«Ұлан» − балалар мен жасөспірімдер республикалық газеті. Қанша жылдық тарихы бар балалар басылымы “Ұлан” газеті дарынды, ұшқыр ойлы жастарға тәрбие беруде. Газеттің тұңғыш жарық көрген күні 14 наурыз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұл газет ең алғаш “Жас Алаш” газетінің беттерінде таныла бастаған. Ол кездегі басылым атауы “Пионер” болды.
Бұл – балаларға арналған газет болғанымен, өте түйінді баспасөз. Оның ішінде мәдениет, өнер, ұлттық және халықаралық мерекелер, көрмелер, еліміздің мәдени шаралары талқыға салынады.
1930 жылы 5 қарашада «Пионер» газеті Алматы қаласының Гоголь көшесіндегі № 9 үйде тұңғыш рет өз алдына дербес басылым болып шықты.
Басылым әр оқырманның жүрегінен орын алып, оларға шығармашыл әрі рухани орта қалыптастыра білді. Газеттің құрылуына белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Б.Соқпақбаев, С.Есова, І.Жансүгіров атсалысты. 1937-1941 жылдары «Октябрь балалары» деген атаумен басылып шықты. Ұлы Отан соғысы жылдары басылмады. 1946-1989 жылдары газеттің атауы «Қазақстан пионері» болып өзгерді.
Соғыстан кейінгі жылдары газет балалардың күш жігерін ересектерге ауылшаруашылық экономиканы көтеруге, мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға көмектесуге бағыттады. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде газет «Тың жерлерден хат», «Бұл пионерлердің көмегі» деген тұрақты тақырыптармен материалдар шығарды. Газет сонымен қатар өз оқырмандарын ғылым және техника, әдебиет пен өнер, мәдениет және спорт жаңалықтарымен таныстырды. Сол кездегі газеттің басты айдарлары: «Ғаламшардың жас батырлары», «Молшылық», «Төртінші, бесінші еңбек», «Жолдас вожатый» және т.б.
Әр жылдары басылым редакторлары Ә. Исмайылов, Ә. Ыдырысов, С. Бердіқұлов, Ф. Оңғарсынова, У. Қалижан, Б. Қойшыбаев, Ғ. Доскен, Б. ейменов, С. Қалиұлы және т.б. болды.
1980 жылы жарық көргеніне 50 жыл толуына орай және жас ұрпаққа саналы тәрбие беру жолындағы еңбегі ескеріліп, «Қазақстан пионері» газеті «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап 1990 жылдан бастап газет атауы “Қазақстан пионерінен” заманауи «Ұлан» атауы болып өзгерді. Басылым атауы белгілі бір себептерге байланысты өзгеріп отырса да, ешқашан өз мақсатын ұмытқан емес. Әрдайым балаларды жаңа айдарларымен таңғалдырып әрі қызықтырып отырды. Газеттің алғашқы беті Алақай айдарымен басталып, онда жас жеткіншектердің жетістіктері жарияланып отырды. Бұл жас қаламгерлерді шабыттандырып тұрды. “Ұлан” газеті заман талабына сай ерекше айдарларымен оқырмандардың жүрегін жаулап келеді.
«Ұлан» газеті 2002 жылы Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын «Балалар басылымы» номинациясы бойынша иеленді. Газетті әр жылдары Ә.Исмайылов, Ә.Ыдырысов, С.Бердіқұлов, Ф.Оңғарсынова, У.Қалижан, Б.Қойшыбаев, Ғ.Доскен, Б.Сүлейменов, С.Қалиұлы, Е.Жеңісұлы, Б.Батықұлы, Ж.Әбділда секілді қаламгер-журналистер басқарды.
Бейбіт Сапаралы ағамыз газет жайлы мынадай пікір жазыпты: «Қазақстан пионері» – «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің 1989, 1990, 1991 жылдарғы сандарында біздің де қолтаңбамыз қалғаны рас. Тәуелсіздік алдындағы дүбара кезеңде жас өскіндер қатарын ұлтжанды рухта тәрбиелейміз деп ондаған керемет айдар ашқанбыз. Газеттің 300 мыңдай таралымы да қосымша күш-қуат беретін. Компартияның тасқұрсау тәртібін бұзып, аға басылымдар үндемей отырғанда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын» деп мектеп оқушыларының атынан хат ұйымдастырып, мыңдаған қолдау қолын жинатып, қоғамдық өмірді дүр сілкіндіргенбіз. Қазақ газет-журналдарының арасында алғашқылардың бірі болып, қазақша «Ұлан» атын еншілегенбіз. М.Құрсабаев жетекшілігімен 29 бағдарламадан тұратын «Атамекен» қоғамдық балалар қозғалысын бастап кеп жіберіп, еліміздің отыз шақты ауданында аса ауқымды іс-шаралар өткізгеніміз де есімде. Тұрсын Жұртбайға «қинап отырып» жаздыртқан «Дулыға» айдары мақалалары кейін екі томдық кітап болып басылды. «Біз де бала болғанбыз!» айдарымен жазылған Олжас Сүлейменов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы зерттеулер рухани ортаны дүр сілкінтіп, ол да жеке кітап болып басылды».
