Қайрат Әукенұлы Байбосынов — әнші, қазақ дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттаушы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері, профессор. Әдетте тұлға деген сөз – әркімге тели беруге келмейтін, талабы зор, айқындай түсер анықтамаға айрықша зәру, ірі атау.
Сөз қадірін білетін қазақ әнді орындау, айту дегеннен гөрі әнге салу етістігін пайдалануға бейім. Кәдімгі кірпіші, лайы, ағашы, терезесі, есігі мен едені секілді әрқилы заттарды түзіп, реттеп, жонып, септеп, құрап басқа пана болатын үй салғандай, ән де салынады. Мұң мен сағыныш, іңкәрлік пен аңсау, шалқу мен сүйіну, күйініш пен зар, екілену мен егілу бәрін-бәрін өнерпаз сезініп, сезінгенін артық алмай, я кем салмай түзіп, реттеп, жонып, септеп әнді салады. Салынған ән – жанға сая, рухқа пана болуы шарт. Жүректер бәһәр тапса, салған ән сол көңілге көлеңке болмақ.
Сол ән салуда құдайдың ғана беретін дауыс қуатына дүниені түйсінетін түйсік пен талғам, ішкі өлшем мен өрісті өре қосылмаса, оны шыңдайтын жойқын еңбекке өлермен құштарлық қозғау болмаса, осы айтқандардың біреуі олқы қалса, тұлғалық деңгейге жету құр қиял ғана болып қала бермек. Бұл талапқа төтеп берер өнерпаз өте аз болады. Бізде бар. Ол – Қайрат Байбосынов!
Қайрат Әукенұлы Байбосынов 1950 жылы 1 маусымда Қарағанды облысы (бұрынға Жезқазған облысы) Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген.
Бала жастан күй өнері мен ән өнеріне сусындап, Тоқаның,Сүгірдің, Тәттімбеттің, Мұхамеджанның күйлерін тыңдап өскен. Қайраттың әкесі Әукен қобызда, домбырада жақсы ойнап, той-томалақтарда ән де салатын болған. Әкенің өнері бала Қайратқа әсер етті.
Алматы эстрада-цирк студиясын бітірген. Әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері (1980).
«Әкеміз дүниеден ерте өтті. Тіпті әкемнің түрі де еміс-еміс есімде қалған. Анам бізге бір өзі қорған болды. Әкемнің «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болғаны рас. Ол кісінің бейнесі мәңгі жүрегімізде қалады. Менің айтарым, көзі тірісінде әкені ардақтау керек. Хан тағына лайықты, асқар тау ғой әке деген. Осы «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген мақал бар ғой. Сол өте дөрекі, ойсыз айтыла салған сөз, қате пікір деп ойлаймын. Әкенің жақсылығы өте үлкен»-дейді әнші.
1969-1988 жылдары — «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы эстрада-цирк студиясының оқытушысы. 1969-1988 жылдары – «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болған.
2009 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясынан Астана қаласындағы Музыка Академиясына дәріс беруге ауысты. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры. Қайрат Байбосынов –әнші (баритон), профессор, 1990-шы жылы Қазақстанның халық артисі атанып, 2000 –шы жылдан бері Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Шығармашылық жолы «Гүлдер» жастар ансамблінен басталған. Жас әншінің мақпалдай жұмсақ, жайлы баритон даусын Қали Байжанов аса жоғары бағалаған.
Оның ұстазы атақты әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚазССР-нің халық әртісі Жүсіпбек Елебеков.
