Home Тарихи мұра ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ — ЕЛІМІЗДЕГІ АСА ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ — ЕЛІМІЗДЕГІ АСА ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР

Daismedia.kz

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі — Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер. Бұл ғажайып сәулет өнерінің туындысы өз бойына ертеден келе жатқан жергілікті және Шығыс мұсылман құрылыс тәжірибесін жинақтаған бірегей ғимарат. Бұл ғажайып ғимарат Әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Яссауиге зор құрмет ретінде, оған деген халықтың шексіз сүйіспеншілігіне орай, Әмір Темірдің бұйрығымен 1397 жылы салына бастаған. Қ.А. Яссауи сәулет ғимараты айқын, дәл әрі үйлесімді жоспармен салынған. Деректерде Әмір Темір кесененің салынуына бұйрық беріп, әрі жобасын жасауға да тікелей қатысқан.

Қожа Ахмет Яссауи сәулет ғимараты — аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5м, ұзындығы — 65м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасы — 18,2 м және биіктігі — 37,5м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Қ.А. Ясауи кесенесі жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын, діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі, аса зор кешенді құрылыс болуымен ерекшеленеді.

1103 жылы дүниеге келген Ахмет Яссауи ислам сенімінің тылсым көрінісі болып саналатын сопылық ілімнің дамуына ерекше ықпал еткен рухани көсем болды. Яссауи өлеңдерімен, тағылымымен көшпелі түркілердің ислам дінін таратудағы маңызды рөлін көрсетті. Ахмет Яссауи ХІІ ғасырда бірнеше аймақтық мектептерге айналған сопылықтың түркі тармағының басшысы бола білді.

Аңыздарда Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы оны түйеге мінгізіп, түйенің аялдаған жерін мекендеуді бұйырған көрінеді. Ол ежелгі ссы қаласы, қазіргі Түркістан болып шыққан. Алайда оның ілімінен басқа өмірі туралы мәлімет аз. Ол Ясыға қайтып оралғанға дейін Бұхарада біраз уақыт ислам дінін зерттеген деседі. Ежелгі жазбалар оның өмірінің соңғы жылдарын жерасты мешітінде өткізгенін көрсетеді.

Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы. Қорық-мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі 90 гектар. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғасыр), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғасыр), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғасырла), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті секілді археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.

Аңыздарда Түркістандағы әулиенің әруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүниежүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды.
Шараф-ад Дин Әли Маздидің «Жеңістер кітабы» деп аталатын еңбегінде Темір 1397 жылы Ясыда болған кезінде Ахмет Яссауидің атына лайық зәулім ғимарат салу жөнінде жарлық бергені жайлы жазылған.

Тарихи жәдігер геометриялық өсімдік іспеттес ою-өрнектермен және жазу-суреттермен безендірілген.
Сол жақ қабырғанының үйлесім тапқан тұстары сұлу иіндермен сүбеленіп, бояуы қанық өсімдік өрнектерімен безендіріліп алты қырлы майолика тақтайшалармен тысталған. Бүйір жазықтары (батыс және шығыс) күйдірілген түрлі-түсті әшекейлі қыштармен көмкерілген. Көгілдір тақталармен өрілген геометриялық өрнектер (гирих) өте айқын, бояу реңінің үйлесімен айнала қоршаған нәзік сызықтар тұтас композиция іспетті үндесіп тұр. Ғимараттың оң жақ бөлігіндегі басқа қабырғалардың биіктігі 13 метр, жоғары жағында екі 2,5 м болатын эпиграфикалық басқұр берілген. Ол құран сурелерінен тұратын сөздер геометриялық өрнектермен үйлесім тапқан.
Қазандық – комплекстегі ең сәулет зал. Бұл диаметрі 18,2 метрге жуық шар конус пішініндегі асқақ күмбезбен жабылған. Қазандық қабырғаларының дәл төбесінен ұштары төмен төнген қатпар-қатпар сталактиттер биіктігі 39 метрлік ақ күмбезге барынша сұлу, мейлінше асқақтық көрік беріп тұр. Залдың дәл ортасында Түркістаннан 25 шақырым жердегі Қарнақ қыстағында жеті металдың қосындысынан құйылған алып тайқазан тұр.

Тайқазан бір кездері Санкт-Петербургтегі Эрмитажға «Иран өнері мен археологиясы бойынша III халықаралық конгресіне» алынған. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлтжанды азаматтардың бастамасымен тарихи Отанына қайтарылды. Бұл жөнінде ҚР ҰҒА Философия және саясаттану институтының ғылыми қызметкері Аманжол Мейірманның «Ана тілі» газетіне жарияланған «Тайқазан» мақаласында жазылған.

«Асқақ мәдениетіміз­дің заттай айғағы болған Тайқазан­ды осылайша басыбайлы Иран мәдениетінің еншісіне ұстатып жі­беруге талпыныс тарихымызға жа­салған көп қиянаттың бірі еді. Яссауи кесенесіне сыйға тартылған құнды жәдігерді ирандық ұсталарды жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, Тайқазан – терең дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан рухани төл мұрамыз болатын», — делінген мақалада.

Бірлік пен қонақжайлықтың көрінісі болған тайқазанның диаметрі – 2,4 метр, ал салмағы – екі тоннаны құрайды.

Ахмет Яссауи кесенесі Темір кезеңінің айтулы төрт ескерткішінен бағалы. Олар – Шахрисябздегі Ақсарай, Доруссиядат (Темір әулетінің зираты), Самарқандтағы Бибі ханым мешіті.
1978 жылы Ахмет Яссауи архитектуралық комплексі музей ретінде ашылды. Музей экспозициясы ескерткіштің құрылымы мен безендірілу ерекшеліктерімен, ежелгі Түркістан қаласының құрылысымен, Қазақстан жеріндегі жазба мәдениетінің тарихымен, қазақ халқының қолөнерімен таныстырады.

Ғимараттың кіреберісіндегі есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазу бар. Ол жерден: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!» деген сөздерді оқуға болады.

Ахмет Яссауи исламның таралуына ықпал еткен сопылық идеясын алға тартты. Ғасырлар бойы оның жазбалары Түркістанның мәдени өрлеуіне ықпал етті. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүгінгі ұрпақ үшін маңызды зиярат орны болып қала бермек.

You may also like

Leave a Comment