Биыл режиссер, драматург, театр және кино актері Қанабек Байсейітовтың туғанына 120 жыл.
Актер Ж. Шаниннің «Арқалық батыр» қойылымында өзінің алғашқы басты рөлін сомдады. Кейін 1927 жылы ол жұмысшы жастар театрын ұйымдастырып, сол жерде бас режиссер болды.
Қанабек Байсейітов — Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының негізін қалаушыларының бірі. 1934 жылы театр М.Әуезов пен И. Коцыктың «Айман — Шолпан»қойылымымен есігін айқара ашты. Ол жерде Қанабек Байсейітов Арыстанның рөлін сомдады. Сондай-ақ, осы сахнада ол Тарғынның, батыл жауынгер Төлегеннің және басқа кейіпкерлердің қайталанбас бейнесін қалыптастырды.
Кейінгі жылдары әртіс Евгений Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында басты рөлдерді сомдады. Оның шығармашылығының шыңы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Абайды сомдау болды. Басты рөлді тамаша орындағаны үшін Байсейітов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
Актерлік қызметінен бөлек, Қазақ КСР Халық әртісі пьесалар жазып, орыс драматургтерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Қанабек Байсейітов 1905 жылы Алматы облысы Қаратал ауданы Қалпе ауылында дүниеге келген. Әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақ музыка театрының (қазіргі Қазақ опера және балет театрының) негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық артисі (1936). Молдадан оқып, арабша хат таныған. Жастайынан ән салып, ауылында “әнші бала” атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды, ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген (1929). Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Жұмат Шаниннің “Арқалық батыр” спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатты.
Ол 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссоры болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар пьесалар (“Озбыр болыс”, “Зәуре”, “Тартыс”, “Келіншек”, т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды.
1934 жылы Қазақ музыка театрында (қазіргі Қазақ опера және балет театры) М. Әуезов пен И.В. Коцыктың “Айман — Шолпанында” Арыстанның тұлғасын сахналады.
1936, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне белсене қатысты. Б. Төлеген, Тарғын (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі” мен “Ер Тарғынында”), Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайында”), Арыстан хан (А. А. Зильбердің “Бекетінде”) сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының алғашқы режисерлерінің бірі ретінде “Абай” (Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, 1967), “Қыз Жібек”, “Қамар сұлу”, “Дударай”, “Даиси”, “Евгений Онегин”, “Князь Игорь” операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, Жағыпар болыс (“Аманкелдіде”, 1938), Жұрқа Жұрынбаев (“Қыз бен жігітте”, 1954), Итбай болыс (“Ботагөзде”, 1956), т.б. бейнелерді сомдады. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, “Беу, қыздар-ай”, “Ой, жігіттер-ай” комедияларының, “Достық жолымен” балетінің және “Айсұлу”, “Алтын таулар” атты опералардың либреттоларын (Қ. Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның “Құштар көңіл” кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі”, т.б. бірнеше ордендермен, медальдермен марапатталған.
Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында тарих сахнасына шыққан профессионалдық қазақ театрында көптеген жарық жұлдыздар бар. Солардың ішінде Қанабек Байсейітовтің де жанған жұлдызы алыстан көз тартады. Әуелде драма үйірмесінен бастап, отызыншы жылдардың басында музыкалық драма, сосын опера театры халқымыздың мақтанышына айналса, ол — Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты майталмандардың есімімен тікелей байланысты.
