі мен орны, ұрысқа қатысушылар туралы ақпарат дәл берілген. Қаламгер дивизия құрамында бес жыл бойы майдан даласында болды. Соғыстан соң аты аңызға айналған даңқты құраманың жолын дәріптеп, командирлері мен қатардағы жауынгерлерін әйгілеген шығармалары арқылы сол сұрапыл кезеңнің шежіресін жазды.
«Шалғайдағы шепте» повесі ауыз әдебиеті мен ұлтымыздың ұлы ойшылы Абайдың мол мұрасымен сусындаған Абдолла Жұмағалиевтің жоғары патриоттық рухы мен шешуші шайқас алдындағы ішкі жан дүниесін шебер суреттейді. Әскери прозаның артықшылығы сол, автор құнды құжаттар мен өзі куәгер болған нақты оқиғаларға сүйене отырып, майдан даласындағы шынайы көріністі оқырманның көз алдына әкеледі.
Міне, қарулас артиллерист жолдасы ақынжанды Береговойға Абдолла Абай өлеңдерінен үзінді оқып отырған сәт: «Не праздно тикают часы, жизнь уходит – вот гляди, прошла минута и жизнь прошла, ее не вернуть, прощай судьба». Сыз оқпанада отырып қаруласымен өз сырын, соғыс алдында бастап жазған ұзақ дастаны туралы да сыр бөліседі.
– Тыңдашы, Абдолла. – Береговой пулеметші досын иығынан қыса тіл қатты. Абайыңның: «лишь вера и правда – на гребне волны» дегені қандай! Бұл, бауырым, біз туралы, бәріміз туралы айтылған. Сірә, Абай сенің дастаныңа жол ашқандай, әдебиетке тұсауыңды кескен деп бейнелеуге де болар.
Абдолла қаруласының сөзін жалғай түсті:
– Өзіме шығармам басында шикі көрінді. Менің терең бойлай алмағаным анық. Ол енді мұнда, майдан даласында жалғасады… – деген сарбаз сөзін нықтап, салмақты жүзбен қолын құлаштай сермеді. Алыстан аспанға атқылаған жау ракеталарының жарқылы, отқа оранған ауылдар, жаралы жауынгерлер, бәрі де оның назарынан тыс қалған жоқ. – Мен енді Абайға арналған поэманы қалай жазу керегін білемін!
Расында да, Абдолла Жұмағалиев соғысқа дейін де Абай шығармаларын жата-жастана оқып, жыр жазуға, өлеңді Абайша жазуға аса құмар болды. Ал жазушы Мұхтар Әуезовтің қолдауы оның дарын-қуатын еселеп, ұлы ақын туралы поэманы жазуға кірісуіне себеп болған еді. Дмитрий Снегин ақын шығармашылығы туралы көзқарасы мен жауынгердің жан дүниесін, ұстанымын оқырманға байланысшы Аямбек Нұркенов арқылы жеткізеді. «Мен ауыл мұғалімі кім екенін енді ғана ұққандаймын. Мен бұдан былай балаларды батыл әрі отансүйгіш етіп қалай тәрбиелеу қажеттігін білемін. Мен оларға осы түн туралы, Абдолла туралы, үлкен Отан… бәрі, бәрі жөнінде бүге-шүгесіне дейін баяндап беремін».
Осылайша, жазушы қазақ даласының ұлы Абдоллаға Аямбек болып тамсанады, осылайша, Дмитрий Снегин ұлы Абайдың қазақ халқына қалдырған бай мұрасы мен Абдолла Жұмағалиевтің Абай шығармаларына құштарлығын паш етеді, ақындардың құндылығын ұрпағына аманаттағысы келеді.
Сөйтіп, Снегиннің майдан туындысы арқылы Абдолладай батырдың қайсарлығы мен қаламгерлігін қатар айта түскен абзал. Абайдан қуат алған, оның ақындық қуатын жан-тәнімен сезінген, сөйтіп, ұлт ұстазы туралы дастан жазуды армандаған Абдолланың ширек ғасырдан сәл асқан шағында шейіт болғаны өзекті өртейді. От пен оқтың арасында көзсіз ерлігімен танылған ақын елге аман оралғанда қазақ әдебиетін құнды дүниемен байыта түсер ме еді деген сауал көңілде тұрады.
