Тарихты білу — адамның өзін, өз Отанын тануына, ілгері басуына, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, болашақтан үміт үзбей, үйлесімді дамуына аса қажетті іс деп білеміз. Тарих дегеніміз – нағыз қарапайым адамдардың өмір жолы, ата-әжелеріміздің өмірі, олардың тілегі мен талпынысы, құмарлықтары мен жеңістері сонымен қатар өмір жолында кездескен жеңістері мен жеңілістері.
Найзаның ұшымен білектің күшімен ұлтарақтай жерін жауға бермеген ата-бабамыздың бізге аманаттап қалдырған кең байтақ даламызда сырын ішіне бүгіп жатқан әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи нысан Түркістан облысы, Шардара ауданында орналасқан «Ұзын-Ата кесенесі».
Ұзын Ата кесенесі Түркістан облысы, Шардара ауданы, Ұзын ата ауылы мен Алатау батыр ауылының ортасында, Арыс – Шардара тас жолының сол жағында 1 км қашықтықта орналасқан.
Кесене 25×26×6×5 см келетін төрт бұрышты күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кесене көлемі 11,35 × 9,70 м, есігі солтүстік – шығысқа қараған, күмбезді құрылыс. Биіктігі 6,40 м, алдыңғы арканың биіктігі 9,10 м, арканың алды кең ашық 4,15 м, кірер есікке дейін 1,85 × 1,74 м, есік ені 1,22 м.Арканың екі қапталындағы қабырғаны үш қатар кірпіштермен шығыңқы етіп қалаған. Қабырға қалыңдығы 65×68 см аралығында.
Кесене ішінің оң жақ бұрышында төбеге көтерілетін айналмалы баспалдақ бар. Есік аузы 67 см, биіктігі 2,40 м, кесененің сол жақ бұрышында жерасты бөлмесіне (хлует болуы мүмкін) баратын есік ені 70 см, биіктігі 1,60 м. Бұл есікті кейіннен сақтық үшін жауып тастаған.
Кесененің ішкі төрт қабырғасында ені 3,10 м, биіктігі 3,55 м болатын төрт арка жасалған, үлкен аркалардың үстінгі жағына кіші 8 арка жасалынып одан кейін үлкен күмбез тұрғызылған.
Кесененің ортасында Ұзын Атаның мүрдесі қойылған деген құлып тас орналасқан, ұзындығы 3 м, ені 70×80 см, биіктігі 1 метрге жуық.
Кесененің төменгі жер астында екі бөлме бар делінеді. Соның бірі – көрхана бөлмесі. «Көлемі 4,18 × 4,22 × 4,24 × 4,16 м, ішкі биіктігі 1,90 м,еденіне құм төселгендіктен 5-қатар кірпішті құм жауып қалған,сол денгеймен есептесек жер асты бөлмесінің жалпы биіктігі 2,20 м болады, жер асты бөлмесіне түсетін жер, кесененің кіре беріс есігінің алдында.
Кесененің төменгі жағында екі жер асты бөлмесінің болуына қарай, бұл құрылыс өте беделді тұлғаға арнап тұрғызылғаны байқалады. Әзірге Қазақстан аумағында екі жер асты бөлмесі бар кесене Ұзын Ата кесенесі.
Ұзын Ата кесенесінде екі жазу тақтасы бар. Оның бірі кесенеге кірер есіктің оң жағындағы ағаш тақтайшаға қазіргі әріптермен жазылған. Онда «Бұл кісі 778-ж хижря опат болған. Шырмұхамбет Халипа Дүрман ұлы.21 шауел айы (май айы) қайтыс болған.
Руы Қарахандық Әзіретәлінің тұқымы 1040 әскермен күн жарымда салып бітірді. Ол уақытта 1384 жыл екен».
Ұзын Ата кесенесінің маңдайшасындағы араб әріпімен жазылған жазуларына жүргізілген талдау.