«Мен Жүсіпбек Елебековтың шәкіртімін. Мен әрқашан өзімнің ұстазым Жүсіпбек Елебековтің тағылымын ұстанамын. Өйткені ұстаз берген тәлім-тәрбие, белгілі қағидалар маған артылған аманаттай көрінеді. Яғни менің бар мақсатым — сан ғасырлық сырға толы тағылымды тарихы бар халқымыздың дәстүрлі ән өнерін еш өзгеріссіз, табиғи қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйренген дүниелерімді бұзбай-жармай шәкірттеріме үйрету. Әннің бағын ашатын әнші дер болсақ, сол өте кірпияз, таза өнер жолында талғамы биік, талапшыл ұстаздың да еңбегі зор. Кез келген әншінің қаншалықты дарынды, қабілетті болғанымен, тума талант болғанымен, ұстаз алдынан өтпейтіні жоқ. Ұстазым Жүсіпбек Елебековтен алған дәріс, тәлім-тәрбие бүгінде өз жолымен-жөнімен шәкірт тәрбиелеу жолында пайдаға асып жатыр. «Ұяда не көрсең…» дегендей, ұлы ұстаздарымыздың еңбегі жалғасып жатыр, жүзеге асып жатыр. «.-дейді бір сұхбатында.
Алаштың дәстүрлі әні – ұлттың тарихымен тамырлас. Бұл – қазақтың қоржынында сүр еттей сақталған қымбат қазына. Киелі домбыраның қос ішегімен үндескен дәстүрлі әнді тыңдаған сайын жүрегің жібімей, көңілің көкке өрлемей тұра алмайсың. Ғасырдан-ғасырға ұласқан сарын осы күнге аман жетсе, оның себебі – халық өнерінің өміршеңдігі.
Қазақ қай дәуірде де әсем әнін шырқап, күмбірлі күйін шерткен. Ата жұртынан ауа көшіп бара жатса да «Елім-айлап», «Ағажай-Алтайлап» даланы сазбен идірген. Дүние есігін жылап ашқан баланы әнмен қарсы алып, өмірден озған жақынын әнмен шығарып салған.
Қазақ өнері мен мәдениеті, оның ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан дәстүрлі әндері тарихында осы бір есім ерекше аталатыны ақиқат. Тереңге сүңгімей-ақ, бертіндегі Әмірелер салған сара жол, қазақтың болмыс-бітімі мен салт-дәстүріне сай әуені мен сөзі үйлесім табатын бай мұрасы – дәстүрлі әндер қашанда сөз етуге, таңды таңға ұрып әңгімелеуге тұрарлық.
XІX ғасырда дамудың шыңына беттеген Арқадағы әншілік өнер қарашекпеннен шегініп, Көкшеден күнгейге таман пана іздегендей XX ғасырдың ортасына таман Қорғалжындағы Қосымжандарға (Бабақов), Баянауылдағы Қалиларға (Байжанов), Қарқаралыдағы Жүсіпбектерге (Елебеков), Ақтоғайдағы Манарбектерге (Ержанов) таман ойысқандай еді. Ығысқан әннің бағы Шыңғыстың бауырындағы Жәнібекті (Кәрменов) тапты. Өткен ғасырдың қақ ортасында Орталық Қазақстанның Жаңаарқасында қобызшы Әукен ақсақалдың шаңырағында туған тұңғыш ұл Қайратқа қонды.
Қайрат қалыптасқан тұс – кеңес империясының кемелденген социализмге беттеген шағы. Ленинсіз көшесі, Ленинсіз мектебі, Ленинсіз мекені жоқ бөтенді ұлықтаған менмен кезең. Тұңғыш тұғыры – Ленин атындағы мектептің жұпыны ғана сахнасы. Алайда, салған әні Жарылғапберлінің “Ардағы”. Бала түгілі бағланға бой бермейтін Біржанның “Адасқағын” салды. Дауысы шырқырап Арқаның аспанын тіліп ащы шыққан. Тұлпардан хабар берген тайдың аяқ алысы талайды тамсандырып, ән танығанның үмітін маздатты. Әнқұмар ауыл алақанына салып “Бала Біржан” атап, қошеметке кенелді де қалды. Дабылдап атақ-даңқын облысқа жайды. Одан дабысы Жүсекеңе (Ж.Елебеков) жетті. Кезінде Ілияс Омаровтай абзалдың пәрменімен “Қазақконцерт” бірлестігі жанынан ашылған эстрада студиясы шын мәнінде қазақ әнінің құтқарушысы сынды өнер ошағы еді. Ғарекең (Ғарифолла Құманғалиев), Жүсекең сынды саңлақтар ән үйретіп, сабақ берген сол студия мектеп бітірген Қайратты құшақ жая қарсы алды. Жүсекең сынды ғаламат өнерпаздың жетекшілігімен кәсіби өнер жолына келді.