Абдолланың рота командирі В.Григорьевтің 1942 жылғы 6 желтоқсанда «Советская гвардия» газетінде жарық көрген «Писатель – герой!» атты мақаласы бізді сонау соғыстың бір сұрапыл күніне қайта оралтады. Деревня шетіндегі жалғыз үй жау құрсауында қалған. «Одинокий дом был окружен со всех сторон»… Қазақша сөйлетсек: «Немістер Жұмағалиевтің көзін құрту үшін бар күшін салды. Жан-жақтан шабуылдаған неміс әскеріне жалғыз да болса Жұмағалиев оңайлықпен берілмейтінін байқатты. Сол кезде немістер үйге от қойды. Біз ауылды алыстан бақылап тұрдық. Өртке оранған үйден автомат даусы әлі шығып жатты. Ұрыста біз көп дүниеге үйрендік. Ерлікке, қайсарлыққа. Алайда, біз жападан жалғыз жау құрсауында қалған, сонда да өліспей беріспеген Абдолланы еске алғанда, оның жасағаны жай ерлік емес екенін сөзсіз ұғындық. Ол өртеніп жатқан үйден тірі шыға алмасын сезсе де, ажалды қасқайып тұрып қарсы алды. Оның бар ойы отансүйгіштік сезіммен, намыспен астасып жатты. Абдолла батырлар туралы жиі жазатын, енді өзі де қаһармандық танытты».
1943 жылғы 13 қаңтарда «Социалистік Қазақстан» газеті аталған мақаланы қазақ тілінде басып шығарды. Командирдің бұл мәліметі – Абдолланың батырлығына берілген алғашқы тарихи баға еді. Сөйтіп, жайсаң жігіт Абдолланың теңдессіз ерлігі туған еліне мәлім болды. Кейін ақын Әбу Сәрсенбаев 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу қорғанысын қамтамасыз етуге қатысушы ретінде «Ақын жүрегінің алауы» атты мақала жариялап, онда Абдолла Жұмағалиевтің қайтпас қайсарлығына куә қаруластарының атын атап, нақты деректер келтіреді.
«26 қазан. Таңсәрі. Артиллериялық канонада. Панфилов дивизиясы бірнеше дүркін жауға тойтарыс беріп, қорғаныстың жаңа деңгейіне көшті. Лейтенант Григорьевтің ротасы дивизия мен артиллериялық полктің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қиян-кескі шайқас кезінде жау әскерлері бақылауға алған үйде басын қатерге тіккен үш жауынгер қалды. Олар Абдолла Жұмағалиев, Иван Дунай, Әбіл Құндыбаев». Демек кейінгі екеуі Абдолланың ерлігін көзбен көрген қаруластары. Жаужүрек жігіттің батырлығы туралы жар салған да – сол екеуі. Гвардия капитаны В.Григорьев те «Писатель – герой!» мақаласын Иван Дунай мен Әбіл Құндыбаев баянхаттарының негізінде құрған.
1944 жылы тағы да «Социалистік Қазақстан» республикалық газетінде ақын Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы жарық көрді. Міне, сексен жыл бойы оқырман сусындап келе жатқан шоқтығы биік поэзия туындысының соңғы бір бағасын олардың ізбасары – қазақтың Қадыр ақыны беріпті. Яғни «Қасым Аманжолов өзінің үзеңгілес досы, ақын-батырдың ерлігіне арнап жалғыз әрі мәңгі ескерткішті орнатты». Шынында да:
«Көкірегінің кекті зілін,
Қоса түйреп қорғасынға,
Қанды қырғын қапылыста
Айрылып бар жолдасынан.
Жараланған жолбарыстай
Өрт жанарлы бір жас ұлан,
Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын, тас бекініп», – деп тас түйін сертпен жау оғына кеуде тосқан Абдолла ерлігін жырға қосқан Қасымның ақын өлімі туралы аңызын жаттап өскен ұрпақ қаншама.
1948 жылы жазушы Дмитрий Снегиннің 316-атқыштар дивизиясының 857 артилериялық полкі құрамында соғысып, майдан ортасындағы оқиғаларды көзімен көрген шежіреші әрі мұрағат құжаттарын пайдаланған қаламгер ретінде жазған жоғарыдағы «Шалғайдағы шепте» атты повесін жариялады. Повестің басты кейіпкерлері – генерал В.Панфилов, батыр Бауыржан Момышұлы, ақын Абдолла Жұмағалиев, Брест қамалын қорғаушы, болашақ ғалым В.Фурсов секілді тұлғалар. Снегин өз шығармасында қатардағы сарбаз Абдолла Жұмағалиевті аталғандардан бөле-жармай, оның ерлігіне ерекше екпін түсірді. Айтар болсақ, генерал Панфиловтың өзі де Жұмағалиевтің жаужүректігіне тәнті болатын.
