Осыдан 135 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай Бекежанов дүниеге келді. Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. Бай — молдаларды шенеген (“Сараң байға”, “Мырзалық емес”), барымта әмеңгерлікті әшкерелеген. (“Жесір дауы”), жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақындар айтысында Н.Баймұратовпен, Қ.Байболовпен өнер сайысына түсті. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер (“Толқын”, “Нартай сазы”, “Өсиет терме”) шығарды. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов “Нартай” повесін жазды.
Ол әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Соғыс жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты.
Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды.
Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов артында өшпестей із, өнегелі іс қалдырған жан. “Тау алыстаған сайын биік көрінеді” демекші, жылдар жылжып өткен сайын оның бейнесі, тұлғасы кесектеліп, сомдала түсіп, абыройы асқақтап, өрісі өсіп келеді десек, артық айтқандық емес. Бұған нар тұлғалы Нартайға халқының көрсетіп келе жатқан құрметі мен ілтипаты мен ізгілікті көңілдері айғақ. Оның әрбір жырынан әділдіктің, адамгершілік асыл қасиеттердің иісі аңқып тұр.
Бала Нартайдың дана Нартайға дейінгі өмірі соқпақты да тоқпақты кезеңдерге толы болды. Қиын кезеңде дүниеге келіп, талай өтпелі дәуірде өмір сүрді. Азамат соғысы, біресе ақтар келіп, онан соң қызылдар келіп қырғын салған кез, жер иеленушілердің, келімсектердің шұбыруы, аштық, қуғын-сүргін, тағы да соғыс, тылдағы қиындықтар, канал қазу секілді ауыр жұмыстар көз алдында өтіп, ерте есейтті.
Ол 1890 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданына қарасты “Коммунизм” колхозы, Үлгілі ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келді. Кейбіріміз айтып жүргеніндей, Нартайдың арғы аталарында ақындық не басқадай өнер болмаған. Әкесінің өзі бала Нартай екі жасқа келгенде дүниеден озады. Анасы Бақтыгүлдің қолында тәрбиеленген Нартай жас кезінде Сырдың бай-манаптары Көшкінбай мен Толғанбайдың малдарын бағып, жалшылықта болады. Нартайдың анасы Бақтыгүл ақындығымен, әншілігімен өз ортасына белгілі жан еді. Талабы таудай, зерек бала Нартай ана бойындағы асыл өнерді қағып алып, бойына сіңіріп отырған. Анасымен қатар, тапқырлығымен, ақындығымен танымал туған ағасы Мәнсүр Нартайдың бойында бұлқынып тұрған ағынды аңғарып, оның өнер жолына түсуіне көп ықпал жасаған. Нартайдың алаңсыз өнерге бет бұруына Арқаға атағы кеңінен жайылған Үкілі Ыбырайдың жиені Тайжан Қалмағанбетов үлкен себепкер болады. Тайжан ақыннан сол кезде бала Нартай он екі жас кіші екен. Бір жылдан астам уақыт бірге еріп жүріп, бауыр басып қалған Нартай оның өлеңдерін жаттап, әндерін ерінбей үйренеді, зердесіне түйеді, қыр-сырына қанығып, орындай бастайды. Нартай Тайжан ақынды ардақты аға тұтып, құрметтейді. Сөйтіп, Нартай он жеті жасқа келгенде айтулы ақын ұстазының батасын алып, өз жүрек қалауымен ел аралап, той-думан, жиындарға қатысып, халық алдына шығып, әсем үн қалықтатып, жыр жырлайды. Мұнан соң өзінің өнердегі шамасын таразылаған Нартай өнер жолына алаңсыз, шын ниетімен енеді, өлең өлкесін еркін аралайды.
Анасы Бақтыгүл, ағасы Мәнсүр, ақын Тайжан мектептерінен өткен соң, Нартайдың да есімі елге кеңінен танымал бола бастайды. Мұнысын бір жырында:
Қоймады бұл ақындық қашқанменен,
Он жеті айналдырып жастан бермен.
Тоқталып қайнар бұлақ, қарап жатпас,
Үстіне тау көтеріп басқанменен, – деп бейнелепті ақын думанды өмірінің бастамасын.