Әке-шешесі көпке дейін бала көрмей жүріп Ескелді, Балпық әулиелердің басына түнеп, боз қасқа сойған соң дүниеге Қанабек келген екен. Жалғыз бала ерке өссе де, молданың алдын көріп, харіп таныған. Әкесі оны орыс мектебіне де беріп оқытқан көрінеді. Қанекеңнің жас кезінде көрген әсері — ауылдағы жиын-той, әнші-күйшілердің өнер сайысы, балуандар күресі, ат жарысы. Оның, әсіресе, есінде сақтағаны — жеті-сегіз жасында бұл ауылға кұдалыққа келген ақын Сараны көзімен көріп, айтқан ән-өлеңдерін өз құлағымен естуі. Екінші бір ұмытпайтыны — Арқа жақтан Алматыға қарай өнер жолын қуып бара жатқан Манарбек Ержановпен кездесуі. Бұл кезде ер жетіп, қызметке араласып жүрген, өзі де ойын-сауықта ән салатын Қанабек ән дүлдүлі Әміренің тікелей шәкіртінен Арқа әндерін естігендегі әсерін кейін «Құштар көңіл» атты кітабында сүйсіне жазды.
Талдықорған волкомының бастығы, КирЦИК мүшесі Байсақов Қатқылбай деген кісінің көмегі арқасында ол сотталудан аман қалып, Алматыға аттанады. Педтехникумға оқуға түседі. Ол қаладағы әр түрлі оқу орнында оқып жүрген қабілеті бар жастардан үйірме құрып, концерттер ұйымдастыра бастайды, спектакльдер қоюды да қолға алады.
Сол тұста Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып, сол жақта құрылған тұңғыш Қазақ драма театры көшіп келген екен. Қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин Қанабектің талабын байқап, жұмысқа шақырады, Мәскеуге оқуға кеткен Құрманбек Жандарбеков орындап жүрген басты рөлдерді ойнауға тартады. «Еңлік-Кебектегі» Кебекті, «Арқалық батырдағы» Арқалықты ойнауы оны бірден жұртшылық көзіне түсірді. Ол бұдан кейін де сахна саңлақтары Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбековтармен бірге талай образдар жасады. Алайда, оның даңқын шығарған опера өнері еді. Консерваториялық жоғары білімі жоқ болса да Күләш, Құрманбек, Шара, Манарбек сияқты майталмандармен бірге бұрын-соңды қазақ естіп көрмеген опера өнерін тез арада игерулері — таңғаларлық жағдай. Тума таланттар деп соларды айт! Кешегі сал-серілердің әндері мен күйлері негізінде жазылған «Қыз Жібек» операсы талайлардың бағын ашқан. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде түгелдей ауыл жастарынан құралған сахна саңлақтары Мәскеудегі Үлкен театрда дүние жүзі операларымен таныс көрерменді қалай таңғалдырғаны жайында көп айтылып, көп жазылған. Сонда Төлеген рөлін Қанабек, Жібек рөлін жұбайы Күләш, Бекежанды Құрманбек ойнап, халқымыздың атақ-абыройын шырқау биікке көтерген еді. Онкүндік өткен соң да көңілдері көтеріңкі шеберлер жаңа опералар жасауға құлшына кіріскен. «Қыз Жібекті» жазған Брусиловский халық әндері мен күйлері негізінде «Ер Тарғынды» дайын қылды. Сондағы Тарғын рөлін ойнап, сахнаға тұңғыш шығарған Қалекең тағы бір творчестволық тұғырға көтерілген еді. Күләш Ақжүністің таңғажайып бейнесін жасады. Бұдан кейін «Жалбыр» операсы туған. Мұнда да басты рөлдерде — Қанабек, Күләш, Құрманбек. Ол кезде дауысы да еркін, жүріс-тұрысы да ширақ. Осы опералармен олар арнайы шақыру бойынша Ленинградқа да барып қайтты. Бұл кезде Мәскеу, Ленинград режиссерларымен жұмыс істесіп үйреніп қалған, өзі де орталық театрлардан талай спектакльдерді көріп-тыңдап ой түйген Қанекең режиссерлық деген қиын іске кірісіп кетуге бел буды. Әуелі ол «Қыз Жібекті» қайта қойды. Бұл табысты өткен соң грузин операсы «Даисиді» қолға алған екен. Бұл сәтті шыққан соң орыстың классикалық опералары — Чайковскийдің «Евгений Онегин», Бородиннің «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарған соң, Брусиловский мен Төлебаев бірігіп жазған «Амангелді» операсын қойған. Осының өзі-ақ жоғары режиссерлық білімі жоқ Қанабектің қаншалық тума талант екенін қалың жұртшылыққа танытқан екен. Жетпісінші жылдардың басында «Қыз Жібек» операсы мыңыншы рет қойылғанда Төлеген рөлінде қарт Қанабектің жас жігіттей жайнап шыға келгенін көрген жұрттың талайы таңдайын қаққан.