Он жеті жасар талдырмаш, нәзік бала Алматыға келісімен тарамыс тартып, бойы ұзарып күрт өсе бастады. Өтпелі кезең (переходной возраст) өнер адамы, оның ішінде әнші үшін – аса жауапты кезең. Тұнық та ащы, биік дауысы құмығып, ән айтуға келмей барлығып, көз алдында сөніп бара жатқандай. Студия ұстаздарының біразы Қайратты кәсіби жарамсыз (профессиональный негодный) есептеп, домбыраға қолы жүйрік бозбаланың күйге ауысқанын жөн көріп, әншілігінен күдер үзе бастаған. Студияда оқып жүрген барлық шәкірттерге ортақ қарайтын ақниет ұстаз Ғарекең ғана үмітін үзбей: “Құдай бергенін алатындай бейкүнә жеткіншекте не жазық бар” деген болатын. Ғарекеңнің сөзі қамшы болды ма, жарты жылдан астам уақыт Жүсекең Қайраттың дауысына салмақ салмай, ән мәтіндеріне ғана салып, саяқ шалдырып, қамшы салмай баяу баптады. Домбырасына көбірек көңіл бөліп, бөлекше қараған. Қатты қобалжып, қоңырайып жүрген табиғатында момын, біртоға Қайрат үшін осы бір кезең аса азапты еді. Есту қабілеті өте күшті, қабылдауы жылдам, музыкалық дарыны, ырғақты сезінуі аса жоғары Қайраттың әнді үйрену қарқыны курстастарынан оқ бойы алда болатын. Алайда дауысы қалып таппай әбден зарықтырды.
Күндердің күнінде Қайраттың дауысы ән айтуға жарап қалған сыңай берді. Бірақ бұрынғыдай ашық, ащы емес, қоңыр, күмбірлі, кеудесінен гүрілі араласқан әуезі бөлек дауыс боп шықты. Жүсекең болса: “Қалиым мен Қосымжаным тірілетін болды”, – деп мәз. Сөйтті де Қалидың репертуарындағы әндерге Қайратты баули бастады. Әнсүйер қауым тосын да тың, әуені бөлек, бітімі басқа әншіні тапты. “Бүркітбай”, “Ақылбайдың әні”, Жаяу Мұсаның “Сапарын”, Мәдидің “Қаракесегін” тыңдаған жұрт ерекше әншіні көріп айрықша тамсанысты.
Келер жылы жазда Жаңаарқаға жазғы демалысқа келгенінде Қайратты жас дәрігер ағасы Әбдікәкім (Ақмурзин) әкесі Ақмағамбет әншіге ертіп барды. Ән жинаудың қызығына түсіп алған Қайрекең шалғай ауылдағы өнерпаз ақсақалдың алдында айрықша шабытпен ән салған. Сол жолы Ақмағамбет ескіден келе жатқан бір әнді үйрету үстінде Қайраттың қоңыр да қуатты дауысына тамсанып, өз жанынан бір шумақ сөз қосып:
“Қайратжан, осы ән дұрыс дауысыңа,
Қарағым, үйреніп ал, ауырсынба!
Ұмытпай елу бес жыл алып келген,
Қарай гөр, кәрібоздың шабысына”, – деп сілтеп еді.
Қазақ кино өнеріндегі тамаша туынды Сұлтан Қожықовтың “Қыз Жібек” фильмінің музыкасын жазу барысында өнер тарланы қадірлі Нұрағаңның (Н.Тілендиев) сұңғыла көзі Қайратқа бірден түскен болатын. Негізінен фильмге “Қыз Жібек” операсындағы музыкалық шығармаларды пайдаланған Нұрағаң, сондай-ақ Тоқаның “Саржайлауын” “Көш керуенге” арқау етіп, Тілендінің “Аққу” күйін, өзінше түрлендіріп, Көшеней Рүстембековтің көмей сарынын, Кеңес Бақтаевтың орындауындағы “Шегені”, т.б. жауһарлар жиынтығын шебер пайдалана келе, фильмнің ең бір өзекті тұстарында “Ақылбайдың әнін”, Ахмет Байтұрсыновтан “Қаракөзін”, қысқа да болса ұтымды, Игілік Омаровтың термесінің әуені мен “Гәкку” әндерін Қайрат орындауында фильмде қолдануы ерекше табысты шықты. “Қыз Жібек” фильмі Қазақстанды дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Жаңа кинодағы жаңа әншінің ерекше үні де елді елең еткізген. Сонымен алаш даласын әнге бөлеген жас Қайратты бүкіл қазақ баласы таныды.
