«Бабтардың бабы» Арыстанбаб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің тамаша ескерткіші. Ол жерге барған адамның ерекше әсер алатыны белгілі. Өңірге аяқ басқан кез келген турист оңтүстік өңіріне саяхатын осы киелі орыннан бастайды. Қазіргі кезде бұл кесене мұсылман халқының Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін киелі жерлерінің бірі болып саналады. Бұл кесене Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған.
Қазіргі кезде Арыстанбаб мазары үстінде 30*13 метр аумағы бар кесене тұр. Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылды. Қожа Ахмет Ясауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туылып 1166 жылы қайтыс болған.
Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында қойылған. Сондай-ақ, мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Содан кейін, кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген.
Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынады. Сондай-ақ, 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылған. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған.
Арыстанбаб туралы аңыздар
«Аңыз бойынша Арыстанбаб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін», — делінген бір аңызда. Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда Арыстанбаб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізген екен.
Арыстанбабтың дүние салуы Қожа Ахмет Иасауи хикметінде былайша суреттеледі:
«Бабам айтты: Ей балам, қасымда тұр өлейін,
Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қалайын.
Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын.
Арыслан бабам сөздерін есітіңіз — тәбәрік.
Жылап айттым: ей бала, жас көдекпін білмеймін.
Көріңізді қазармын, көтеріп сала алмаспын.
Хақ Мұстафа сүндетін, балапанмын, білмеймін.
Бабам айтты: Ей балам, періштелер жиылады.
Жебірейіл имам болып, өзгелер оған ұйиды.
Макаил мен Исрафил көтеріп көрге қояды».
Сондай-ақ, Отырар өңірінде естіген аңыз байынша Арыстанбаб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Сол шөккен жерге Арыстан баб мазары қойылыпты. Арыстан баб туралы аңыздар бұл ғана емес. Оның қасиетті екені, Алпамыс батырды құдайдан тілеп, әке-шешесінің осы кесенеге зиярат еткені және т.б. ерекшеліктері туралы аңыздар әдебиет пен тарихта сақталған.
«Алпамыс жырының» бір үлгісінде Байбөрі мен Аналық «Самарқанда сансыз баб», Бұқарадағы «Баһауәдин Нақишбент» молаларына зират қылады, және
«Түнейді үш күн Байбөрі
Әзіретті сұлтанға.
Түркістанда түмен бап,
Сайрамда бар сансыз бап,
Отырарда отыз бап,
Бабалардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан бап.
Әулие қоймай қыдырып,
Бабалардың бәрін қылды сап» Әзірет Сұлтан қорық-музейінің сақтаулы тұрған Баян ауылдан бір зияратшылдың қолжазбасында мынадай қызық мағұлмат бар: Арыстанбаб дүние салған соң, оның моласының басына екі құс – бірі лашын, бірі қарға ұшып келеді. Бұл әңгіме бізді ежелгі түркі шаманизміне жетелейді.
Көне түркілер бұл аталған құстарды киелі деп санаған. Мысалы, ескі жылнамаларда жазылған аңыз бойынша көне түркілердің Ашина тайпасына жау шауып, жаппай қырып кетеді. Сонда жалғыз бала ғана аман қалады. Баланы қасқыр емізіп, аспан әлемінің елшісі – қарға ет әкеліп асыраған. Осы баладан түркілердің ұрпағы деседі. Қазақтардың қарғаны киелі құс санағаны жөнінде деректер аз емес. Қарға сөзімен байланысты мынадай мақал-мәтелдер бар: «Біздің де қолымызға қарға тышар», «Қарға тамырлы қазақ», «Қарғам-ау» деген сөз қарағым, қалқам деген мағынада қолданылады. «Қарғам, қарғашым, қарғатайым» деп қарттар немере-шөберелерін еркелеткен.
Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа: «Отырарда жүргізілген қазба жұмыстары ХІ-ХІІІ ғасырлардың өзінде әр үйде отқа сыйынатын орындар болғанын көрсетті. Түркі тайпаларына дінді күштеп енгізу нәтиже бермеді, тек насихат жолы жемісті болды. Онда да жергілікті халық арасынан шыққан шайқылардың сөзі өтімді еді. Түркі шайқыларының көш басында Арыстанбаб пен оның шәкірті Қожа Ахмет Ясауи тұрды. Арыстанбаб – ғаламдық діндердің бірі Исламды түркі әлеміне танытушы, таратушы. Жаңа дін арқылы түркілер араб тілі мен әліппесін меңгерді, сол кездегі озық мұсылман мәдениетінен нәр алып, оның дамуына үлес қосты», – деген пікір айтады.