Отызыншы жылдардың аяғында түсірілген атақты «Аманкелді» фильміндегі болыс рөлін ойнаған Қанабек Байсейітов баршаның есінде. Беріде қойылған «Қыз бен жігіт» фильміндегі бастық, Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміндегі тұтқын батыр, Абдолла Қарсақбаевтың халықаралық сыйлықтарға ие болған «Эй, ковбой», «Жүйрік болсаң қуып жет» балалар үшін жасалған фильмдеріндегі қарт кісілердің бейнесі Қанабек Байсейітовтің актерлік шеберлігін басқа қырынан танытты. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық операмыздың, өнеріміздің негізін қалаушылардың бірі — Қанабек Байсейітов қай жағынан алсақ та тарихи тұлға!
Қанабек Баййсейітовтің жары Күләш Байсейітова.
Күләш Жасынқызы Байсейітова-Шығыс бұлбұлы атанған ұлы актриса. Жақсы — елге ортақ. Иісі қазаққа мақтан болған әнші-актрисаның туған жері, туған күні ел аузында, құжаттарында әртүрлі болып қалғандықтан жақсыға әркім талас дегендей, қазақтың даласында туса да, кіндік қаны тамған жері ашық бұрмалануда. Бұл да кезіндегі саясаттың әсерінен туған жағдай. 24 жасында қазақ деген халықтың даңқын Мәскеу сахнасында көтеріп, оның мәдениетін, дарынын танытқан әнші-актриса қайткенде астанада — Алматыда туып-өскен болуы керек болған. Оның ауылдан шыққанын ол кезде олқы санаған. Күләш Жасынқызының шыққан тегін ашып айтсақ, оның туған жері де даусыз болады. ХVIII ғасырдан Қараменде би бастап Солтүстік Балқаш өңірін мекен еткен Дадан Тобықтының Манас атасынан тараған Мандардан Қара туады. Қарадан — Айқожа, одан Мәмбет, Бейіс, Уәли. Бейістен: Жасын, Қасымбек, Разбек, Айтбек. Жасыннан: Тұрсын, Күләш, Райхан, Хамза (екінші әйелінен туған).
Күләш Жасынқызы Байсейітова 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі –
Гүлбаһрам, қыз кезінде тегі Бейісова болыпты. Бала кезде анасы Зибажан оны еркелетіп «Куля» дейді екен, осылайша ол Күләш атанып кеткен.
Әншінің қыз кезіндегі тегі Бейісова болған. Күләш 1933 жылы әнші, актер Қанабек Байсейітовпен бас қосып, шаңырақ көтергеннен кейін күйеуінің тегін алған.
Әкесі Жасын етікші болған кісі, жиын-тойларда қолына домбыра алып, ән салып, серілік құрған. Әкесінен естіген ән-жырларды жаттап алып, алдына жан салмай айтып жүрген Күләштің музыкалық дарыны жастайынан танылған.
Анасы Зибажан Айдарханқызы ажарлы, әнші, ұлттық қолөнер шебері болған кісі. Әлдебір себептермен анасы Зибажан Алматыда қыздарымен бөлек тұрған. Тұрмыс тауқыметін тартып, әбден тарыққан ана Күләшті интернатта оқытқан.
1925-1928 жылдары Алматы педагогикалық техникумында білім алады. Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ түрлі байқаулар мен концерттерге қатысып, әншілік өнерді тастамайды. 1929 жылы дарынды бойжеткен Қызылордадан Алматыға көшіп келген қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады. Музыкалық білімі болмаса да, Құдай берген талантымен тез мойындалады.
Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, көп кешікпей театрдың белді әртістерінің қатарынан көрінеді, Аз уақыт ішінде Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тихонованың, Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клавдияның, Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңліктің рөлдерін сомдап, сахналық тамаша қабілетімен көптің қошеметіне бөленеді.
Образдардың табиғатын тап басып танып, оны шынайы шеберлікпен жеткізе білуі, кейіпкер болмысын аша түсуі Күләштің сахна өнері үшін жаралған жан екенін әйгілей түсетін. 1934 жылы Қазақ музыка театрының шымылдығы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді асқан шеберлікпен сомдап, Айман бейнесін асқақтап жіберді.
Өнерсүйер қауым «Қазақтың бұлбұлы» деп өз атағын берді. Ал 1934 жылы ресми түрде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі деген бірінші құрметті атағын алды.
1936 жылы бір топ өнер қайраткері қазақ мәдениетінің онкүндігін өткізу үшін Мәскеуге аттанады. Олардың арасында күміс көмей, бұлбұл үнді әнші Күләш Байсейітова да бар еді. Қазақтың бұлбұлының өнерін Үлкен театрда Сталиннің өзі тамашалайды. Сталин «операны грузиндерден де жақсы айта алатын қазақтың қызы бар екен-ау» деп, оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалапты. Сөйтіп Байсейітоваға Палиашвилидің «Даиси» операсындағы Мароның рөлін ұсынған. Саханаға шығудан еш қорықпаған Күләш осы партияны орындаған кезде біраз әбіржіген екен. Дәл сол уақытта Күләштің абыройы әлемге асқақтап, 24 жастағы әнші КСРО Халық әртісі атағына ұсынылады. «Халық әртісі» атағы берілген жылдар ішінде оны иеленген ең жас әртіс осы Күләш болған.
Бұған қоса, 1947 жылы концерттік-орындаушылық қызметі үшін екінші дәрежелі Сталин жүлдесімен марапатталған. Ал араға бір жыл салып «Біржан-Сара» операсында басты партияны орындағаны үшін тағы да дәл осы марапатты иеленеді.
Менмендік, тәкаппарлық Күләштің табиғатына жат еді. Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев Күләш жайлы былай деген еді: «Өмірге ғашық адам еді Күләш. Сондай дарынды, анасының ішінде жатқанда қонған, дарыған ғой бұл дейтінбіз…».
Ашық, ақжарқын, адал жан болатын. Үнемі көңілді жүретін, кек сақтамайтын, өкпе-реніші де ұзаққа созылмайтын.
Белгілі композитор Ахмет Жұбанов Күләшті ең алғаш көргені жайлы былай дейді: «Қазақ драма театрының күндізгі репетициясынан кейін фойеде тұрған маған үстінде қара жібек көйлегі бар, бойы ортадан жоғары, шашы тілерсегінен түскен жас келіншек келіп амандасты. Жүріс-тұрысы, киім киісі, бет-пішіні адамды өзіне еріксіз қаратқандай» деп суреттейді.
Күләш Байсейітова үйде ана, түзде саясаткер, ал сахнада әнші болған біртуар тұлға. Әншінің қайраткерлік еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Депутаттық қызметін өмірінің соңына дейін жалғастырған. Сондай-ақ, 1940 жылы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің, ал 1951 жылы Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне енді.
«Депутат болған кезде, анама өңір-өңірден мұқтаж жандар келіп, мұңын шағатын. Бірі үй, енді бірі ақша сұрайды. Анам ешқайсының бетін қаққан емес, қолдан келген көмегін аянып қалмады»,- деген еді сұқбаттарының бірінде әншінің қызы Қарлығаш Байсейітова. Депутат болып жүрген уақытта Күләш Байсейітова қазақ мәдениетін көтеру, жаңа оқу орындарын ашу, соғыс мүгедектеріне жағдай жасау, жастарды оқыту, жас отбасыларға көмек көрсету сияқты мәселелерге ерекше назар аударған.