Шағатайша жазбасы
1328 – инчи Сак йилинда.
Менки – Мулла Жаһм, Назар Шайх Ширмухаммад Халифа уғлидурман.
Уша Бузругнинг башиға уста Пискант деган Ташкентликке қайтадан қилдирдим.
21- инчи Шаууаль айында.
Уаллаһу ағләм ( Алла билувчи)
Қазақша аудармасы
1328 – інші Ит жылы.
Мен – Молда Жахм, Назар Шейх Шермұхаммед Халифаұлымын.
Осы Әулиенің басына Піскенттік ұста деген Ташкенттікке қайта соқтырдым.
Шәууел айының 21-күні.
Алла білуші!
Ұзын Ата өз заманының ойшыл, білімді, өмірде болған тұлғаларының бірі. Бұл әулие кісі туралы қазіргі ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Әмір Темірдің бас кеңесшілерінің бірі және Әмір Темірге үнемі ақыл-кеңес беріп жүретені айтылады. Қазірдің өзінде кей кітаптар мен белгі тастарда осылай жазылып жүр.
Қолда бар көне кітаптарға үңілсек, олардың еш қайсысында Ұзын Атаның Әмір Темірмен бірге болғаны жөнінде дерек кездеспейді.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, «Ұзын Ата» кесенесін әлемге әйгілі Әмір Темір көрегеннің өзі салдырған. Тарихына үңілер болсақ, түркі жұрты кие тұтатын «Арыстан бап», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелерімен қатарлас іргетасы қаланған тарихи көне жәдігер.
Біздің заманымызға «Ұзын Ата Әулие» есімімен жеткен Шермұхамбет Халипа Дүрманұлы – бүкіл Орта Азия жұртына имандылық нұрын шашқан діни қайраткер, ағартушы – ұстаз болған. Сол себепті баба басына Орта Азия елдерінен көптеген кісілер зиярат етіп, келіп тұрады.
Көптеген тарихи деректерде бұл кесенені Әмір Темір көрегеннің өзі салдырғандығы туралы деректер бар, оның ішінде:
— Барлық ғұмырын Орталық Азия аймағын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым, академик В.В. Бартольдтың тарихи еңбектерінде жазылған.
— Әмір Темір көрегеннің өмірбаяны және атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жеңістері туралы XV ғасырда 1425 жылы жазылған атақты парсы тарихшысы Шарафаддин Яздидің «Зафар наме» (Жеңіс кітабы) кітабындағы дерек бойынша «Ұзын Ата әулие» кесенесін Әмір Темір Көреген 1040 сарбаздарымен келіп, 1384 жылы екі күн ішінде салдырып бітірген. Бұл кесенеде қойылған Шермұхамбет Халипа Дүрманұлы – «ҰЗЫН АТА ӘУЛИЕ» хижра бойынша 778 ж., немесе 1357 жылы, шәуіл (мамыр) айының 21 жұлдызында қайтыс болған» деп Кеңес Өкіметі кезінде қойылған кесененің маңдайшасындағы қоладан құйылған тақтайшада жазулы.
Өкінішке орай, бұл аңыз әңгіме ғылыми негізде дәлелін таппай және еш дерек көздерінде кездеспей тұр. Порталдың төменгі жағында араб әрпімен 778 х. жылы (1377) қайтыс болған Дүрманның ұлы Шермұхаммед Халім жерленгені жайлы жазылған. Қолбасшы Ақсақ Темірдің қазақ даласына дінді насихаттауға көп үлес қосқан тұлға екені тарихтан мәлім. Ол айналасына діни ілімі бар адамдарды жинаған. Соның бірі Ұзын ата Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінің бірі ретінде қасында еріп жүрген. Сыр бойы халықтарының ықыласына бөленіп, ел абызы, әлеумет қамқоршысы, аузы дуалы әулие кісі атанған.
