Бүгінгі таңда туризм адамдардың өміріндегі басты компоненттердің бірі. Жалпы туризм дегеніміз – ол адамдардың өздерінің тұрақты, үйреніп қалған жерінен, демалу, сауығу, емделу, танымдық, тарихи-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында басқа жерлерге уақытша баруы. Мәдени-танымдық туризм – бұл барған елдің халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, құндылықтарымен таныстыру, рухани таным, мәдени ой-өрісін кеңейту мақсатындағы саяхат. Әлемдік жаһанданудың әсерінен туризм халықаралық сипатқа ие болды. Қазіргі таңда тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне байланысты көптеген туристік бағыттар пайда болды. Солардың ішіндегі ең белгілісі, ең жақсы дамып келе жатқаны – «Ұлы Жібек жолы бағыты», оған көптеген мұражайлар, ескерткіштер кіреді.
Түркістан облысы — Отанымыздың көптеген тарихи және мәдени мұра ескерткіштері шоғырланған аумақ. Бұл жерде ежелгі қалалар, кесенелер, ғибадат орындары орналасқан. Көптеген ғасырлар бойы осы жерлермен Қытайдан Еуропа мен Таяу Шығысқа, атақты Жібек жолы арқылы керуен жолдары өтті.
Түркістанның әр бұрышы, әр мүйісі – тарих. Бүгінде мемлекеттік тізімге алынған өңірдегі мәдени-тарихи ескерткіштер саны кеңес дәуірімен салыстырғанда төрт еседен асыпты. Дегенмен, сол мұраларымызды сақтау, оларды қорғау төңірегінде әлі де түйткілді проблемалар аз емес.
Түркістан өңірінің зерттелу тарихы 1947 жылдан басталады. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік еткен Н.Бернштам, Е.Агеева, К.Байпақов сынды ғалымдардың бастамасымен өңірімізде алғашқы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, көптеген тарихи ескерткіштер есепке алынып, оларды зерттеу ісіне жол ашылды. 1994 жылы «Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область» атты еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің тұңғыш жинағы жарық көріп, оның алғашқы томы Оңтүстік Қазақстан облысына арналды. Міне, осы кітапқа өңірімізден 700-ге тарта ескерткіш енгізілді. Түркістан облысы құрылғалы тарихи мұраларымызды түгендеу, оларды жүйелі зерттеу жұмыстары бұрынғыға қарағанда қарқын ала түсті деуге болады. Дәл қазіргі уақытта Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе және Алтынтөбе секілді Отырар қалашығы маңындағы көне ескерткіштер мен Түркістан маңындағы Күлтөбе, Шойтөбе және Сауран қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының ішінде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылған «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасының маңызы ерекше. Бүгінде бұл жоба аяқталып, туристерге ұсынылатын маңызды нысандардың қатарынан орын алып отыр. Жалпы, Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштерді есепке алу, оларды зерттеу жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Археология ғылыми-зерттеу орталығы», «Отырар» және «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейлері айрықша үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1782 тарихи-мәдени мұра объектілері есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 34 (8 археологиялық, 24 сәулеттік), жергілікті маңызы бар 423 (374 археологиялық, 49 сәулеттік), алдын ала есепке алу тізімінде 1324 (оның 107 сәулеттік, 1155 археологиялық, 62 киелі объект) ескерткіш бар. Бұдан бөлек, монументтік өнер туындылары мен мемориалдық тақталардың саны – 820.
Жалпы, тарихи ескерткіштердің тізіміне археологиялық маңызы бар объектілер, сәулеттік құндылығы бар ғимараттар, монументтік өнер туындылары мен киелі орындар кіреді. Өңірімізде археологиялық ескерткіштер көп, солардың ішінде орта ғасырларға жататын қорымдар мен қалажұрт орындарының саны басым.
Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи ғимараты – XII ғасырда ғұмыр кешкен әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің бейітінің басына орнатылған. Ескерткішті ХІV ғасырда аты көпшілікке мәшһүр болған Әмір Темір салдырған. Бұл кесенемен қатар, Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғ.), Есімхан кесенелері бар.
