Қазақстан Республикасының «Ұмай» екінші ұлттық сыйлығының иегері, сондай-ақ «Айрықша пластикалық шешім», «Үздік балет спектаклі», «Ең үздік пластикалық қойылым» секілді бірқатар кәсіби марапаттарға ие «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі бүгін театр сахнасында ұсынылды.
Қойылымды тамашалаған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Орталық сайлау органдарының басшылары, халықаралық конференция делегаттары мен медицина саласының өкілдері туындыға жоғары кәсіби деңгейде орындалған қойылым ретінде бағаларын беріп, ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Қорқыт ата — түркі халықтарының ортақ рухани абызы, ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата — ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде белгілі. Әрі күйшілік, жыршылық өнерлерінің рухани атасы. Қорқыт Ата мұрасы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілген.
Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі — түркі халықтарының рухани абызы, қобыз аспабын дүниеге әкеліп, мәңгілік мұрасын — ғажайып күйлерін қалдырған өнер пірі — Қорқыт бабамызға арналған. Жер дүниені алай-дүлей дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап дүние келген Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилеген бабамыз көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне — дүниенің кіндігі саналатын Сыр-Дарияға оралады. Ұлы өнерін өлімге, жалпы, тіршілік дағдарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйлесімсіздік пен араздықтың алаңына айналдыруға тырысқан пері қызы — Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленген. Рухани тамырларымыздың алтын өзектері қандай? Замана ағымындағы шынайы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осындай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой салады.
«Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан.
Қорқыт ата (шамамен, X ғ. басында дүниеге келіп, XI ғ. басында дүниеден өткен) – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, күй атасы.
Алтын бесік Алтай кезеңінен кейін тарих көшінің кезекті бір ауысымында алып Еуразия кеңістігінің саяси-мәдени кіндігі болып қалыптасып, қасиетті түркі халықтарының өсіп-өнген киелі мекені Ұлы Дала-Қазақ Даласының ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі жалғасып отыратын даналық сөз өрнегінде қазыналы көмбе, әуен өнерінің сырлы сазында қайталанбас мұра қалдырған ұлы тұлғалардың бірі – Қорқыт ата. Қорқыт – бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Оның есімі исі түркі халықтарының жадында, рухани танымында үлкен құрметпен сақталып жеткен. Түркі рухани кеңестігінде ол бақсылық өнердің пірі, күйші, қобыз аспабын жасаушы, сәуегей ойшыл жырау, даналық сөз үлгісін қалдырған тұлға болып танылады.
Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі – Х ғасырдың басында Сырдария бойында бой көтерген Оғыз мемлекеті. Астанасы Сырдарияның Аралға құяр сағасындағы – Жаңакент (Янгикент) қаласы. Ол қаланың қираған орны қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы елді мекенінің маңында.
Қорқыттың дүниеге келу аңызы оның есімінің не себептен «Қорқыт» аталғанын түсіндіретін халықтық этимологияның мазмұнынан туындаған. Қорқыттың дүниеге келген, кіндік қаны тамған жер – Қараспан тауы. Қорқыт дүниеге келерде анасы жабайы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде есте сақталған мынадай сөз бар:
Қорқыт туған кезінде
Қараспанды су алған,
Қара жерді құм алған
Ол туарда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған [5, 105 б.].
«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген философиялық мазмұндағы тәмсіл сөз туындауына себеп болған екінші бір әпсана Қорқыттың түс көруіне байланысты оқиғадан өрбиді. Оның қысқаша мазмұны мынадай: «Қорқыт бірде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бейтаныс кісілер көп қазып жатады. Қорқыт: «Бұл кім үшін қазылып жатқан көр?», деп сұрайды. «Қорқытқа қазып жатырмыз»,- деп жауап қатады көр қазушылар. Түсінен шошып оянған Қорқыт өлімнен қашып құтылмақ болады. Сөйтіп, ол дүниенің төрт бұрышын аралайды. Бірақ барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Ажалдан қашып құтыла алмайтынына көзі жеткен Қорқыт енді жер ортасы – Сырдарияға, өзінің туған жеріне қайтып келеді. Ажал кенеттен келіп қалмасын деп ол өзеннің ортасына кілем төсеп, өзі жасаған қобызды тартып, өмір сүре береді. Бір күні әбден қалжыраған ол қалғып кетеді. Сол мезетте ажал жылан түрінде келіп, оны шағып өлтіреді».
Аталмыш әпсананың халық арасына кең тараған бірнеше нұсқасы бар. Келесі бір нұсқада өлімнен қашқан Қорқыт Желмаяға мініп батыс пен шығысты да, оңтүстік пен солтүстікті де шыр айналып шығады: «Таң ертемен өзінің желмаясына отырып, әуелі батыс жаққа (магруб) аттанады; ол жаққа барған соң, өзіне көр қазып жүрген адамды көреді. Қорқыт одан соң оңтүстік тарапқа (джунуб), одан соң шығыс тарапқа (машрик), одан соң – солтүстік тарапқа (шавал) барады, барлығында да өзіне көр қазып қойған адамды көреді. Бұдан құтылудың жолын білмей, амалы қалмаған Қорқыт құдайдан қайда барғанда ажалдан құтылуға болатындығын сұрайды. Сонда көктен естілген дауыс: «Шыққан жеріңе қайтып орал, ақымақ! Сол жерде ғана мәңгі байыз табасың, сол бұрынғы өмір сүрген жерің – жердің кіндігі», – дейді.
Қорқыт атадан түркі халықтарының рухани қазынасында екі үлкен көмбе қалған. Бірі – Қорқыттың күйлері, сол күйлердің шығу себебін баяндайтын күй-аңыздар. Екіншісі – «Қорқыт ата кітабы». Біздің дәуірімізге жеткен Қорқыт күйлері: «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», «Тәңір күйі», «Желмая», «Елім-ай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Қорқыт сарыны-1», «Қорқыт сарыны-2».
Қорқыттың күй-аңыздары тағдыр ісіне шарасыздықты, дүниенің өткінші баянсыздығын, адам баласының қайғы-мұңын шағатын мазмұндарға құрылған.
Қорқыт ата кітабы (Китаби дәдәм Қоркуд). ХҮ-ХҮІ ғасырларда жазбаға түскен «Китаби дәдәм Коркуд» туындының толық атауы – «Китаб дәдәм Коркуд ғали лисан тайфа оғузан». Қазақша мағынасы «Оғыз тайпасының ұлы тілінде жазылған Қорқыт ата кітабы». Қазіргі таңда «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы бар: біріншісі – Дрезден (Германия), екіншісі – Ватикан (Италия).
Қазақ ғалымдары Қорқыт мұраларын зерттеуге ерекше үлес қосып келеді. Қорқыттану бағытында ерекше қолтаңба қалдырған ғалымдар қатарына М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Жолдасбеков, Ш. Ыбырай, С. Қасқабасов, Е. Тұрсыновтарды атауға болады. 1999 ж. Қорқыт ата энциклопедиясы жарық көрді. Сол жылы Қазақстан «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтті.
Қазақ даласында Қорқыт есіміне қатысты архитектуралық бірнеше ескерткіштер бар. Соның ең айшықтысы – Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде орналасқан кешенді ескерткіш. Қызылорда қаласының орталығында Сырдария өзенінің жанына Желмая мінген Қорқыт ескерткіші қойылған. Қызылорда университетіне Қорқыт ата есімі берілген. Осы университеттің құрылымында Қорқыттану орталығы жұмыс жасайды. Қорқыт атында Қызылорда, Алматы қалаларында көше бар.