Түркістанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының гастрольдік сапары басталды. Алғашқы боп белгілі драматург Роза Мұқанованың аты аңызға айналған «Мәңгілік бала бейне» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарланы Болат Атабаевтың бірегей қойылымы қазіргі таңда қалпына келтіріліп, көрерменіне тағы бір мәрте жол тартты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, келген қонақтарға өңір басшысының сәлемін жеткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов түркістандық көрерменге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Спектакльде адамзат әлемінің бүгінгі тағдыр-бейнесі, моделі атомдық эксперименттің объектісі болған Қарауыл ауылы өмірінің ащы ақиқаты мүгедек қыз Ләйлә және оның әлеуметтік ортасы арқылы зерделенеді. Қарауылдың адамгершілік барометрі, табиғи рух сәулесі Ләйлә еді. Оған өз еркімен өмірден баз кештірген атом ғана емес, адамдар да. Ол үнемі аймен сырласатын. Оқиға соңында Ай да, Ләйлә да бір-бірін қимай мәңгілікке қоштасады. Әңгіме Ләйләнің өмірмен қоштасуымен аяқталады. Тек бір ғана кейіпкер өмірін мысалға ала отырып, Семей қасіретінің елге тигізген зардабын, өмір қиындықтары көрсеткен туындыдан көрермен қауым ой түйіп қайтты.
15 мамырға дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Түркістан музыкалық драма театрының және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының сахналарында қала тұрғындары мен қонақтарын күтеді.
Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы академиялық драма театры шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды. Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер ат салысты, ал, алғашқы режиссерлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев еді.
Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры өзінің 99 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Ұлттық рухани игіліктеріміздің іргетасы шайқалмауына, имандылық адамгершілік ұстындарының сақталуына ерен үлес қосты. Театр ашылған кезде ұлт ардагерлері, «жалпы театр емес, қазақ халқының ұлттық ерекшелігінен туындайтын өзіндік келбеті бар» театр болса деп армандаса, сол биік арман бүгінде әбден жүзеге асты. Бұл — бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің және мемлекетіміз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың нәтижесі. Қара шаңырақ театр ұжымы биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, заманауи талаптарға сай, жаңа заман адамын қалыптастыру; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қызмет ете береді.