Нартайдың өзі айтқандай, сылдырап аққан өнер бұлағының көзі, арнасы ашылып, тасқынды селге айналды. Иығында сырнайы, қолтығында домбырасы бар Нартай жүрген жерінің бәрінде халықты сән-салтанатқа, ән мен жырға, думанға бөлеп, өнерге шөліркегендерді сусындатып, айызын қандырды. Алғашқыда Нартай ақын қазан төңкерісінен бұрынғы халық өмірін жырлай отырып, жарқын келешекке үміт артып, қол созған, жанын құрбан еткен ел ардақтыларын, аяулыларын тебірене жырларына қосқан.
Өзі де жалшылықтың дәмін татқан ақын 1916 жылы шығарған “Бір қойшыға” деген алғашқы өлеңдерінің бірінде кісі есігінде күн кешкен жалшылардың адам айтқысыз ауыр тұрмысын, мұң-шерін кекті ызамен айта келіп, өлеңінің аяғын былайша түйіндейді: Қарыса бер қажымай, Сенің де туар заманың. Тартарсың сонда мырзаңа, Өзінің тартқан табағын, – деп оптимистік ой тастай келіп, жігерлендіріп, қайратқа мінуге үндейді. Бір жағынан, халыққа деген терең сүйіспеншілік танытады, екіншіден, еңбекші елді қанаушыларға наразылық білдіреді. Қараңғылық қапаста ұстап, кедей-кепшіктің еңсесін басқан байшыкештерді сын тезіне алу – Нартайдың қазан көтерілісіне дейінгі шығармашылығының негізгі өзегі болды. Бұл сол кезеңдегі өмір сүрген қазақтың прогресшіл, демократ ақын-жазушыларына, зиялы қауымға тән қасиет еді. – Бір күні, – дейді Нартай ақын, – ауылымыздың болысы менің өнерімді көре алмады ма, қайдам, әлде қызғаныш бойын биледі ме, сен қу кедейдің өлеңнен басқа дымың жоқ. Сонда да жұрт сенің айналаңа үйіріле түседі. Соның мәнісін айтшы, – деді. Сонда Нартай іркілместен: – Жақсы көрсе жұрт мені, Сайрап салған әнім ғой. Әнімнің жайы қашаннан, Ағайынға мәлім ғой. Ән деген әлсіз жүрекке, Қуат алар әнім ғой. Жек көрсеткен сені елге, Жыланша шаққан зәрің ғой, – деп шұбырта жөнелгенде бай жанын қоярға жер таппай қатты састы, – дейді ақын жайлы бір естелікте. Мұнан ұққанымыз, болыс жұртқа жыланша зәрін шашса, ал ақын үні, жыры халық жүрегіне шипа болғандығын өрнекті де ойлы, өткір жырларымен дәлелдей түседі.
Нартай ақынның айтыстарын өнертанушылар, танымал ғалымдар қазіргі жинақталған қолда бар дүниелерге қарай бөліп жүр. Мәселен, түре айтыстары қатарына “Нартай мен Апузаның айтысы”, “Нартай мен Зеренің айтысы”, “Нартай мен Айымкүлдің сөз қағысы”, “Нартай мен Айдардың айтысы”, “Нартай мен Жібектің айтысы”, “Нартай мен Ардақтың айтысы”, “Колхозшылар айтысы”, ал сүре айтыстары санатында “Нартай мен Нұрлыбектің айтысы”, “Нартай мен Қазанғаптың айтысы”, “Нартай мен Кененнің айтысы” бар. Қайсыбір айтысын алып қарасақ та Нартай ұтымды айтқан өткір сөздерімен қарсыласын тоқтатып отырған, бейнелі сөз құдіретін шеберлігімен қолданып келген. Нартай ақынның қаламынан “Кедей-Талап”, “Наушаруан”, “Мәнсүр-Дәме дастаны” секілді дастандар туғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұларда кедейдің жомарттығы, шәкірт пен ұстаз сыйластығы, әйелдердің артықшылықтары өлең жолдарымен өрбиді. Нартай талай сындардан өтіп, шыңдалып, өзі де танымастай өзгерген, өз бойына орасан зор өмірлік күш-жігерді, мәдениетті, білімді, шешендікті сіңіріп, оларды қолдану шеберлігін дарытқан дарын иесі. Қазақта ақындық пен әншілікті қатар алып жүрген Ақан сері, Біржан Сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Майра, Мәди, Әміре сияқты әмбебап майталмандар болғанымен, Нартай заманында олардың қатары сирек кездесетін. Сондай жан-жақты, сегіз қырлы жандардың көш басында Нартай тұрды. Нартай ел арасына ең алғаш әншілігімен танылған. Кейін жақсы жыр, айшықты сөз орамына терең мағына, күшті екпін беру үшін өзінің асқақ әндерін арқау етеді. Демек, оның композиторлық өнерінің де шоқтығы биік.
