Қытайдың Нанчанг қаласында байдарка мен каноэда ескек есуден өткен Азия чемпионатында Түркістан облысының спортшылары ұлттық құрама сапында сәтті өнер көрсетті.
Құрлық додасына Азияның 20 елінен 244 спортшы қатысты. Айта кетейік, бұл чемпионаттың нәтижелері алғаш рет ICF Халықаралық ескек есу федерациясының әлемдік рейтингіне енгізіліп отыр. Бұл – жарыстың мәртебесін арттыратын маңызды жаңалық.
Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жарыс барысында 7 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 2 күміс және 2 қола.
Жеңімпаздар тізімі:
Ольга Шмелева – алтын, байдарка (екі адамдық), 500 метр.
Ольга Шмелева – Артем Терещенко – алтын, байдарка (екі адамдық, микс), 500 метр.
Ольга Шмелева – алтын, байдарка (төрт адамдық), 500 метр.
Полат Туребеков – күміс, каноэ (екі адамдық), 500 метр.
Бекарыс Раматула – күміс, байдарка (жекелей), 500 метр.
Ольга Шмелева – қола, байдарка (төрт адамдық, микс), 500 метр.
Ольга Шмелева – қола, байдарка (жекелей), 200 метр.
Алға қойылған жоспар толық орындалды. Облыстың бапкерлер құрамы жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалып, күткен нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервін даярлау мектебінің директоры Денис Жарменовтің айтуынша, бұл жарыс түркістандық спортшылардың Азия деңгейінде жоғары әлеуетке ие екенін көрсетті.
– Бұл нәтижелер 2026 жылғы Азия ойындарында жүлделі орындардан үмітті екенімізді дәлелдейді, – деді ол.