Киелі Қазығұрт тауының етегін әулие әмбиелер жайлап жатыр десе де болады. Солардың ішінде Ақбура әулиенің кесенесі ерекше назар аудартады. Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда, Қожа Ахмет Ясауидің заманында өмір сүрген. Әулиеледің сұлтанының ең үздік шәкірттерінің бірі болған екен. Азан шақырып қойған есімі – Ақберген.
Қазығұрт тауының оңтүстік етегінде, табиғаты әдемі тыныш салқын жерде Ақбура кесенесі орналасқан. Кесене төңірегінде ондаған бұлақ ағып төменірек өзен болып ағады. Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан Ақбура әулие кесенесі – жаз ауасы түсе салысымен зиярат етушілер ағылатын орындардың бірі. Бірі перзент сұрап келсе, енді бірі денсаулығына шипа тілейді.
Ақбура әулие туралы нақты дерек жоқ. Ата-бабаларымыз айтып кеткен аңыз бойынша, ол Қ.Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Оның әкесі, атасы, бабасы дін жолын ұстанған. Емшілік қасиеті болған деседі. Бұл қасиет Ақбура бабаға да дарып, ел ішінде зікір салушы атанған. Ақбураның шын аты Ақтамберді болған делінеді кейбір аңыздарда.
Астына ақ түйе мініп алып ерекше күшке ие болған Ақбура қазақ жерінде ислам дінін таратушылардың бірі болыпты. Ол памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрттағы бұлақ басында оқыса, қалғанын Йассыдағы мешітте оқитын болыпты. Түйесіне мініп, тылсым күштің арқасында әп-сәтте Түркістанға жетіп баратын оның аузына үйілген ақ көбік иығына дейін төгіліп жүретін көрінеді. Міне, осыдан кейін оған Ақбура атанып кеткен. Бұл есімді Қожа Ахмет Ясауи берген делінеді аңыздарда.
Ақбура әулие үнемі зікір салып, аузынан ақ көбігі ағып жүретін болыпты. Оның киелілігі сол, таң намазының 2 рәкәтін бұлақтың басында, ал, қалған екі рәкәтін Түркістанға барып, жамағатпен бірге оқыған деседі. Ал, жұма күні Меккеде сәжде ететін болыпты.
Ел арасында оның бурасының құстай ұшатыны жайлы аңыз-әңгімелер аз емес.
Ақбура әулие мекендеген жердің өзі, яғни қасиетті Нұқ Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы ежелден киелі саналады. Бүгінде мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен ниет етіп келушілер Ақбура әулие кесенесінің жанындағы бұлақтан су ішіп, өздерімен бірге алып та кетеді.
Соқыр, жүре алмайтын адамдар емделіп кеткен оқиғалар болыпты. Бірақ көбінесе бала көтере алмайтын әйелдер келеді екен. Егер Ақбура әулие түсіне кірсе, тәуір болудың нақты белгісі екен.
Ақбура әулие дүниеден өткенде оның бурасының көзінен жас көл болып ағып, орнынан тұрмай тасқа айналған. Сол тастың қуысынан ағып жатқан бұлақ, ақ бураның иесін жоқтаған көз жасы деседі.
Ақбура бабамыздың қасиеттері жетерлік. Елде табиғат апаты секілді тосын жәйттер болатын кезде ол ақбура болып боздап белгі береді. Болашақты болжай алады. Мұнда жеті шырақ жағу дәстүрі бар. Қажылар жеті шырақ жағып, намаз оқыған көрінеді.
Бүгінде кесенеге зиярат етушілердің қарасы қалың. Шырақшылар олардың ішінде, әсіресе, сал ауруынан жазылғандардың көп кездесетіні жайлы әңгімелейді. Бала сүюді аңсап жүрген әйелдердің де мұнда жиі келетіні байқалады. Егер науқас Ақбура әулиені түсінде көрсе, бұл оның ауруынан тез сауығып кетуінің белгісі екен.
Келесі бір аңыздарда:
«Ақбура әулиенің ата-анасы қасиетті Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс бөктерінде жасапты. Әкесінің есімі – Имамәлі, шешесінің аты – Нұржамила болыпты.
Ақбураға ата-анасының азан шақырып қойған шын әсілі аты – Мұхаммедәлі екен. Оның дүниеге келгені мен әулиелік мақамға жеткені және Ақбура деген қосалқы атқа, яғни лақапқа ие болғанының өзі кереметке барабар, ғажайыпқа толы аңыз әңгіме.
Анасы Нұржамила оған жүкті болып, ай-күні жақындаған кезінде, әкесі Имамәлінің түсіне бір аппақ сақалды шал кіріп:
– Сенің жарық дүние есігін ашқалы отырған перзентің үлкен керемет қасиетке ие болады. Азан шақырып, оның атын Мұхаммедәлі деп қойғын. Тек іштен көзі соқыр болып туылады. Оған сабырлы болғын. Есі кіре бастағанда намазды үйреткін. Құраннан хабардар еткін. Жүрегіне иманның нұрын қондырғын. Балаңның иманы толық болған кезінде, көзі ашылады. Оның жасы үш мүшелге толғанда, басына бақ қонады. Қырық жасында дұға тілегі қабыл болып, жолы ашылады, – депті.