Ал Қожа Ахмет Ясауи – Арыстанбабтың шәкірті. Болашақ ақынның Арыстанбабқа шәкірт болуы хақында француз зерттеушісі Ирене Меликоффтың «Ахмет Ясауи және түркілердің халықтық исламы» атты еңбегінде: «Қожа Ахметтің әкесі Ибрагим Сайрамда белгілі шайқы болған. Ахмет жеті жасында жетім қалады. Сосын оны әпкесі Иасы қаласына алып барады. Ол жақта алғашқы ұстазы Арыстанбабпен кезігеді», – деген жолдар кездеседі. Әбубәкір Диваевтың пікірінше, Арыстанбаб – Қожа Ахметтің химия пәнін меңгеруіне ұстаздық еткен кісі. Ағылшын ғалымы Дж.Тримингэм болса, Ясауидің сопылық ілімін зерттей отырып, мынадай тұжырымға келеді: «Ахмет Ясауи – барлық түркі сопыларының бабасы. Ясауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайқы Арыстанбаб дүние салғанша соның қолында тәлім-тәрбие алды, кейін Бұхараға аттанды», – деп жазады. 27 жасында Бұхараға аттанған Ахмет Ясауи ол жақта атақты ғұлама Хамаданиден білім алып, кейін Ясыға қайтып келеді де, Арыстанбабтың ісін жалғастырады.
Арыстанбаб жайында халық ішіне тағы бір кең тараған аңыз – оның Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы екендігі. Бұл туралы ясауитанушы ғалым Жақып Алтаев: «Халық арасында таралған бір аңызда Арыстанбаб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болумен қатар, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың аманатын тапсырушы деп есептеледі. Ол туралы аңызда былай делінеді: «Бірде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Жебірейіл періште бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жебірейіл періште ол құрманы алып пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмметіңізге аманат етіп қалдырыңыз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларын жиып, бұл аманат құрманы кім жеткізе алады? – деп, олардан сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы «мен жеткізер едім», – деп шыға қоймайды. Себебі ешқайсысы да өзінің 400 жыл өмір сүреріне сенімді емес еді және бір жағынан, сынап тұрған болар деп, күдіктеніп тұрғанда мұның Алла Тағаланың әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстанбаб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім, бірақ ғұмырым өлшеулі әрі оны қайдан табамын», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.) разы болып: «Өміріңізді Алла Тағала жеткізеді. Үмметімді Ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі медреседен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және ол аманатын сізден өзі келіп сұрайды», – деп жауап қайтарады.
Мұхаммед (с.а.у.) айтқандай, Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып: «Баба! Аманатымды беріңіз», – деп кездескен жерде бірден ұстай алады. Арыстанбаб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Қожа Ахмет кідірместен құрманы аузына салып жібереді. Сонда Арыстанбаб: «Балам, аманатыңды 400 жыл сақтағанда «дәм татыңыз» деп мезірет те қылмадың ғой», – дейді. Қожа Ахмет болса: «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» – деген екен.
Содан зерек баланы сопы Арыстанбаб өзіне шәкірттікке алады.
Жеті жаста Арыстанбабқа қылдым сәлем,
Осы халде мың зікірін қылдым тәмем…
Құрма беріп, басымды сипап, назар қылды
Мектеп барып, қайнап толып, тасыдым, міне, – деп жазады бұл туралы кейін Ахмет Ясауи», – деп жазады.
Арыстанбаб қабірінің үстіне салынған ғимарат туралы алғаш 1898 жылы И.Т.Пославскийдің мақаласында қысқаша суреттелген екен. Міне, содан бері ежелгі Отырар маңын зерттеушілердің қаламынан тыс қалған емес. Ғалымдардың бірі оны мешіт десе, енді біті мазар, тағы бірі мешіт-мазар деп атаған. Себебі, әрине, оның күрделі құрылысымен байланысты. Өйткені, бұл ғимарат – мавзолей, төбесі иіліп өрілген дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара бір жерге тоғысқан архитектуралық кешен.
Бұл туралы археолог ғалым Мұхтар Қожа: «Ғасырлар бойы талай өзгеріп, түрлі жөндеу-өңдеу жұмыстарын басынан кешірген құрылыстың ең әуелгі үлгісі қандай болғанын дәл айту қиын. Бұл кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелердікімен салыстырғанда едәуір биік. Тігінен көтерілген қабырғалары бір биіктікте, сәулет өнерінде «желкен» деп аталатын өріммен иіліп барып күмбезге ұласады. Күмбез ауқымы кең һәм биік етіп тұрғызылған. Қабірхананың есігі күнбатысқа, дәлірек айтсақ, мешітке бағытталған. Қабір үстіндегі алғашқы белгі ХІІ ғасырда салынса керек. Себебі бұл Отырар қаласының гүлденіп өскен кезі. Қазіргі қабірхана мен оның алдындағы күмбезді бөлме жобасы ХІV ғасырдың мавзолейлеріне ұқсас. Осыған орай халық арасында кең тараған мына бір аңызды айтпай кетпей болмас.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні жасыл алып өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы қайталанады да, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жай Әмір Темірді көп ойландырады. Түсіне бір шал еніп аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы Арыстанбаб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтайды.