1947 жылы туған Раушан Байсейітова – балет әртісі, Қазақ КСР халық әртісі.
Күләш Байсейітованы жат жұртқа танытқан туындының тағы бірі – Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсындағы Мадам Баттерфлейдің партиясы. Қытайдың сол замандағы үкімет басшысы операны орындаған қазақ қызының өнеріне тәнті болып, оны Пекинге шақырады. Алайда Күләштің сахнада бірге жүрген әріптестерінің көре алмаушылығы мен қызғанышы әншінің барлық жоспарын бұзады. Дәм-тұздас болып жүрген достары, бас-аяғы алты адам арыз жазып, «ішеді, жүрісі бар» деп нақақтан-нақақ жала жапқан. Бұл кезде әншінің концерттік киімдеріне дейін тігіліп, Пекинде афишасына дейін ілінген еді. Осылайша тағдырдың ең ауыр соққысын достарынан көрген Күләш Қытайға гастрольдік сапармен бара алмай қалады. Десе де, Күләштің өнеріне тәнті болған Қытай халқы қазақтың бұлбұлына қыштан, фарфордан, керамикадан жасалған бес түрлі құмыра сыйлап жіберген екен.
Кезінде Күләш Байсейітованың өмірден ерте өтуіне осы домалақ арыз себеп болды деген де болжам айтылды.
Күләш Байсейітова 1957 жылдың 6 маусымында Мәскеуге барған сапарында небары 45 жасында дүниеден өтті.
Күләш Байсейітова үш қызды өмірге әкелді. Үлкені Құралай 1974 жылы 38 жасында қайтыс болды. Ортаншысы – Қарлығаш (1940). Ал кіші қыздары Қаршыға бес жасында балабақшада астан уланып көз жұмған.
Кенже қызының өлімі әншіге өте ауыр тиген. Осыдан кейін денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп кете беретін болған. Қайғыдан қара жамылған ана сіңлісі Райханның жаңа туған қызы Раушанды бауырына басқаннан кейін барып қана есін жияды.
Күләш Байсейітова – сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласын әнімен әуелетіп, сарбаздарды жігерлендірген, басын қатерге тігуге қаймықпаған қайсар да дарынды өнер иесі.
Актер Қанабек Байсейітовтің естелігінен:
Күләш (Байсейітова) екеуміз ширек ғасыр отастық. Ол өмірдің ішінде от та болды, су да болды, өрт те шығып кетіп жүрді, оның бәрін теріп айтып жатудың қажеттігі болмас. Әйткенмен Күләштің кешірімді, отбасы абыройын сақтай білген адам болғанын айта кеткенім артық болмас.
Мен өзімді періште едім деп айтпайтын адаммын. Жастықтың желігі әлі басылмаған, бас асаулығым бар кезде Күләшті бір қатты ренжіткенім бар. «Түнгі сарын» пьесасын қойған түн еді. Менің губземде істейтін инженер туысқаным болды. Спектакльден соң қонақ болып қайтыңдар деп, Күләш екеуімізді сол шақырды. Спектакльден кейін Күләштің ол үйге барғысы келмеді, шаршадым деп үйге кетті. Мен жалғыз бардым. Қонақтар өзім қатарлы екен, үш-төртеуін танимын, екі-үшеуі мені білетін болып шықты. «Жаспыз, мықтымыз, біз не істесек те жарасады» деп ойлап жүрген ақымақ кезіміз ғой, әлгілердің ішінде бір әдемі келіншек бар екен, қыза-қыза келіп соған жабысыппын. Арақты ішіп алған соң, «Кетпеймін, осы келіншектің қасына жатамын» деппін де, қисая кеткен бетімде ұйықтап қалыппын. Күләш мені ары күтіпті, бері күтіпті, келмеген соң қорқып ұйықтай алмапты. «Осы уақытқа дейін қонақта отырмас, үйге келе жатып жолда мастықпен бірдеңеге ұрынып қалды ма?» деп күдіктенеді. Ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, ақыры ұйықтай алмайтын болған соң, артымнан іздеп келеді. Түнде далаға бір кіріп, бір шығып жүріп есікті ешқайсымыз ілмеппіз, Күләш үйге кіріп қараса, әлгі келіншектің қасында мен киімшең ұйықтап жатыр екенмін. Мас кісінің жатысы қай оңған болушы еді, мені көріпті де, көңіліне күдік кіріпті. Мені оятпастан далаға қайта шығып бара жатқанында үй иесі біліп қалып тоқтатыпты. Екеуінің шаң-шұң дауысынан оянып кеттім. Күләш екенін де бірден таныдым.