– Редакторға айтып, қайсар пулеметшінің жазған өлеңі мен жасаған ерлігін газет бетінде жариялау керек. Отбасының қайғысын бөлісіп, елге лайықты хат жөнелту керек, – депті Панфилов. Жазушы араға біраз жыл салып, дәлірек айтқанда, 1961 жылдың 30 тамызында бұл тақырыпқа қайта оралды. Ол Абдолланың ағасы Ғұбайдолла Жұмағалиевке хат жолдап: «сіздің бауырыңыз Абдолламен мен шын мәнінде Панфилов дивизиясында бірге қарулас болдым. Ол атқыштар, ал мен артиллериялық полкте тұрдық. Соңғы рет оны 1941 жылғы қазанда, Мәскеуден шалғайдағы кіре берісте фашистермен болған кескілескен шайқас кезінде көрдім. Тізерлеп өмір сүргеннен гөрі тұрып өлгенді жөн санаған жауынгер Отанының үлкен жүректі ұлы бола білді. Бауырыңмен қалай мақтанса да болады! Абдолланың ерлігі дәріптелген «Шалғайдағы шепте» атты кітабым да сіздің жеке қорыңызда бар деп ойлаймын.
Снегин аталған повесінде барлаушы Абдолла Жұмағалиев пен кіші командирдің ұрыс алаңындағы алдын ала болжамы дәл келгенін баяндайды. Танктер әбден жүрілген жолмен 1-батальонның қорғанысына шабуыл жасайтыны болжанған. Ойлы-қырлы, шынжыр табанның жүруінің өзін қиындататын тұстарда басқа бөлімдер орналасқан еді. Сөйтіп, фашистер батальон қорғап тұрған негізгі соққыны Новинки деревнясына бағыттады. Қысылтаяң сәтте Абдоллалардың пулеметшілер взводына фашистердің жақындауына жол бермей, батальонның шегіне отырып, жаңа бекініске көшуін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. «Ұрыс күннің екінші жартысына дейін жалғасты. Оқ дауыстары, әсіресе Абдолла болған сарай жақтағы атыстар саябырсыды. Тоқтады. Немістердің снаряды да көк жүзін шарлауды қойды. Фашисттердің де қару-жарағы отқа оранды. Окоп ішінде жаралы жауынгер жатыр. Ол аянған жоқ, үсті-үстіне оқ атқылады, ақыр аяғына дейін шайқасып бақты. Бәрі өртенді, пулеметші де қаза тапты. Дұшпанға оқ жаудыру арасында өз тілінде… әндеткен еді. Бұл – намыстың әні, асқақ рухтың әуені еді».
Абдолла ерлігі туралы жылдар жүзінде журналист И.Нарцисов, ақын-жазушылар П.Кузнецов, Әбу Сәрсенбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожиндер естелік қалдырды. Өкінішке қарай, КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған «Мемориал» деректер базасында Абдолла Жұмағалиев жөнінде 1954 жылғы 20 ақпанда Жымпиты аудандық әскери комиссариаты жолдаған «1944 жылдың соңында қаза тапты деп санауға болады» деген бірауыз сөз жазылған.
316-атқыштар дивизиясының ерен ерлігін лайықты бағалаған маршал Г.Жуковтың: «Менен соғыс несімен есте қалды деп сұрағанда, бірден Мәскеу үшін шайқас көз алдыма келеді. Ол тарихи шайқас, жаудың «Барбарос» жоспарының быт-шытын шығарған жеңісті текетірес» деп еске алады. Осы тағдыршешті ұрыс ішінде Абдолла Жұмағалиевтің болғанын, көптің бірі болмай, намысты ту етіп, жарқырай көрінгені ұлты үшін өшпес өнеге. «Ақын Абдолла Жұмағалиев Отан үшін майданда от болып жанып кетті. Оның алауы әлі сөнген жоқ. Сөнбек те емес: Ол – мәңгілік алау» (Қадыр Мырзалиев).