Әмір Темір кезінде жүргізілген құрылыс жұмыстарының куәсі ретінде мешіт бөлігіндегі екі ағаш ұстындарды айтуға болады. Қарағаштан шабылған тіреулердің табаны сегіз қырлы, орта белінен бастап кеңейе түседі. Олардың бас жағы, мойны жұлдызша, торкөз тәрізді өрнектермен безендірілген.
Ұстындарды зерттеп, арнайы мақала жазған мәскеулік ғалым В.Воронинаның пікірінше, дәл мұндай пішінді тіреулер Қазақстанның, не Орта Азияның басқа бірде-бір ескерткішінде жоқ. Аты белгісіз отырарлық шебердің қолынан сомдалған ұстындар ХІV ғасырдың аяғында, не ХV ғасырдың басында жасалыпты. Олардың бетіндегі оюлар К.Ақышев, Е.Агееваның зерттеуінше, қазақтың дәстүрлі нақыштарына сай келеді. М.Сембин ұстын өрнектері Орталық Қазақстандағы Аяққамыр мавзолейіндегі оюлы қыштарда қайталанатындығын көрсетті. Қазір бұл ұстындар Алматыдағы археология мұражайының төрінде тұр. Мешіттің ішінде олардың көшірмелері қойылған.
Арыстанбаб ғимараты ХХ ғасырдың басында күрделі өзгерістерге ұшырайды. Отырар өлкесін мекендейтін халық тозған ғимаратты қайта жаңғырту үшін қаржы жинаған. Бұрынғы ғимараттың бас есігі Меккеге қараса, енді еңсесі бой көтерген құрылыстың қас беті Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталды. Оның екі шетіне мұнаралар қойылып, дәліз-қақпаның үсті үш бұрышты болып соғылуы – Түркістандағы алып кесененің қас бетіне ұқсату ниетінен туған. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне арабша санат 1327 деп жазылған. Бұл соңғы құрылыс жұмыстарының уақыты – біздің қазіргі жыл санауымызға көшіргенде 1909 жыл. Мұның астындағы ойықта да жазу болған сияқты.
Арыстанбаб – сахаба да емес, шайқы да емес, түркі халықтарына Ислам дінін жайған, Ахмет Ясауиға ұстаз болған, Әзірет Әлі кіндігінен тарайтын белгілі ғұламалардың бірі. Ал оның Түркістандағы мазары Орта ғасырда қазақ топырағына Ислам дінінің кең қанат жайғанын, бір кездері осы бір гүлденген өлкеде ғылым-білімнің ордасы болғанын бүгінгі әр мұсылманның есіне салып тұратын шағын ескерткіш іспеттес. Өйткені Арыстанбаб қабірін зиярат еткен жанның көз алдына 10 ғасырлық тарих дөңгеленіп өтері анық… Мазар сонысымен құнды, сонысымен бағалы.
Арыстанбаб кесенесі- облыс орталығынан 60 шақырымдай (Отырар ауданы, Шәуілдірден 12 км) қашықтықта орналасқан кесене – халық рухани азық алатын әрі зиярат ететін қасиетті орындардың бірі, мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші. Кешен 17 гектар аумақты алатын бірнеше аймақтардан тұрады. Бұл – туристерге қызмет көрсететін этнографиялық мекен. Мұнда кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген мешіт, қажылық орталық, екі қонақүй («Фараб» үлкен және шағын), имамдар дайындайтын сыныптар, құлшылық ететін зал бар.
Бұл жер – тек бет сипап, саяхат жасайтын орын ғана емес, өткенімізді танып, руханиятқа, тарих пен мәдениетке құрмет көрсететін қасиетті мекен. Бүгінде Арыстан бабқа жылына 150 мыңға жуық турист келеді екен. Ал ол жерден 2 км жерде Отырартөбе бар. Сондай-ақ кешен аумағына ұлы ұстаз Әл-Фараби мен атақты әскери қолбасшы Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың Шам шаһарындағы зиратынан 2006 жылы топырағы әкелініп қойылыпты.
Қазіргі күнде Арыстан баб мавзолейі әрі халық рухани азық алатын, зиярат ететін қасиетті орындардың бірі болса, әрі мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады.