Бүгін Сауран ауданы әкімдігінде шетелдік инвесторлармен жұмыс бабындағы кездесу өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, сондай-ақ тиісті бөлім басшылары қатысты.
Кездесу аясында Ухань қаласынан келген «Wuhan Commercial Biotech Co., Ltd.» ғылыми-техникалық компаниясының өкілдері өз жобаларын таныстырды. Аталған компания 2010 жылы құрылған. Негізгі бағыты — биологиялық және полимерлік материалдардан жасалған бір реттік медициналық бұйымдарды өндіреді. Компания медициналық өнімдер өндірісі бойынша 61 мемлекеттік патентке ие жоғары технологиялық кәсіпорын ретінде танылған.
Кездесу барысында шетелдік инвесторлар Сауран ауданының Иассы өндірістік аймағынан арнайы жер телімін көрді. Алдағы уақытта бұл аумақта бір реттік медициналық қолғаптар өндіретін зауыт ашу көзделіп отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жобаның іске асуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады деп күтілуде.