«Түсір еске есіл ерді,
Аты оның еді Абдолла», –
деп Қасым ақын аманаттап кеткендей, соғыс өрті алыстай түскенімен, бүгінгі ұрпақ елі үшін отқа түскен батырының ерлігі лайықты бағаланғанын қалайды. Бұл – аға буынның да, жаңа буынның да, соғыс көрген бірен-саран қалған майдангерлер мен тыл ардагерлердің ортақ тілегі, елдің сөзі.
Академик Қажым Жұмалиев естелігінде: «Арықша, талдырмаш келген, қабағы тез түйіліп, тез ашылатын, қимыл, жүріс-тұрысы тез, өзінің шапшаңдығымен абайыңды аударатын үлкен көз қара бала бірінші кездескенде маған пәлендей әсер еткен жоқ», дей келіп, Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен Оралда өзі ұйымдастырған әдеби бірлестік жұмысы нәтижесінде Абдолла Жұмағалиевтің облысқа танымал жас ақындардың біріне айналғанын жазады. Сол кездегі Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Жәрдем Тілеков сынды әдебиет әлеміне жаңа енгендердің барлығының дерлік тырнақалды туындылары облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жарияланды. Сонымен қатар 1934 жылы Оралда «Біздің еңбек» атты альманах шығарылған. Қажым Жұмалиевтің жобалауынша, Абдолланың баспа жүзін көрген алғашқы өлеңі Қызыл әскердің 16 жылдығына арналып, «16-дан асқанда» деген тақырыппен осы жинақта жарық көрген.
Артынша Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға ауысқан жас ақынның таланты одан сайын ашыла түсті. Әдеби ортамен етене араласқан Абдолланың жалынды жырлары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» сынды еліміздің орталық басылымдарында жарияланып, соғысқа дейін-ақ ақын ретінде елге танылып үлгерді. ҚазПИ-ді бітіргеннен кейін Қызылордада ұстаздық қызмет атқарып, Алматыда қазақ мемлекеттік баспасында редакторлық етті.
Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожиндей қатар жүрген қаламдас достарының айғақтауынша, Абдолланың мінезі албырт, өзі арманшыл, романтик еді. Ағылшын ақыны Байронмен «ауырып», шығармаларын аударды. Өмір бойы басы шырғалаңнан арылмай, талай жердің дәмін татып, ақыры Грекия төңкерісіне қатысып, сол елдің батыры атанып өлген Байрон соңына мәңгі өшпес туындылар қалдырды. Көп сұлуға көз сала жүріп, кәріс қызы Александраға (Шура) үйленген Абдолла да ел басына күн туғанда, «Ту ғып ұстап көтеріп жүрегімді, Сапар алыс, жол жүріп кетіп барам!» деп қан майданға аттанып кете барды. Ақыннан ұрпақ қалмағанға ұқсайды, әкесі Жұмағали Күшкеев, анасы Әлима, қос інісі Ғайнолла мен Шайдолла жұрт қатарлы қоңыр тұрмыс кешіп жатты.
Абдоллаға тән қасиет алған бетінен қайтпауы, өмірге де, тіпті өлімге де даяр қайсарлығы болса керек. Оған майдан газетінде тілші болып, жұмыс жасап жүре беруіне болатын еді. Алайда ақын тағы бір замандасы, жазушы Дмитрий Снегинге сыр шерткенде айтып кеткеніндей, болашақта «терең мазмұнды шығарма жазу үшін» алдыңғы шепке асықты. Егер қанқұйлы соғыста Абдолла тірі қалғанда, қазақ әдебиеті қабырғалы өкілдерінің біріне айналары анық еді.
Мәскеу түбіндегі Волокалам тас жолын атақты Панфилов дивизиясы қорғағаны мәлім. Міне, осындай қысылтаяң сәтте негізгі күштің шегінуіне мұрша беруі үшін Иван Дунай, Әбіл Құндыбековпен бірге жауды тосып, жолда қалған қазақ ақыны арыстанша айқасты. Тіпті жанындағы жауынгердің «Енді жөнелейік» дегеніне көнбей, «Жазбаша бұйрық келмей, шегінуге хақым жоқ», деп, ауыл шетіндегі үйдің шатырына бекініп алып, қара құртша қаптаған басқыншыларға автоматынан оқ жаудырумен болды. Ақыры қас дұшпанға берілмей, сол үйде өртеніп кете барды. Қалың жауды құртқаны өз алдына, қаншама қаруластарының өмірін сақтап қалды десеңізші.