Домалақ ана кесенесі – Али Сыланқызы Нуриланың мазарының үстіне салынған. Қаратау бөктерінде Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Домалақ ана Байдібек атаның кенже әйелі болған. XI-XV ғасырлары бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған.
Ибрагим ата кесенесі – Сайрамның солтүстік-шығысында орын тепкен. Ибрагим – Ахмет Яссауидің әкесі. Алғашқы құрылысы XII- XIV ғасырларға жатады. Дегенмен, кесене көпке шыдамай құлап қалған, қазіргі үлгісі XIX ғасырға жатады.
Қарашаш ана кесенесінің алғашқы нұсқасы XIII ғасырға жатады. Ал қазіргі кесене XIX ғасырда бой көтерген. Қарашаш ананың шын есімі – Айша-бибі, ол Мұсаның қызы болған. Түріктер арасында кең таралған Қарашаш анаға сыйынып келушілер аз емес. Сайрам ауданында орналасқан.
Оңтүстіктегі киелі орындардың бірі – Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі. Әктасты тау жыныстары қабатындағы ойық үңгірдің ұзындығы – 120 метр, ені – 60-80 метр, биіктігі шамамен – 35 метрге жетсе, төбесі күмбезге ұқсас. Ал 60-70 жыл бұрын «Ақмешіт» үңгірінің ұзындығы – 200 метрдей болған екен. Бұл үңгірге келушілер аяғы үзілген емес.
«Ғайып ерен, қырық шілтен» – Төлеби ауданынан Қазығұрт тауына қарай кететін жол бойындағы Әңгір ата ауылының маңында орналасқан. Бұл киелі жерге байланысты мынадай да діни жорамалдар бар: әулиеліктің жеті сатысы бар: ең жоғарғысы – құтып, одан кейін – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы – Ғайып ерен, қырық шілтен болып саналады екен. Қырық шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Шілтер ата әулиеде үш бұлақ бар: шұрық бастау (суы құлаққа ем), өңеш бастау (суы тыныс жолдары мен кеңірдекке шипа) және көз бастау (суы жанарға дәру).
Үкаша ата зираты – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жырақта орналасқан. Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Мұнда адамның ниетіне қарай су берілетін құдық бар. Келушілер осы құдықтан бұйырған суын алып кетеді. Құдық тік емес, спираль тәрізді.
Ұзын ата мазары – Шардара ауданында орын тепкен. Мазар күйдірілген шаршы пішіндес кірпіштен қаланған. Мазардың шығыс бөлігінде жоғары шығатын баспалдақ, ал батыс бөлігінде шағын бөлме бар. Кіре берісі П әрпі секілді көркемделіп, есіктің үстіңгі жағы сүйірленіп келген аркамен әшекейленген.
Гаухар ана кесенесі – оңтүстік жеріндегі көне ескерткіштердің бірі болып табылады. Өткен ғасырларда жартысы жаңбыр-суға шыдамай құлап қалған көрінеді, тәуелсіздік алған жылдары қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұл орынға ауруына шипа іздегендер көп келеді.
Аппақ Ишан мешіті – Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орын тепкен. Аппақ Ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы етіп тұрғызылған. Жалпы аумағы 6,7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағынан әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан.
Қазығұрт тауының етегінде Қожа Ахмет Яссауидің замандасы, сондай-ақ шәкірті болған Ақбура әулие жатыр. Шын есімі – Ақтамберді. Өз заманында ақ бураға мініп, зікір салған адам болған екен. Сол үшін халық арасында Ақбура атанып кеткен.
Созақ ауданы, Созақ ауылында Қарабура әулие кесенесі бар. Бұл ескерткіш ХІV ғасырда тұрғызылып, ХХ ғасырдың соңында толық жөндеуден өткен. Кесене ақ кірпіштен қаланған, әрқайсысы сегіз қырлы қос бөлмеден тұрады. Төбесі күмбезді болып келеді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, ал екінші бөлмеде ескі кесене бар. Қарабура әулиенің зираты ескі кесенеде жатыр.
Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде. Үңгір аузының биіктігі 3-4 метр болса, ені 9 метрге жете-қабыл, тереңдігі 50 — 60 метрді құрайды. Бұл үңгір тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төменірек өзеннің сол жағасында биіктігі 10-12 метр жартаста диаметрі 15 – 18 см қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.
