Қазақ хандығының негізі қаланып, оның өркендеуі жолында себепкер болған бірнеше қалалар бар. Олар: Түркістан, Сығанақ, Отырар, Сауран, қазір айтқалы отырған Созақ, Сайрам және тағы басқалары. Бұл аталған қалалардың біразы екі мың жылдық тарихты тұмшалап жатыр. Кей деректерде, осы қалалардың бірнешеуі VI – VII ғасырларда аталса, кейбіреулері IХ – Х ғасырларға жатқызылады. Десек те, көрсетілген ғасырлардан бастап, қаланың тіршілігі жанданды деген сөз емес. Қаншама зерттеулер жүргізілсе де, жоғарыда аты аталған қалалардың тіршілігі қай уақыттан басталғаны туралы нақты айту қиынның қиыны. Ғалымдардың пікірінше, кей қалалар өздерінің орнын бірнеше рет ауыстырған. Оның қатарында Түркістан, Сауран және де Сүткент сынды қалалар бар. Бірақ, көшірілген орындары бір-бірінен соншалық алыс емес. Оған мысал ретінде Сауран қаласын айтуға болады. Оның ең ежелгісінің орны Қаратөбеде, ал кейінгісі болса, қазіргі Сауранның орнында тұр. Ал арақашықтықтары үштей шақырымды құрайды. Басқа айтылған қалалардың да жағдайы осындай болған
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов 1960 жылдары Созаққа келгенінде бұрынғы қамал іргесінде тұрып: «Бұл жерлер жатқан тарих қой, – депті. – Мынау Созақта қазақтың екі ханы жатыр. Қарт Қаратаудың әр қойнауы толған сыр ғой. Анау Баба ата, Құмкент, Шашты Әзиз әулие – бәрі-бәрі құпиясын ішке бұғып жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай тарихқа қанығар едің, шіркін, қолды бір босатып алып зерттер ме еді» деп армандаған екен.
Сөз жоқ, Созақ, Әзіреті Қаратау – қазақтың төл шежіресіне тұнып тұрған өңір. Тау баурайында табиғаты көркем, киелі жерлер көп. Соның барлығын көзіңмен көріп, ауасымен тыныстай білгенге не жетсін! Кешегі арғы аталарымызға орнықты орда болған, бергі аталарымызға қайыспас қорған болған қасиетті Созақ қазақтың қарашаңырағы.
Екі мыңжылдық тарихы бар Созақ қаласы, қазақ хандығының алғашқы астанасы болуымен ерекшеленеді.
Қазақ хандығының қалыптасып, даму тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ аулының жерінде жатыр.
Археологиялық зерттеулер Созақ қаласының тарихы екі мыңжылдан асатынын айтады. Қазақ хандығының дамып, өркендеуінде ерекше үлес қосқан Созақ қаласының орын тепкен жері Қаратаудың батысында, қазіргі Созақ аулының тұсында болған. Бұл жерде орта ғасырға жататын екі қаланың орны бар екен. Алғашқысының аты Тарсатөбе деп аталады. Қала қазіргі ауылдың солтүстік-күншығысына қарай орналасқан. Ал келесісі ауылдың ортаңғы жағындағы жергілікті халық «Өргешігі» деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Ауылда бір емес екі бірдей қаланың ізі жатқанын тұңғыш айтқан қазақтың кемеңгер зерттеушісі Әлкей Марғұлан болатын.