Нартай Бекежанов айтыс өнерімен де даңқын шығарған. Ұмытылып бара жатқан 1939 жылдың өзінде Нартайдың Нұрлыбек Баймұратовпен сайысын бүкіл қазақ газеттері қуана жазып, суреттерін жариялаған болатын. Мен мектеп оқушысы едім. Әлі күнге дейін есімде. Бұл – 1944 жылы өткен Республикалық ақындар айтысы Кеңес заманынан бастау алған кез. Қызу айтыс үстінде де ақындар бірінің бетін бірі жыртпаған. Қандай өткір сайыстарда да бірін-бірі қолдап, қолпаштай білген.
Сұрапыл Отан соғыс жылдарында Нартай ақын топ құрып, ел аралап, сырнаймен концерт беріп, елдің рухын көтеріп, қайраткерлік көрсетті. Үлкен жиындарда оның топ жарып, бастау айтатын қасиеті де болды. Мәселен, Жамбыл өтініші бойынша Мәдениет, Өнер қызметкерлерінің Бірінші съезін арнаумен ашқан Нартай ақын болатын. Мәскеуде 1936 жылы өткен Қазақстан Мәдениеті мен Өнерінің онкүндігін дүрілдетіп өткізуіне де ол үн қосты.
Нартай өз халқын түрлі жағдайларда рухтандыра білген суырыпсалма ақын әрі керемет орындаушылық қабілеті арқылы ел санасында сақталатын керемет тұлға.
Нартайдың әншілік-композиторлық өнеріне, оның қазақ көркемөнеріне өзіндік бет-бейнесімен, қолтаңбасымен енгеніне, сіңірген еңбегіне ешкім де шек келтіре алмайды. Оның мақамы, әні, өнері – қайталанбайтын құндылық. Композитордың “Нартай әні”, “Өздерің білер Нартаймын”, “Алтын көкем”, “Толқын”, “Серпін”, “Базарым өтіп бара ма?”, “Бейбітшілік”, “Аққайық жалған”, “Жеңіс жыры”, “Жаса, Қазақстаным!” сияқты толып жатқан сырлы да сиқырлы, жүрек тебірентерлік, құлаққа жағымды әндері бар. Өкініштісі осы әндердің бірде-бірі ақынның өз аузынан, өз үнімен не күйтабаққа, не үнтаспаға жазылып алынбаған. Солай бола тұрса да, Нартай әуендері қалың қазақ арасына кеңінен тарап кеткен.
1934 жылы маусым айында Алматы қаласында халық өнерпаздарының бірінші слеті өтті. Оған Нартай да шақырылады. Үлкен концертте «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындап береді. Екі жылдан соң Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі болып, оған Жамбыл бастаған ақындармен қатар Нартай да қатысты. Мәскеуден көңілді оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Ақыр соңында ол облыстық филорманияға айналды.
1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркем-өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театр да ән шырқап, жыр толғайды. «Қызыл Москва» деген толғауы осы тұста шығарылды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен өнер сайысына түседі. 1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады.
Нартай шығармашылығының белгілі деңгейге көтерілген жанры – нақыл сөз бен шешендік терме саздары. Олардың қатарына “Өмір өрнегі”, “Қызыл тілде буын жоқ”, “Әнім ғой”, “Құлақ сал, ел-халайық, үлкен-кіші!”, “Нақыл сөз”, “Нартай әні”, “Мен келемін!”, “Бала-бал”, тағы басқа туындыларын айтуға болады. Нартай Бекежанов өзінің жан-жақты ақындық, әншілік әрі орындаушылық өнерімен халықтан лайықты бағасын алады. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Нартайдың ұлан-ғайыр еңбегі халық өмірімен біте қайнасып жатуы оның шабытының тасқындай түсуіне ықпал жасады. Шалқыған шабыт, төгілген тер еленбей қалған жоқ. 1939 жылы оған “Көркемөнерге еңбегі сіңген қайраткер” құрметті атағы беріліп, Сол жылы КСРО Жазушылары одағының мүшелігіне қабылданды. Ал республиканың 25 жылдығының торқалы тойында “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Нартай ақын 1954 жылы 64 жасында өмірден өтті. Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген жарқын тұлғаның өмірі – халыққа қызмет етудің үлгісі еді.
