Қазақстанның оңтүстік өңірі тұнып тұрған тарих. Олардың басым бөлігіне әлі археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ертедегі дәуірден бастап жоңғар шапқыншылығы кезеңіне дейінгі тарихымыздан сыр шертетін бізге беймәлім тың дүниелер жер қойнауында өз зерттеушілерін күтіп жатыр.
Кейде өткенге көз жүгірту үшін ежелгі өркениеттің іздері сақталған тарихи орындарға бару жеткілікті. Осындай орындардың бірі – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Отырар қалашығы.
Отырар қалашығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлерінің тізіміне кіреді. Ол Түркістан қаласынан 57 шақырым жерде орналасқан. Әлемге әйгілі Әмір Темірдің есімі қаламен тығыз байланысты, өйткені дәл соның бұйрығымен қалада Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ұстазы Арыстан-бабтың құрметіне кесене салынды.
Ертеректе Отырар Ұлы Жібек жолының ірі орталықтарының біріне айналған. Қала VIII ғасырда пайда болып, XIX ғасырдың басына дейін өз дәуірін жалғастырды.
Отырар – Сырдария бойындағы Арыстың еңісінде орналасқан ірі егіншілік өңір. Ол Қаратау тауының етегінде орналасқандықтан, көшпенділердің нағыз тірегі болған.
Ортағасырлық қалалардың ішінде мәдени орталық саналған,бай кітапханасы арқылы танымал, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған Отырар қаласы жайлы тарихи деректерді оқырман назарына ұсынамыз.
Отырар — Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады.
Ежелгі Отырар шұраты Түркістан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді.
Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды.
Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А.Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.
Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар.
Ежелгі заманнан бері Арыс өзенінің оң жағалауында 200 гектар аумақты алып жатқан қала ғылым мен мәдениеттің, сауда өндірісінің, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының ірі орталығына айналды. VІ-VІІІ ғасырлар аралығында Отырар қаласы ірі феодалдық иеліктердің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ — ХV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы атанды.
Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. iX ғ. кездеседі. X-XІІ ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. Отырар қалашығының пайда болған кезеңін археологтар б.з.б. 1 ғасырға жатқызады. Ежелгі заман шежірешілерінің жазбалары бойынша: «Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған». Яғни, Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан. Ал оның аудандарында түрлі әдемі ою-өрнектермен өрнектелген үйлер мен әр ауданның тұрғындарына тән атаулары болыпты. Мысалы, Алтынтөбеде зергерлер, Пышақшытөбеде – қару-жарақ жасаушылар, Құйрықтөбеде – қасапшылар тұрған. Олардан басқа Жалпақтөбе, Мардан-құйық деген тұрғын аймақтары болған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, Отырардың кез келген жауға қарсы тұра алатын берік қамалы, айнала қазылған тереңдігі екі метрдей, ені 10-15 метр болып келетін сулы ор үстіндегі аспалы көпірлермен жабдықталған үш қақпасы болған. Олар арқылы жұрт қаланың орталығына шыға алады екен.
Отырар ақша сарайымен, ерекше жылу жүйесі бар сәнді шығыс моншаларымен, ежелгі дәуірдегі ең танымал кітапханалардан кем түспейтін үлкен кітапханасымен әйгілі еді. Мұнда ғалымдар, данагөйлер, шебер музыканттар, сәуегейлер мен зергерлер қоныстанды. Қалада үлкен медресе, базар, шеберхана, гурт — хана (шарап ішетін орын), мешіттер мен дүкендер жұмыс істеген.
Басқа ортағасырлық қала сияқты Отырар да цитадель, шахристан және рабад сынды үш бөліктен тұрды.
Ақша соғатын кәсіп, қаланың бестен төртіндей бөлігін алып жатқан қарапайым халық пен қолөнершілер тұрағы, су құбырлары, нәжіс жүйесінің болғаны мұндағы қала өмірінің кемелденген шағында астаналық сипатта болғанын аңғартады. Отырар қалашығының өзі мен айналасында түрлі ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі. Кейде бүтін құмыралар да табылып жатады. Археологтардың айтуынша, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аумақтарында жергілікті ортағасырлық керамиканың аналогы кездеспейді екен. Ол жердің тұрғындары ежелгі салт-дәстүрді сақтай отырып, яғни моңғол кезеңіне дейінгі ою-өрнектер қолданғандары табылған қыш сынықтарын зерттеуде анықталған. Бүгінгі күні Отырар маңынан ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын көзеші шеберханасы мен ежелгі шеберлердің жасаған таңғажайып қыш ыдыстары табылған. Отырар дүниежүзілік саудада делдалдық рөл атқарған қала. Академик Қ.А.Ақышев 1969 жылы Отырар экспедициясын жүргізіп, қаланың бай тарихымен таныстырды.
Отырар ортағасырлық қалалардың ішінде мәдени орталық болып саналған. Бұл – білімнің, ғылымның, мәдениеттің, медицинаның, өнердің дамыған жері. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер бүгінгі рухани және материалды мәдениетіміздің негізі, қайнар көзі, рухани құндылығымыз және ұлттық мақтанышымыз болып саналады. Ежелгі Қаңлы мемлекетінің астанасы бір деректе Отырар (Фараб), Шаш, Ташкент) деп көрсетілген.