Ескі аңыз-әңгімелерде Ұзын атаның шын аты Асан (Хасан деп те айтылады) ата деседі. Ата қонысы – Ұзын ата Тайпақ екен. Әр сөзі дуалы Асан қария Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінін бірі болса керек. Оның Ақсақ Темірге айтыпты деген сөзі ел аузында. Асан ата (Ұзын ата) дүниеден өткенде, байсалды кеңесімен, терең ойымен тәнті еткен бас кеңесшісінің қазасы қабырғасын қайыстырған Ақсақ Темір ол кісінің басына бір күннін ішінде кесене салдырыпты. Ұзын ата осы өңірді мекендеген халықтардың ыстық ықыласына бөленгендіктен әруақты қария, ел атасы – әулие кісі атанған. Зеңгі атадан бата алған екен деген де әңгіме бар. Көп жорықтардың бірінде осы өңірге айлап ат шалдырып, әскерін тынықтырған Ақсақ Темір Асан ата туралы әңгімелерге молынан қанығып, әруағына бас иіп, тағзым етіп, өзінің перзенттік парызын өтеуі ретінде бұйрық беріп, осы күмбезді салдырып кеткені жөніндегі деректер де жұрт жадында қалған. Әмір Темір қаламынан туған «Темір түзігі» атты кітапта: «Мен халықтың тіршілігін жақсы білдім. Зиялыларға бауырымдай, қарапайымдарға баламдай қарадым. Әрбір уәлаят пен әрбір қала тұрғындарының қам-қарекеті мен салт-дәстүріне бейімделдім…» деген жан сыры бар. Ақсақ Темірдің Түркістан топырағына бірнеше рет аяқ басып, Отырарға сан мәрте келгендігін тарих куәландырады. Сондай көптеген сапарларының бірінде Ұзын ата күмбезі бой көтеруі әбден мүмкін деп жорамалдауға болады. Ұзын ата күмбезі қай уақытта салынған дегенге келсек, оның XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бас кезіне сәйкес келетіндігі туралы деректер бар.
Бұл кесененің Кеңес үкіметінің атеизмді насихаттап қылышынан қан тамып тұрған дәуірінде дінге қарсы саясаттың құрбаны бола жаздағаны да рас. 1920 жылдары барлық діндар кісілер қуғын сүргінге ұшырап, діни ескерткіш нысандары бұзылып жермен жексен болғанын тарихымыз растайды. Бұл туралы ауыл қарияларының аузынан да бізге жеткен ақпараттар аз емес. Сол кезеңде бұл нысанды бұзу мақсатына үкіметтің тапсырмасымен келген трактор ішінде (орыс ұлтынан) кісі кесенені бір соққанда 10 метр қашықтыққа лақтырып жіберіп техника сынып, әлгі кісі сол мезетте жан тапсырған екен. Сол жағдайдан соң кесенені бұзуға ешкімнің батылы жетпеген болса керек. Бұл оқиға да Ұзын атаның киелі тұлға болғанының дәлелі десек артық айтпаймыз. Кесененің сыртынан трактор соққан орнын қазір де көруге болады. Бертін келе Кеңес үкіметінің кезеңінде 1964 жылы Шардара ауданы құрылып, «Комсомол» совхозы атауымен аталған ауыл күріш шаруашылығымен айналысқан. Күріштің егістік алқабы үнемі суға толып жататын болғандықтан кесене іргетасы орнынан төмендей бастаған. Ауыл ақсақалдары дереу үкіметке хат жолдап күріш шаруашылығын кесене аумағынан алыстатуды сұрап, дер кезінде тоқтатқан. Сонан соң кесене реставрация жасалып, сыртын темірмен құрсауланған.
2021 жылы кесене ішінен мұражай ашылып, тарихи жәдігерлер қойылыпты, дегенмен әлі де толықтырылуын қажетететін жұмыстар бар. 2022 жылы Республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштер қатарына енгізілді.