Нартай әндерін нақышына келтіріп орындап келген, кеңінен насихаттаған марқұм Әбілаш Әбуов, Мұхамеджан Рүстемов, Арзулла Молжігітовтер болса, кейінгі буындардан әнші, ақын Құрманбек Бекпейісов, жыршы-термеші Інжу Таспанбетова, Інжу Төленова, Ақмарал Ноғайбаева және Шиеліде өткен “Ән еркесі – Нартай” республикалық байқауынан соң Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қызылорда қалаларынан әншілер қатары көбейіп келеді. Мәскеуде болып, концертке қатысқан Нарекең Шашубай, Кенен, Нұрлыбек сынды сөз зергерлерімен 1949 жылы Мәскеуге екінші рет аттанып, қазақ әдебиетінің онкүндігіне қатысып қана қоймай, онкүндікті ашу мүмкіндігіне ие болады, өнерін көрсетеді. Мәскеуде Нартайға сол кездегі Одақтың бас басылымы “Правда” газеті былай баға береді: “Бекежанов Нартайдың ән шырқауы сирек кездесетін сүйкімді сазымен, нәзік әртістік ойнақылығымен ерекше көзге түседі. Оның дауыс ырғағының өзі құлаққа қонымды, әуені әсерлі де мөлдір. Бекежановтың салған әнін отырғандар ұйып тыңдады. Оның асқақ үні мен ән ырғағы мазмұнын тыңдаушыға толық жеткізе біледі деуге болады, біз тек үздік өнер иесіне тән құбылысты аңғардық, жұртшылық не айтпақ болғанын бәрі де қапысыз түсініп отырды” дейді. /“Правда” газеті, 1949 жыл, тамыз 28-і/.
Мұнан соң 1950 жылы Нартайдың “Домбыра сазы” деген өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ал 1932 жылы “Өсиет” атты өлеңдер, айтыстар, дастандар жинағына алғысөз жазған ақын Әбділда Тәжібаев “Жақсылар шарапаты бүкіл қауымға жететін, барлығымызды жарылқайтын, жарататын сарқылмас қазына екен ғой” деп тебіренеді. Жуырда біздің қолымызға Нартай Бекежановтың өмір жолы туралы деректер, шығармалары басылған 42 газет саны тиді. Оның ішінде “Правда”, “Социалистік Қазақстан”, “Ленин жолы” газеттерінің әр кездердегі сандарында Нартай және оның шығарамалары туралы жазылған тың деректер, құнды материалдар, суреттер көптеп кездеседі. Міне, дарын иесінің осындай өнегелі өмір жолы бүгінде көптеген өнер иелерінің шығармаларына арқау болуда. Композитор Тасбергеновтің “Сыр саздары” атты поэмасының негізгі желісі Нартай әндерінің әсем мотивіне құрылса, жерлесіміз Мұхамеджан Рүстемов 1983 жылы “Жалын” баспасынан “Нартай” атты деректі повесін жарыққа шығарды. Сондай-ақ жазушы Оразбек Бодықов “Бұлбұл” атты ғұмырнамалық повесть жазып, онда ақын өмірін жан-жақты көрсетіп, өз деңгейінде оқырманына жеткізе білсе, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов кезінде Нартай шығармаларынан кандидаттық диссертация қорғаса, бүгінде ақын мұрасын терең зерттеп, кесек-кесек дүниелерді өмірге әкелуде. Академик-жазушы Әбділда Тәжібаев “Батыр мен ақын” драмалық шығармасында Нартай мен Ыбырайдың достығын дәріптеп, драматург Оразбек Бодықовтың “Нартай” атты драмасында ақынның өнер өркенін жаюы жолындағы табанды күресі, жастық шағы жан-жақты, толыққанды түрде бейнеленеді. Сондай-ақ жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың “Топжарған” романы мен Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген әртісі Шайтұрсын Әбдібаевтың құрастыруымен “Ән еркесі” атты естелік кітаптар жарыққа шықса, жергілікті ақын Айдар Достияровтың “Нарекең нағыз нар екен” кітабы дүниеге келді. Ал журналист Қуаныш Маханбетов Нартай шығармаларын жинақтап, “Өздерің білер Нартаймын” кітабын оқырманға ұсынды. Бұл тізімді жалғастыра берсек, танымал ақын-жазушыларымыз Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев, Қуаныш Баймағанбетов, Төлеген Шопашев, Сейтқасым Сейтенов, Жақсылық Сәтібеков, Мұхтар Құрманәлі, Манап Көкенов және т.