Аллаһтың түсінде берген бұл аянын Имамәлі Нұржамилаға айтады. Алайда әйелі:
– Сонда мен соқыр бала көтеріп келдім бе?! Жаратушы ием Құдай тағала бізді осылай етіп жазалайтындай нендей күнә жасаған едік?! – деп сабырсыздық танытып, ерінің айтқан әңгімесін шорт кесіп үзіп, соңына дейін тыңдамапты.
Имамәлі:
– Ондай күпір сөз сөйлеме, – депті де, оны әрі қарай мазалауды жөн көрмепті.
Ай-күні уақыты жетіп, ұл бала жарық дүниеге келіпті. Әкесінің түсінде аян бергендей, расында да перзенті іштен соқыр болып туылыпты. Оны көргенде шешесі:
– Ойбай, мен шынымен де соқыр бала тудым ба?! – деп тағы да сабырсыздық көрсетіп, іштей нала болыпты.
Имамәлі тағы да:
– Сабырсыздық танытпа, өзіңді бас, ұстамды бол, – деп оны сабырлы болуға шақырыпты. Әке жүрегі қуанып, баланы қолына алып, оның арқасынан бір алақандай мөрге ұқсас қалың қалды байқап, түсінде берілген аянға шүбәсіз сеніпті. Азан шақырып, баланың атын Мұхаммедәлі (бір нұсқада Ақберді дейді) деп қойыпты. Мұхаммедәлінің ата-анасы Имамәлі мен Нұржамиланың отбасынан дәулет арылмапты. Олар төрт түлік малға сай болыпты. Әсіресе оның ішіндегі ұлығы түйені өте көбейтіп өсірген екен.
Бірде Мұхаммедәлінің түсіне ақ сақалды шал кіріп, аян беріпті. Ол: – Түйенің арасында бір аруана аппақ еркек бота туады. Соны өз мүбәрак құтты қолыңмен жетелеп өсіргін. Кейін оған керемет қасиет қонады, киелі ақ бура болады. Сол кезде оған өзің мініп жүретін боласың, – депті.
Көп ұзамай расында да түйенің ішінде бір аруана аппақ еркек бота туады. Оған Мұхаммедәлінің ерекше ықыласы түсіп, ботаны өз қолымен жетелеп жүріп, күтімі мен бабын келтіріп өсіреді. Ол сондай сүйкімді, киелі, қасиет қонған ақ бура болады. Кейін Мұхаммедәлі үнемі сол ақ бурасына мініп жүретін болыпты.
Оның керемет емшілік қасиеті болыпты. Мұхаммедәлі түрлі шөптерден дәрілік шәрбаттар дайындапты. Сырқаттарға сол шәрбаттарды қолданып қана қоймай, сонымен бірге тамағы баспа болған, мұрнына жел түскен, елермелеп қалған және басқа да науқасқа шалдыққан адамдар мен балалар дертіне шипа сұрап алдына келгенде, оларға дем салып оқып, «сүф» дегеннен-ақ дертінен лезде айығып кете беріпті.
Әулиенің аппақ бурасы да сондай қасиетті болыпты. Өзі бурасының үстінде кетіп бара жатып, түйесінің қылшық жүнін сипалап-сипалап жіберіп, түгінен бір талын жұлып беріп, бар болғаны «осы түкті түтетіп жіберсең жетеді» дейді екен. Одан да көп адам шипа тауып, шапағатын көріпті.
Мұхаммедәлінің емшілік қасиеті мен киелі ақ бурасының даңқы төрт тарапқа жайылыпты. Содан алып денелі, аузы дуалы, табиғатынан таза, тақуалық жолда жүрген, сондай киелі, қасиетті, әулие кісі Ақбура атанып кетіпті. Ақбураның тентекшілдеу бір әдеті болыпты. Ол киелі, қасиетті ақ бурасына мініп, төрт түлік малын жайып жүріп, алдынан су кездессе:
– Айрыл! – деп бұйыра сөйлеп, қолындағы қамшысымен сілтеп ұратын көрінеді. Сонда оның керемет қасиеті сол, су айрылып, алдынан жол ашып береді екен.
Ақбура әулиенің бойындағы бұл тентекшілдеу әдет – анасы Нұржамиланың әлгі сабырсыздық (баласының көздері соқыр болып дүниеге келетінін алғаш естігенде ұстамдылық танытпаған) көрсетіп, нала болғанынан, одан қала берді ақ сүтінен дарып еніпті. «-делінген екен.
Ақбура әулие рухына арналып тұрғызылған кесене 1991 жылы Өзбекстанның Шайхантәуір деген жердегі Төлеби бабамыздың кесенесінің үлгісінде салынған. 2011 жылы қайта жөндеуден өткізіліпті.
Қазіргі таңда қасиетті Қазығұрт тауына және оның төңірегіндегі киелі орындарға, ұлық әзіз әулие-әнбиелерге, олардың ішінде, әсіресе Ақбура Атаның басына зиярат етушілер, оларға түнеуге келушілер саны артып, толастамай ағылуда.