Сол жолы өзім де қатты қиналдым. Күләшті де оңдырмай қинадым. Табысып кетсек те, сол қылығым Күләштің есінен біржола кетпей қойды. «Егер ана келіншек те ілтипат берсе, қайтпексің?» деп, кейін де бір жағы әзіл, бір жағы кінә етіп көпке дейін айтып жүрді. Өзім де ұмыта алмай өкінумен болдым. Жастық пен мастықтың өстіп мені өлердей өкіндіргені бар.
(Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
1979 жылдың 15 наурызында Қанабек Байсейітов қайтыс болғанда жазушы Ілияс Есенберлин «Қазақ әдебиеті» газетіне былайша естелік айтқан екен:
— Қанабек сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз, үлкен жүректі асыл азамат еді. Ол бойындағы барлық күш-жігерін ұлттық сахна өнерінің өсіп-өркендеуіне сарқа жұмсады. Дарынды опера әншісі, майталман режиссер Қанабек Байсейітов сахна өнерінің саңлағы еді. Бойындағы бар өнерін туған халқының қажетіне жомарттықпен жұмсаған үлкен талант, аяулы азамат Қанекеңнің бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады» десе, жазушы Қуандық Шаңғытбаев:
— Қайран Қана-ай! Жайдары күлкің, алақаныңның табы, әзіл-оспағың — бәрі көз алдымда. «Мен Күләшпен мына жерде таныстым» деп, жетектеп апарып, Мұқан Төлебаев пен Мәншүк Мәметова көшелерінің бұрышында тұрған үйдің кіре беріс бөлмесіне кіргізіп, жанарың жасқа толғаны әлі есімде.
«Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларын, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты операларын бірге жазғандағы шығармашылық еңбегімізді айтсайшы! Сол кездердегі асыл сөздерің мәңгі жүрегімде жазылып қалды. Сенің ұлттық мәдениетімізге қосқан өлшеусіз үлесіңді халық жақсы біледі. Абзал ақсақалдармен дәмдес, сырлас болған кездерімді өмір-бақи ұмытпаймын, аға! — деген екен.
Қазақ операсының сахналық қойылымдарында Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Чайковскийдің «Евгений Онегин», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Глинканың «Руслан мен Людмила», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Палиашвилидің «Даиси» операларында және тағы да басқа спектакльде Қанабек Байсейітовтің режиссерлік және актерлік дарыны жарқырай түсті. Осындай дарын иесінің еңбегі әділ бағаланып, өз кезінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Ұлттық өнеріміздің көрнекті қайраткері, қазақ сахнасының тарланы, Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер әрі әнші Қанабек Байсейітовтың еңбегі келер ұрпаққа үлгі-өнеге.
«Өнер — халықтікі. Алланың берген асыл қасиетін көп іздену мен еңбектенудің арқасында кәсіби деңгейге жеткізген Қанабек Байсейітов пен оның тұстастары табиғи дарынның жемісін көрген өнер майталмандары.
Биылғы жылы хас шебер Қанабек Байсейітовтың туғанына 120 жыл толғалы отыр.