Қазақ ақынының батырлығы жайында командирі, гвардия капитаны В.Григорьев 2-гвардиялық атқыштар корпусының «Советтік гвардия» газетінің 1942 жылғы 6 желтоқсан күнгі нөмірінде «Қаһарман қаламгер» деген мақаласында таңдана, тебірене жазды. Қандыкөйлек серіктері Павел Кузнецов, Иван Нарцисов ақын өліміне жаны қинала, қалам тербеді. Өкініштісі, қаруластары мойындаған ерлік, аласапыран кезеңнің әсерінен бе, елеусіз қалды.
Абдолла туралы сөз еткенде, Оралдан бастап жастық шағын бірге өткізіп, үнемі үзеңгілес жүрген Қасым Аманжолов туралы айтпау мүмкін емес. Ғабдол Слановқа 1942 жылы 22 мамырда майданнан жазған хатында: «Абдолладан хат-хабар бар ма? Корей келін күйлі ме?» деп сұрайтын Қасым досының ерлігін естіген бойда қатты толқыды. Сөйтіп Қиыр Шығыста 1943 жылы «Ақын өлімі туралы аңызын» жазып, Абдолла атын асқақтатты, өлеңнен өлмес ескерткіш қойды.
Әрине, өмірден арманда кеткен ақын есімі мәңгі өшпек емес. 1945 жылы-ақ замандас-достарының қолдауымен тұңғыш жыр жинағы, 1962 жылы бір томдығы, 1985 жылы Әбу Сәрсенбаевтың құрастыруымен «Өлмес өмір дастаны» атты кітабы жарық көріп, туған жерінде мерейтойлары аталып өтіліп келеді.
Академик Қажым Жұмалиев: «…Абдолладай өз өлеңінің күшін сезінетін, оны соншама беріле оқитын бір де ақынды кездестіргенім жоқ. Бұл жағынан ол басқалардан анағұрлым оқшау тұратын еді. Ол шын мәнінде зор талантты, үлкен ақындыққа құлаш ұрып, көп үміт күткізіп еді. Бірақ ол бойындағы бар қабілет, дарынын сыртына шығара алмай, ерте кетті», деп бағалаған ақын атын ардақтай білген абзал.
Жұмағалиевтың ерлігіне арнап Қ.Аманжолов “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмасын жазды (1943). Жұмағалиевтың алғашқы өлеңі “Біздің еңбек” альманағында (Орал, 1934) жарық көрген. 1936 – 41 жылдары шығармалары республикалық баспасөзде үнемі жарияланып тұрды. Ол “Токиодағы дауыс”, “Шығыс қызы”, “Асан туралы аңыз” атты поэмаларында жастық шақ, адамгершілік, достық, бақыт, Отан тақырыбын көтеріңкі шабытпен жырлады. Шет ел әдебиетінен Байрон, Лермонтов, Низами, Тоқтағұл шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Кезінде Қадыр Мырза Әлі: «Ақын Абдолла Жұмағалиев Отан үшін майданда от болып жанып кетті. Оның алауы әлі сөнген жоқ, сөнбек те емес. Ол – мәңгілік алау»,-деген екен.
Ел басына күн туған шақта әр сарбаз қолына қару алып, майданға аттанды. Оның арасында қазақтың небір талантты, қарымды қаламгерлері де болды. Қасарысқан жауға қаймықпай қарсы шапқан есіл ерлердің бірі – әдебиет әлемінде қайталанбас қолтаңба қалдырған ақын Абдолла Жұмағалиев.
Абдолла Жұмағалиев есімі Кеңес кезеңінде әдеби ортаға ерте танылды. Өлеңдері еліміздегі бірқатар басылымдарға жарияланып, әдеби альманахтарда жарық көрді.
Соғыс басталғаннан-ақ, ақын қаламын қаруға айырбастап, майдан даласының алғы шебіне жөнелтілді. Алайда, 4 айдан кейін ақын шайқас кезінде көзсіз ерлікпен қаза тапты.
Қайсар ақын өмірден ерте өтсе де, әдеби мұралары өміршең…
Кейін ақынның әдеби мұралары “Таңдамалы өлеңдер”, (1945), “Өшпес жалын” (1962), “Өлмес өмір дастаны” (1985) атты жинақтарында жарияланды.