Орта ғасырлық Созақ қаласы тарихының бір парасы – Қазақ хандығының құрылуының алғашқы дәуірімен тікелей байланысты. Ал Қазақ хандығының алғаш құрылған уақыты жөнінде тарихшылардың пікірі әртүрлі. А.П.Чулошников «Очерки по историй казак-киргизского народа» атты еңбегінде Қазақ хандығы XV-XVI ғасыр шеңберінде құрылды десе, тарихшы-ғалым С.К.Ибрагимов «К историй Казахстана» еңбегінде Қазақ мемлекеті XVI ғасырдың 30-40 жылдарында қалыптасты дейді. Орта ғасырлар тарихының маманы, тарихшы ғалымдар Т.И.Султанов және С.Г.Кляшторный «Казахстан, Летопись трех тысячелетий» еңбегінің «О первом Казахском государстве» бөлімінде: «Қазақ хандығы бір мезгілде жүзеге асатын акты емес», – дей келіп: «Қазақ хандығы XV ғасырдың 70 жылдарында құрылды», дейді. Ал археолог-ғалым Мадияр Елеуов «Шу өңірі: Аңыз бен тарих» (Алматы, «Қазақ университеті», 1996) атты ғылыми еңбегінде: «Қазақ хандығы Шу өңірінде қой жылы құрылды», дейді. Қазақша жыл санаудың 12 жылда 1 рет қайталанып келетінін ескерсек, М.Елеуов жазған қой жылы 1456 жылғы, одан кейін келетін қой жылы 1468 жылға тура келеді екен.
Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Осыдан-ақ екі мың жылдық тарихы бар бұл қаланың ерекше мәнге ие болған.
Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады. Елшілік моңғол астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Хутухчин, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузақ, яғни Харчух тауы арқылы Сгнах пен Совран, Харчух, Асон, Отырар, Зернух арқылы Дизакқа жеткені жайлы жолжазбада көрсетілген.
Созақ қаласы осы аймақтағы басты қалалардың бірі болды. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзен-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеуі саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан.
Археолог-зерттеуші Ерзакович аталған қалашықты Х-ХІХ ғасырлардың арасында болған 5 құрылыс қабатынан тұрады деп тұжырым жасады. Ал кейінірек 1982-1983 жылдары жасалған археологиялық топтың зерттемесі Созақ қаласын Х-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген дейді.
Қаланың нағыз көркейген тұсы Қазақ хандығының құрылғандығымен тығыз байланысты. Археолог Ақышевтің мәліметінше, Созақ қаласы арқылы хандықтың басты қалаларына апаратын Суындық, Ақсүмбе секілді асулар өткен. Міне, сол себепті де бұл қала сауда-экономикалық маңызға ие болған. Созақ – Қаратаудың теріскейінде Дешті қыпшақтың даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қалаларға, Шу мен Таластағы ірі орталықтарға апаратын жолдың түйісер тұсында орналасқандығымен маңызды.
Қазақ хандығының тірегі ретінде Созақтың маңызды орталық болғандығын көруге болады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Созақ ірі бекіністің біріне айналды. Жоңғарлардың жойқын шабуылдарына төтеп беріп жатқан қазақ әскерлерін азық-түлікпен, қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған.
Созақтың ірі қала болғандығы тіпті орыс жазбаларында да ұшырасады. Әбілмәмбет ханның тұсында (1743-1745 жж.) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге Қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады.
Созақ қаласының тарихы XIV-XVI ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы «Ақ Орда», «Әбілхайыр хандығы», «Қазақ хандығы», Секілді мемлекеттердің тарихымен ғана емес, ұлтымыздың бірігіп, қалыптасу тарихымен де тығыз байланысты. Қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, кейін күшейіп, Дешті-Қыпшақ пен Сыр бойындағы қалаларды түгел өздеріне қаратқанға дейінгі уақытта, яғни 1465 жыл мен 1510 жылдар арасындағы жарты ғасырға жуық уақыт Қазақ хандығының тірек қаласы – Созақ шаһары болғандығын орта ғасырлық тарихи дерек көздеріне сүйенген «Қазақстан тарихы» бес томдығының ІІ томы атап көрсетеді. Сондақтан да болу керек, Ғұлама ғалым, Ә.Х.Марғұлан өзінің «Көне Қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» еңбегінде: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, қазіргі Созақ кентінің жанында сол аттас қала бар. Ол қазақ жерін бірлестірудің бастапқы кезеңінде, Қазақ хандарының тірегі болған», деген сөзінде сырға толы, терең тарихи ой жатыр.