Home Жаңалықтар ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Daismedia.kz

Бүгін түркі дүниесінің рухани астанасында айтулы жоба – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды. Биылғы фестиваль ережесіне өзгерістер енгізілді. Өнерлі көштің керуенін алғаш болып Ордабасы және Түлкібас аудандары бастады. Фестивальдің ашылуында Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз сөйлеп, аудандарға сәттілік тіледі.

Қос аудан өнерпаздары ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Жалпы фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер жұмыстары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Фестиваль үш кезеңнен тұрады. Жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Ақтық кезеңде үздіктер анықталады. Өнерпаздардың өнері жанрлар бойынша кәсіби қазылар алқасымен бағаланып, ұлттық нақыш пен сахналық мәдениетке баса назар аударылады және ұйымдастырушылық деңгейіне баға беріледі.

Өнер додасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф Ақниет Әмзехан қазылық етеді.

Аудан-қалалар жеребе арқылы жұптасып, сахнада бір-бірімен сынға түседі. Бұл өңір өнерпаздарының шеберлігін шыңдап қана қоймай, көрермен қауымға қызықты бәсекелі өнер думаны болмақ. Фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту, халық шығармашылығын жаңғырту, жасұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру.

Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айларында өтеді. Ертең, 16 мамыр күні сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінде Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласы жалғайды.

You may also like

Leave a Comment