б. Нартайды өз шығармаларына арқау етті. Алматы мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы жарты сағаттық деректі кино түсірді. Нартай әндерінің жинағынан тұратын күйтабақ Мәскеуден Нартайдың 100 жылдығына орай шығарылды. Онда Шәмшат Төленова, Балқашбай Жүсіпов, Әбілаш Әбуов, Мұхамеджан Рүстемовтердің орындауындағы Нартай саздары бар. Соңғы технология жетістіктері болып саналатын дискіге Нартай әндерін орындап жүрген Құрманбек Бекпейісов 14 әнді ендіріп, халыққа таратып жүр. Өздеріңізге мәлім, Нартай Бекежановты мәңгіге есте қалдыру мақсатында облыс орталығында Нартай Бекежанов атындағы драма театры ашылған. Ақынның туған ауылына есімі берілсе, Қызылордада, Шиеліде бір-бір көше, облыстағы барлық аудандарында көше аттары беріліп, ардақталды. Шиеліде ақын атындағы мектеп, оның алдында бюсті, Н.Бекежанов атындағы ауылда оның шығыс үлгісімен салынған мұражайы, алдында ақынның тұлғасы бейнеленген ескерткіші бар. Қызылорда қаласында бұрынғы Нарекең тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта ілінсе, жуырда Алматыдағы әсем көшелердің біріне Нартай есімі берілді. Бүгінде Нарекеңнің жолын жалғастырған ұл-қыздар аз емес. “Нартай мектебі”, “Нартай сазы” ансамбльдері жұмыс істейді. Демек, әнші – Нартай, сазгер – Нартай, әртіс – Нартай, режиссер – Нартай, үгітші-насихатшы – Нартай, мәдениет майталманы, сал, сері Нартай есімі қашанда ұрпақтарының жүрегінде, оған деген халықтың ыстық ілтипаты бір мысқал да суымайды.
Белгілі халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, баршаға танымал болды.
артай – Жамбыл сияқты ақын-жыраулардың соңғы өкілі еді. Өзінің бір бойында табиғат берген бірнеше қымбат қасиет болды. Соның бірі – оның суырыпсалма ақындығы. Екіншісі – композиторлығы. Үшіншісі – сырнаймен өзі сүйемелдеп айтатын орындаушылық қасиеті. Төртінші, оның осы өнерлерімен қалың ортадан озып шыққаны. Нартай әндері басқалардан ерекше, елді тартатын, тыңдаушысына ғанибетті әсер беретін: Жамбыл атамыз айтқандай:
О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай.
«Ақын Нартай, жез таңдай» еді. Нартай өлеңдері түрлі жағдайларға байланысты, не өзі жайлы айтылса да ешкімді жайбарақат қалдырмайтын. Оны жастар да, ұлғайғандар да тыңдауға ынтық болатын. Ақын Нартайды мен бала кезімде көріп, тыңдаған болатынмын. Ол орта бойлы, сәл толықтау, кең жазық маңдайлы, екі көзі нұр шашып тұрғандай, қызылшырайлы адам еді. Бет әлпетіне әдемі қара мұрты сән беріп тұратын. Мен Нартайды сол сырт бейнесі арқылы-ақ өз заманының сұлуы болған дер едім. Өйткені, ол шығармашылық адамы. Әрі жәй ақын емес, әнімен халыққа рух беретін, елді бірлікке, еңбекке жұмылдыра білетін қайраткерлік иесі еді. Тіпті, оның әндерін домбырамен орындайтын қыз-жігіттердің өзін жұртшылық күні бүгін құрмет тұтады.
Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев ол туралы кезінде былай деген еді: Нартай жасынан Сыр бойының атақты ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жатқа айтып жүреді. Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Нартай елде жүргенде Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан келеді. Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, даусын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. Нартай 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігіне де қатысты. Бұл мәртебелі жиынды ашқан да Нартай еді. Нартай Бекежановтың өнері көзі тірісінде-ақ әділ бағасын алды.
Шығармаларының жинағы екі дүркін жеке кітап болып басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Өсиет» деген атпен өлеңдер, дастандар, айтыстар енген жинағы жарық көрді.
«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы (1939) берілген.
Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылды. Театр шымылдығы Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшірілді. 1970 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді. Театрдың іргесін қалаған актерлер Т.Айнақұлов, Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, О.Әбдімомынов, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов, Қ.Көпбаева, А.Манасбаев, Ш.Мәрденовтар мен тұңғыш режисері Ж.Әбілтаев болды. Театр ұжымы М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің “Абай”, Әуезовтің “Қаракөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, “Жат елде”, Т.Ахтановтың “Махаббат мұңы”, “Әке мен бала”, С.Жүнісовтің “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам,”, О.Бодықовтың “Нартай”, Қ.Мұқашевтың “Парторг” пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспирдің “Король Лир”, Ф.Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат”, Қ.Гольдонидің “Екі мырзаға бір қызметкер”, Н.В. Гогольдің “Үйлену”, Ш.Айтматовтың “Ана — Жер-Ана”, М.Кәрімнің “Айгүл елінде”, т.б. спектакльдерді сахналады. 1966 жылы театр режиссеры М.Байсеркеұлының жетекшілігімен В.В. Вишневскийдің “Оптимистік трагедиясын” (Қазақстан жастар одағы сыйл., 1967) қойды. Театр венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты болды.
Нартай Бекежанов мұражайы, Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер мұражайы – ақынның әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Н.Бекежановтың 100 жылдық мерейтойына орай (1990, тамыз) Ы.Жақаев атындындағы күріш өсіру тарихы музейінің бөлімшесі ретінде ауылдық мәдениет үйінде ашылды. Кейін екі қабатты, төбесі шығыс үлгісінде күмбезделген жаңа мұражай пайдалануға берілді (25.10.1994). Мұражайда барлығы 13483-тен астам экспонат бар, оның 8397-сі негізгі қорда, 5086-сы көмекші қорда сақталды. Мұражай 8 залдан тұрады. Залдарда негізінен ақынның көзі тірі кезінде тұтынған заттары (сырнайы, керуеті, ер-тұрманы, қамшысы, зергерлік бұйымдары, ұлттық киімі, т.б.), үй жабдықтары, құжаттары, баласы Мансұр ақынның қолжазбалары, Нартай бригадасы белді мүшелерінің (М.Әділов, Т.Баяханова, А.Тұяқбаев, Ф.Төлегенова, т.б.) жеке заттары, шәкірттері мен ізбасарлары туралы мәліметтер, Нартай ауылынан шыққан еңбек ардагерлері (Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева, М.Қалдыбаев, Н.Көкиев, Б.Оразов) туралы мағлұматтар жинақталған.
Қазіргі таңда, ақын, әнші Нартай Бекежановтың сырнайы мен шапаны Қызылорда облыстық өлкетану музейіне тапсырылған. Себебі, өнерді бағалай білетін халық оның қадірін жақсы түсінеді.
Нартай әндері халық арасында кеңінен тараған. Терең мағыналы айшықты сөз орамын әуезді әнмен, ырғақты сазбен өрнектей білген жанның әрбір туындысы құнды, қолданған әрбір заты бағалы. Шапанды нар тұлғалы Нартай жиын-тойларға киген. Домбырасының сыртқы бетінде тегі жазылған, меншікті аспабы. Қасындағы домбыра- адуын ақынның ұстазы Дүр Оңғардың ұстаған музыкалық аспабы.
Музей-құнды жәдігерлерді жинақтаушы орын, сақтаушы қор. Мұндағы әрбір экспонат өзінше маңызды, мәнді. Ал, олар тарих қойнауына енген сайын, қадірі артып, құндылығы арта түседі.