Әншінің өзі:
«Он тоғыз жасымда Ғабит Мүсреповпен таныстым… «Қыз Жібек» фильмі — қазақ кино өндірісі тарихында дара орын алатын бөлекше, нағыз қазақы фильм, мәңгі өлмес дүние, біздің мақтанышымыз. Бұл фильм әр қазақтың өмірінен ерекше орын алады. Ал менің өмірімде қазақ кино өндірісінің шыңы — «Қыз Жібек» фильмінің алар орны, тіптен өзгеше. Мен осы фильмнің негізгі кейіпкері Төлегеннің атынан ән салдым. Бұл — мен үшін тарихи оқиға, өмірімнің бір белесі. Ал бағымның ашылуына, ән салуыма ықпал еткен Нұрғиса Тілендиев ағамыз болатын. «Қыз Жібек» фильмінің композиторы Нұрғиса аға оқуды енді ғана бастаған тұста ұстаздарымның қарсыласуына қарамастан, ән айтуымды қалады. Міне, «Қыз Жібек» фильміне келіп, тағдырымды биік өткелге шығарған кезім осы кез еді»-деп еске алады ол кезеңді.
Қайрат Байбосыновтың репертуары бай және әрқилы, ол: қазақ әндері «Ардақ», «Қарғаш», «Сұржекей», «Алқоңыр», халық композиторлары Біржан салдың, Ақан серінің, Мұстафаның, Естайдың, Ыбырайдың, Жаяу Мұсаның әндері, қазіргі композиторлар әндері («Асылым»). Ол бұрын — соңды сахнада орындалмаған 60- тан аса қазақ әндерін тұңғыш орындаған әнші. Қайрат Байбосыновтың өзіндік орындау мәнері қазақтың ән өнеріндегі айшықты із, қайталанбас қолтаңба болып табылады. Ақанның, Біржанның, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса мен Естайдың әндері Қайраттың орындауында қайта түрленді.
Қайрат шығармашылығындағы тағы бір кезең – 70 жылдар ортасында Қазақ радиосында редакторлық қызмет атқарған тамаша сазгер, қазақ әнінің жоқтаушысы, музыка зерттеушісі, жазушы Ілия Жақановпен шығармашылық одақ құруы еді. Бұл одақтың қазаққа бергені ересен десе болғандай. Көмескі тарта бастаған әндерді тауып, қайта жандандыруға Қазақ радиосындағы лауазымын, өз басының абырой-беделін жұмсап, айрықша қажыр салған Ілағаңның Қайрекеңе арқа сүйеуі өте жемісті болды. “Алтын қордағы” Игібай Әлібаев, Байғабыл Жылқыбаев секілді дәстүрлі дәулескерлердің мұрасына Қайраттың қолын қақпай бойлатқан да Ілағаң. Қайраттың таңертең салған әні кешке қазақ даласына тарап, бөгетсіз салтанат құрды. Қайрекең Игілік Омаров сынды ұстазы салған “Арқа аруы”, “Жайлаукөл кештері” секілді бұрын айтқан әндерін енді әрі қарай “Әселім”, “Асылым”, “Еділ мен Жайық” сынды әндерге ұластырды. Домбыра сүйемелінде жаңа ырғақ, тосын тәсілдер тауып, ойнақы өрнек, озыңқы кейіп жасап тыңдаушысын тәнті етті. К.Салықов, Ж.Әлімханов, М.Егінбаев, М.Жанболатов және т.б. әуесқой сазгерлердің әні Қайраттың дауысымен алаштың рухани азығына айналды. Жүректерге жол тапты. Жалпы, қазақта тап Қайраттай өзіне еліктіріп, тұлғасына тартқан әнші кемде кем.
Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді халық арасына таратуда елеулі еңбек етті. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция Испания, Италия, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шетел тыңдаушыларына танытты.
Қайрат Байбосынов:
«Кезінде Еуропаға барып ән салғанда халық есі шығып тыңдайтын. Бізге ешкім тас ғасырынан келгендер деп айтқан емес, қайта керісінше тамсаннып, қайран қалып, қол соқты. Өнерімізге бас иді. Содан бері көп нәрсе өзгерген жоқ.
Еуропада 30 мың халықтың алдында ән салғаным әлі есімде. Кеш қарайып қалған уақыт. Қырсыққанда микрофон жөнді істемей қалды, амал жоқ микрофонсыз айттым. Ашық аспан астында салған әнімді халық сілтідей тынып тыңдады, бір жан тырс етіп дыбыс шығармады. Тек әр жерден жылт-жылт еткен темекінің шоғы көрініп тұрды. Ән аяқталғанда бәрі риза болып айқайлап, шулап шыға келді. Шетелдіктер музыканы әуестеніп тыңдайды. Ұзақ қол шапалақтап, жібергісі келмейді.
Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді таныттық, қазір барсақ та солай қарсы алады деп ойлаймын»-дейді сұхбатында .
«Кейде ойлаймын, мен опера әншісі болсам да, эстрадаға барсам да осы қазақ танитын Қайрат Байбосынов болар едім. Мені осы бағытқа бұрғысы келгендер, үндегендер болды. Бірақ таңдауым дәстүрлі әнге түсті, өз жолымнан таймадым.
«Дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы» деген Шәкәрім. Әншілік – Құдайдың маған берген қасиеті, сыйы, менің ең басты бақытым. Менің жас кезде өткен мектебім де мықты болды. Ауылымыздың талантты өнерпазы Игілік Омаровтың ән орындауын көріп өстім. Өте сырбаз әнші еді. Әр әнді жеріне жеткізе шырқайтын. Мен сол кісідей әнді құлпыртып, талғаммен жеткізетін, шөлдеген адамның мейірін мөлдір судай қандыратын орындаушыны ешқашан кездестірмедім. Ал халық әндерін эстрадаға салып жүргендер арасынан Димаш қазақтың әнін әлемге танытты, бүкіл дүниежүзін тәнті қылып жатыр.
Дауыс пен сөз сұлулығы — жан сыйы» деген Шәкәрім. Ендеше, әншілік — менің ең басты бақытым. Бұл — ең әуелі, Құдайдың берген қасиеті, сыйы деп есептеймін. Әншілікке бет бұрған талай өнерлі жігіттер болды кезінде. Мүмкін, оларға басқа мамандық бұйырған шығар, әйтеуір олардың көпшілігі арман-мұраттарына жете алмады. Бала қиял кезінде суретші болуды армандадық. Кітапқұмар толқынның өкілі болғандықтан, «Мың бір түнді» оқып жүріп археолог болғымыз да келген. Ал анам мал дәрігері болса екен деуші еді. Сөйтіп жүріп, мектеп бітірген соң Алматыға келдім. Бірақ жастайымнан қолымнан домбыра түспеуші еді. Қоңыр домбыраны шертіп, сәл босай қалсам ыңылдап ән салып, өзіммен өзім ән әлеміне енетінмін. Сөйтіп, әнге деген құмарлық, домбыра шертуге деген махаббат Алматы эстрада-цирк студиясына жетелеп әкелді. Бала дауыс әлі жетіле қоймағандықтан ән емес, күй класына жіберу туралы сөз бола бастағанда, менің бағыма Ғарифолла Құрманғалиевтің көзіне түсіппін. Ол кісі болашағымды бағдарлап үлгерген тәрізді, үлкен үміт-сенім білдіріп, мен Жүсіпбек Елебековтің класынан бір-ақ шықтым. Қазақтың біртуар күміс көмей дарынды әншісіне шәкірт болдым. 