Отырарда аса бай кітапхана болған деген сөз бар. Оны оқып тауысқан ғұлама әл-Фараби керуенге ілесіп, Шаш, Самарқан, Бұхара, Бағдад сияқты мұсылман әлеміндегі ірі шаһарларға білім іздеп аттанған. Ежелгі грек философтарының еңбектерінің тұпнұсқасы әр дін өзіне дейінгі сана мен дәстүрді қабылдамайтындықтан, күпір деп танитындықтан, христиан дінінің әсерінен жойылып, араб тіліндегі аударма нұсқалары сақталып қалып, кейінге жеткен.
Қаланың мәдени орталықтарында кездесетін өрттің іздері бұл қала бір рет емес, бірнеше рет шабуылдарға ұшырағандығын көрсетеді. Ал Отырар қаласын жермен-жексен еткен оқиға 1218 жылдың күз айында орын алған дейді бір жазбаларда. Сол жылы Отырарға сауда керуені келіп тоқтайды. Бұл сауда керуеніне тыңшылар деп сезіктеніп, сенімсіздікпен қараған Отырардың билеушісі Қайыр хан Хорезмшаһтан рұқсат алып, әскерлеріне олардың керуенін тонап, өздерін ұрып-соғып тастауды бұйырады. Қайыр ханның бұл іс-әрекеті кейіннен барлық ортағасырлық шежіреге «Отырар апаты» деп кірген ғасыр қасіретінің бастамасы еді…
Отырардың күйреуін 1219 жылы Отырарға Шыңғысханның , моңғол шапқыншылығымен байланыстырады. Жарты жылға созылған ерлік қорғаныс кезінде жауға өз қақпасын өзі ашқан Ұлы қаланың күлі көкке ұшқан. Кезінде талайды тамсандырған әсем қаладан жалпиған үйіндісі ғана қалды. Қаншама ата-баба мұрасынан айырылдық, Отырардың кітап қоры жоғалды. XV ғасырда қала қайтадан салынған. Отырар сауда, керуен жолдарының түйіскен жерінде, Қазақстандағы отырықшы күнкөріс пен көшпелі тіршілік шегінде орналасқандықтан, XIII ғасырдың ортасына қарай-ақ мұнда ақша соғатын орын жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, XIII ғасырдың аяғында Масуд-бектің ақша реформасынан кейін қала шаруашылығы жанданған. ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер мен жергілікті аңыз-әңгімелер Отырарда тіршілік 1750 жылдары тоқтағанын көрсетеді. Қаланың қаңырауына XVII ғасырдың 80-жылдары Жоңғар ханы Ғалданның әскерлерінің шабуылы себеп болған. Жоңғарлар Отырардың суландыру жүйесін бұзып кеткеннен соң, халық оны қайта қалпына келтіре алмай біртіндеп көше бастаған. Ақыры XIX ғасырдың басында біржола тарих бетінен жойылды.
Ғалымдар Отырарды алғаш рет XIX ғасырдың соңында зерттеді. Қаланың алғашқы сипаттамасын археолог Николай Веселовский жасаған. Алайда, бұл зерттеулердің нәтижелері екі ғасырдан кейін ғана жарияланды. Сондықтан, Отырардың алғашқы қазбашылары 1904 жылы қазба жұмыстарын жүргізген түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері Кларе мен Черкасовтар деп есептелді.
1947 жылдан бастап Александр Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Отырар ескерткіштерін зерттеумен айналысты, ал 1969 жылы Кемал Ақышев Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырып, Отырар ескерткіштерін зерттеу бойынша жүйелі жұмысты бастады.
Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде қаланың ХІ-ХІІ ғасырдағы тұрғын үй орамдары, ХІІ-ХІV ғасырдағы таңғажайып құрылыс, XIV ғасырдың аяғы – XV ғасырдың басында салынған шығыс моншасы, мешіт пен сарай құрылыстарының қалдықтары және XVI-XVIII ғасырларға тән мешіттердің қыш шеберханалары сияқты құнды мәдени мұралар табылды.
Сонымен қатар, қалашықта көптеген археологиялық экспонат – ас үй ыдыстары, әшекейлер, жиһаздар, ақшалар және тағы басқалар табылды. Мұның барлығы Шәуілдір ауылының Жібек-Жолы даңғылында орналасқан Отырар мемлекеттік қорық-музейінде сақтаулы.
Қазіргі таңда, Отырар мемлекеттік мұражай-қорығының жанындағы қалашық аумағына өз бетіңізше де, экскурсиялық топтың құрамымен де бара аласыз. 2019 жылы туристік саланың заманауи талаптарына жауап беретін туристік орталық құру мақсатында Отырар қаласының маңында визит-орталық салынды.
Туристерге кешенді қызмет көрсету орталығының бірінші қабаты келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Онда демалыс аймақтары, балалар алаңы, коворкинг алаңы және т.б. бар.
Ал екінші қабатта ежелгі Отырар қаласының бес кезеңі бойынша экспонаттар орналасқан: II-VI Отырардың құрылуы, IX-XII Отырардың гүлденуі, XIII Отырардың ойрандалуы, XIV Отырардың қайта қалыптасу кезеңі және Қазақ хандығындағы Отырар кезеңі. Сонымен қатар, кешенде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, әл-Фараби залы ашылды. Онда тұлға туралы ғылыми және заттай деректер ұсынылған.
Отырар оазисінің мәдени мұрасы елімізде және шет елдерде кеңінен насихатталуда. Қазіргі уақытта Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығына келетін туристер саны артып келеді.
Отырар қалашығында- еліміздің тарихының бір парасы, еліміздің рухы жатыр. Сондық-тан оны құрметтеп-сақтау ел тарихына деген құрмет екендігі сөзсіз.