Дәубаба әулие Арыс өзенінің аңғарында мерт болған. Оның денесі сол жердегі шатқалда жер қойнына тапсырылады. Өз заманында Дәубаба Үйсін мемлекетінің Күнбиі болған екен.
Көз ата әулиесі – Төле би ауданы, Ақбастау ауылында орналасқан. Келушілердің аяғы үзілген емес. Көзді емдейтін әулие кісі осы жерде қайтыс болғандықтан, жанары ауыратын жандар басына жиі келе бастаған.
Бәйдібек баба XІV ғасырда Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, қазіргі Бәйдібек ата елді мекені жерінде дүниеден өткен. Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкенттен арнайы шеберлер келген. Бәйдібек ата заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, ақылшы, қолбасшы ретінде көрінетін аса ірі тарихи тұлға болған.
Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі – Созақ ауданы, Құмкент ауылы маңында орналасқан. Кесене мазар үстіне күйдірілген кірпіштен қаланған. Қасбеттік композицияға құрылған бір үйлі болып келеді. Баба түкті Шашты Әзіз – мұсылмандар арасында әулие атанған.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 шақырымда орналасқан Әлқожа ата кесенесі бар. Теңіз деңгейінен 208 метр биіктікте жатыр. Аңызға сүйенсек Әлқожа ата Гаухар ананың күйеуі болған. Кесене күйген кірпіштен қаланған, ХХ ғасырдың соңында жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Балықшы әулие – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына қарасты Суындық деген жерде орналасқан киелі орын. Балықшы әулиенің басында іші балыққа толы бұлағы бар, суы салқын, емдік қасиетке ие. Әулиеге келіп, түнеушілер ырым етіп, балықтарға жем тастайды. Балығын ұстаған адам жамандыққа тап болады делінеді.
Бүгінде өңірімізде 1782 ескерткіш анықталып, есепке алынып отыр. Олардың саны бұдан әлдеқайда көп екеніне еш күмән жоқ. Әлі де зерттей түссе, жермен-жексен болып, жай ғана төмпешікке айналған көне қорғандар, қорымдар, топырақ астында жатқан көне құлпытастар, яғни сандаған ескерткіштердің табылары анық.
Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау мен ғылыми-зерттеу жағын да ұдайы қаперде ұстаған жөн. Мәселен, Созақтағы Тарсатөбе, Созақ қалашықтары, Шардарадағы Сүткент, Жаушықұм қалашықтары, Қазығұрттағы Сынтас, Тұрбат қалашықтары, Ордабасыдағы Жуантөбе, Қараспантөбе, Бөріжар қорымы, Мақтааралдағы Үтіртөбе, Келес ауданындағы Мыңтөбе, Алқакөл, Сайрамдағы Ханқорған (Абылай хан ордасы), Төлебидегі Дәуіттөбе (Есім хан ордасы) секілді тарихи орындардың маңыздылығын зерттеп, көпшілікке насихаттап отыру қажет.
Түркістан өңірінің тарихы да, табиғаты да туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Оның үстіне, археологиялық ескерткіштердің едәуір бөлігі осында орналасқан. Бүгінде барлығы үйінді төбе күйінде жатыр. Осы ескерткіштерді, мысалы, Ханқорған, Дәуіттөбе, Шойтөбе, Сынтас, Сүткент секілді қалашықтарға кешенді археологиялық қазба жүргізіп, орта ғасырдағы көрінісін қайта қалпына келтірсек, туризмнің дамуына жол ашылар еді.
Түркістан қаласы – Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты – көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Түркістан қаласы халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан. Теміржол, көлік жол қатынастары ретке келтірілген. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында да басты нысандар туристерге қызмет көрсете алады. Ойын-сауық орталығы, заманауи қонақүйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындары баршылық.
Бүгінде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау өте өзекті мәселеге айналып отыр. Әрбір ескерткіш – тарихымыздың бір-бір парағы. Ал, тарихын жоғалту – халық үшін үлкен қасірет. Сондықтан әр ескерткішті есепке алу, олардың қорғау және сақтау ісіне терең мән беру керек.