Абдолла:
«Өлсем ұмыт болмай ма дүние деген,
Мәңгі айрылысып қалмай ма о да мүлдем.
Жанжал, шумен алысқан қайран басым,
Бір қуыста қалмай ма үңгірлеген…»
— дейді. Бұл шумақ Абайдың«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..» деп келетін өлеңін еске тұсіреді. Және бір мысал:
«Қызыл шырай, қыз дүние қалар артта,
Мөрін басып ақырғы мәңгі шартқа.
Мен кетермін, келмеспін енді айналып,
Басымдағы сырымды жаздым хатқа…»
(«Келер ұрпаққа») шумағының соңғы екі тармағындағы түйін Абайдың:
«Өтті ластап демеңіз жүрген жолын,
Келді күн , келер ұрпақ заманаға!..»
— деген кемел ойына үндеседі
Өртеніп өлген ақын! Иә, соғыста жүріп, Волокалам тас жолының үстінде 27 жасында өртеніп кеткен әйгілі ақынның отты жырлары қалды. Абдолла ақынның досы Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында «От ұстаған Прометейім!» – деп жырлады.
Марқұмның жырлары ел жадында қалып, тасқа басылғанмен, ол жайлы дерек онша көп емес ау. Ақынның отбасы болды ма? Ұрпағы бар ма екен? Абдолла Жұмағалиев соғыс басталғанға дейін корей қызы Александрамен көңіл қосып, заңды некеде тұрған. Ақын соғыста жүріп өлген соң, жары басқа адамға тұрмысқа шығады.
Соғыс аяқталған соң, ақынның бауырлары жеңгесін іздеп барғанда ол мазаламауын сұраған екен. Содан байланыс үзілген. Ардақ Жұмағалиева, келіні: – Сол Александра әжеміз атамыз соғысқа кеткенде аяғы ауыр болып, жүкті болып қалған деп айтады. Өкінішке қарай, атамыз қайтқаннан кейін ол кісі тұрмысқа шығып кеткен екен. Тұрмысқа шығып, баланы сол тұрмысқа шыққан басқа кісінің атына жаздырып, өзінің туыстарын жақындатпаған. Сертшіл ақынды сұм соғыс жалмады. 27 жасында өртеніп өлген ақын Абдолла Жұмағалиев жайында қаһарман досы Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды. Сөйтіп Абдолланың есімі аңызға айналды. Ғайсағали Сейтақ, ақын: – Оның көрсеткен ерлігі ерен. Жаумен шайқаста жалғыз өзі кейін шегінбей неміс басқыншыларына қарсы шайқасып, үйдің ішінде отқа өртеніп өлген. Сол кездегі саясаттың әсері ме, ерлігі дұрыс бағаланған жоқ.
Ақын Ғайсағали Сейтақтың айтуынща Абдолла ақынға Орал қаласынан көше беру жұмыстары жүргізілген. Бірақ, ақынның медалі мен ордені болмағандықтан ономастикалық комиссиядан өтпей қалған. Десе де ақынның атында туған жері Жосалы ауылында мектеп бар. Ардақ Жұмағалиева, келіні: – Көзі көрген Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекқожин ата, Дихан Әбілов аталардың бар кезінде, Кәкімжанова апалар бар кезінде насихатталатын. Енді жазушылар одағында көп насихатталмайды, шынын айтқанда. Осы уақытқа дейін Павлодар өңірінде тұрып келдім. Көп білмейді екен. Яғни насихат жоқ деген сөз ғой.
Сағынтай Бисенғалиев, ақын: – Абдолла аудан емес, ауыл шеңберінде қалып қойды. Абдолланы қазір еске алып жатқан адам жоқ. Бұл атақты Қасым Аманжолов шығармасын арнаған ақын. Оралда, Орал өңірінде қызмет істеген. Анау Қызылниязов Батыр, Абдолла Жұмағалиев, Қасым Аманжолов дегендер алыптар тобының соңы, соғыс ақындары бұлар.
«Айқас» деп соқтым әзірге, Қалдырып жастық думанын. Жарылсаң жауға бомба боп, Жарадың, жүрек – туғаным!» -деп жырлаған Абдолла Жұмағалиев 1941 жылы Мәскеу түбінде фашистермен шайқаста қаза болған. Кейін өз бағасын алмай кеткен, атағы жоқ ақынды былайғы жұрт ұмыта бастағанмен, өлеңсүйер қауымның есінде мәңгіге сақталып қалды.