1969 жылы бітіріп шықтым да, осы студияның оқытушысы әрі сол кезеңдерде атағы гүрілдеп тұрған «Гүлдер» ансамбліне әнші болып орналастым. Анам болса, әркез «зоотехник болсаңшы» дейтін. Мектепті бітірген соң, зоотехниктің оқуына түскелі тұрған жерімнен ағам «шақырғанда бармасаң, шақыртуға зар боларсың!» деп эстрада студиясына алып барды. Бағыма орай, мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті атандым. Міне, сол белестен бастап мен өнер деген тылсымның тереңіне сүңгіп кеттім. Егер анамның тілегін орындап, зоотехник болғанымда қой бір жақта, таяқ бір жақта қалар еді… Әркімнің өз маңдайына жазылған мамандығы бар ғой. Асқаралы алпысты алқымдаған тұста, дәл бүгінгі күні «менің бағым — әншілігім» деп ойлаймын. Өйткені өнер жолында жүріп, мен халыққа танылдым, отбасын құрдым, алты алашқа мәшһүр болған ата-бабамыздың жүрегінен шыққан қазақтың әндерін орындап, бақытқа кенелдім»-деп ой толғайды.
Дәстүрлі әнші, ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосынов өзінің өмірлік серігін мектеп қабырғасында жолықтырған. Оның айтуы бойынша, жұбайы Рабиға Иманғақызы екеуі бір сыныпта оқыған. «Сол шақ балалық балдаурен кез еді», деп еске алады кейіпкер. Хат жазумен басталған достық сезім әрі қарай махаббатқа ұласып, кейін отбасы құрған.
Ұлы — Байбосынов Мұхтар Қайратұлы 1972 жылы туылған. Қызы — Байбосын Қорлан Қайратқызы 1979 жылы дүниеге келген.
«Отбасым — қазақы, балаларым, немерелерім қаланың тәрбиесін алған тікбақай емес, қазақша сөйлейді. Балаларды тәрбиелеу кезінде ең басты есте ұстағаным, бәрі де табиғи болу керектігі еді. Мәселен, бала ойыны қанғанша ойнау керек. Кейін өскенде оқығысы келе ме, оқыту керек, ән салғысы келсе, әншілікке баулу керек, яғни баланың бетін қақпай, қайта дем беру керек деп есептеймін»-дейді әнші .
«Баланы сүйген бір басқа, ғашықты сүйген бір басқа, ал енді ұлтты, еліңді сүйген мүлдем бөлек. Халқымды жақсы көремін. Сал, сері, қайқы, қасқа деп әншілерді халқымыз бұрыннан бағалаған, түсінген, еркелеткен. Өнер адамдарын тарихта қалдыратын да — халқы. Маған да әрқашан нәр беріп, қамшыгер болып отыратын осы халқым. Менің көрермен, тыңдарманым болмаса, мен өлемін ғой. Ал енді кейде сол ұлты сыйлаған мәртебені көтере алмай, қарапайымдылықты ұмытып, даңғойситын да адамдар болады. Өз ұлтыңды менсінбеу — дүниенің сорақысы. Ал биіктеген сайын, қарапайымдылығын сақтау — бұл ұлтыңа деген құрмет, сүйіспеншілік»-дейді халқына махаббаты шексіз Қайрат Байбосынов.
Биыл Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естайлар негізін салған Арқадағы әншілік дәстүрдің өкілі. Өкілі болғанда да өзгеше өреге көтерген, өзіндік айшық, ерекше сипат пен ән өнерін әрлей түскен, ән күмбезінен кетік тауып қаланған алтын кірпіш, асқақ әнші, адуын өнерпаз — Қайрат Байбосынов 75 жассқа толады.
Қазақтың мақтанышы,күміс көмей Қайрат Байбосынов ағамыздың əуезді əндерін бала кунімізден бойымызға сіңіріп өстік. Алты Алаштың аялы алақанында мәртебеңіз асқақтап, шырқай беріңіз, 100 жасаңыз дегіміз келеді!