Газетте 70-тен аса айдар бар. «Алақай!», «Балақай», «Қалақай», «Толағай», «Ұлан»-ақпарат», «Өздерің жазған хаттардан», «Жақсылық жасап жарыс», «Ал біздің мектепте», «Жауқазын», «Балғын бояу» айдарлары нөмір сайын шығып тұрады.
1. «Сенің замандасың» (әр салада жетістікке жеткен жасөспірімдер мен жастардың ісін үлгі етіп мақалалар мен сұхбаттар ұйымдастырылады. «Замандасың жасап жатқан іс сенің де қолыңнан келеді» деп ынталандырады);
2. «Күншуақ» – балалардың жүрегіне мейірім шуағын шашып, жақсылық жасауға шақыратын айдар. Онда тағдырдың қиындығына мойымай, алға ұмтылған өмірге құштар жандар, қайырымдылықпен айналасатын ізгі ниетті адамдар жайында жазылады.
3. «Білім елінде» – білім саласында болып жатқан жаңалықтарды қамтып, ғылым тілін игеруге шақырады;
4.«Жырақтан білім іздесең» – шетелде оқитын қазақ жастары арқылы балаларды білімге, отаншылдыққа қызықтырады;
5. «ІТ және инновация» – балалар мен жасөспірімдерді жаңа технология саласына баулиды, сол сала мамандарының кеңестерін ұсынады;
6. «Ата-ана бұрышы» – ата-аналар мен мұғалімдерге, аға-әпкелерге бала психологиясы, тәрбиесі жайында мамандар кеңесі мен тәжірибесін бөліседі;
7. «Кәсіп түбі – нәсіп» – балаларды кәсіп жасап жатқан адамдар өмірі мен кәсібін таныстыру арқылы кәсіпкерлікті насихаттайды;
8. «Балаларға базарлық» – балаларға арналған ертегі-әңгімелер, тақпақтар, жаңа мультфильмдер мен кітаптар туралы мәлімет береді;
9. «Кім болам?» – балаларға түрлі мамандықтарды таныстырып, бағыт-бағдар қалыптастыруына атсалысады;
10. «Жүзден жүйрік» – әр салада ең мықты шыққан балаларды, жастарды насихаттайды;
11. «Тастүлек» әскери-отаншылдық клубы – әскери адамдардың, қару-жарақ, Қазақстанның әскери әлеуеті, әскери өмірдің тәртібі туралы баяндайды;
12. «Әуез» – музыка саласының мамандарын, аспаптарды насихаттайды;
13. «Туған жерге тағзым» – Қазақстанның әр аймағын таныстырады, адамдардың туған жеріне жасап жатқан жақсылықтарын насихаттайды;
14. «Ақсарай» – театр, цирк өнерін дәріптейді;
15. «Әдемі әуестік» – әртүрлі адамдардың ерекше хоббиі, жинайтын коллекциясы арқылы балаларға үлгі етеді;
16. «Алтын арқау»- салт-дәстүрлер отауында қазақтың болмысы, түсінігі, салт-жоралғысы туралы кеңінен әңгіме етеді.
Бала – біздің болашағымыз. Бала тәрбиесі өте күрделі де нәзік құбылыс. Тәлімді тәрбие алмаған бала он жерден білімді болса да, оның болашағы бұлыңғыр болмақ. Міне осы тұрғыдан алғанда республикалық балалар басылымы «Ұланның» алар орны ерекше. Сондай-ақ, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан «Ұлан» балаларды балалықтан даналыққа жетелеп келе жатқан бірден бір басылым.
Биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан балалардың төл басылымы осы уақыт ішінде қанша ұрпақтың санасын қалыптастырып, дүниетанымын кеңейтті. Олардың рухани, мәдени дамуында үлкен рөл атқарды.