Бүгін Шардара ауданында қазақ күресінен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің дәстүрлі турнирі өтіп жатыр. Жыл сайын жалауы желбірейтін бозкілемдегі бәсеке биыл 62-рет ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу салтанатына облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, құрыш білекті балуандарға сәттілік тіледі.
Биылғы дүбірлі додада өңірдің түкпір-түкпірінен ең мықты 100-ден астам спортшы өзара күш сынасуда. Балуандар алдымен салмақ дәрежесі бойынша кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ түйе балуан сайысының жеңімпазы жарыстың бас бәйгесі автокөлікке ие болады.
Бұл турнир – ұлттық спортты дәріптеуде өзіндік орны бар тарихи жарыс. Бозкілем бәсекесінде өңірдің ең таңдаулы балуандары белдесіп, қазақ күресі әдістерінің небір керемет үлгілерін көрсетеді.
Шардара ауданында соңғы жылдары дарынды балуандар қатары артып келеді. Турнирдің дәл осы жерде өтуі жастарға үлкен шабыт сыйлайтыны анық.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетіне 100 жыл толған болатын.
«Оңтүстік Қазақстан» — Түркістан облысының Шымкент қаласында шығатын облыстық қоғамдық-саяси газеті. Газет 1924 жылы 26 қарашада жарық көрді. 1925 жылы Қызылорда қаласында «Ақ жол» газеті «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетімен біріктіріліп шықты. 1929 ж. Сырдария аймақтық партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» атауымен шыға бастады.
1932 жылғы 12 наурызынан бастап газет «Оңтүстік Қазақстан» атауымен облыстық газет ретінде аптасына 5 рет шығып тұрды. Алғашқы жылдары газет араб, кейін латын графикасында басылды.
«Оңтүстік Қазақстан» — оңтүстік өңірдегі ең көп оқылатын газеттердің бірі. Саяси себептерге байланысты газет атауы бірнеше рет өзгертілді. Бүгінгі таңда газетте қоғамның өзекті мәселелері, облыстағы экономикалық және әлеуметтік реформалардың барысы және т.б. жарияланады.
Газеттің негізін қалауға Т. Рысқұлов, С. Қожанов, О. Жандосов, О. Исаев М. Әуезов және т.б. қатысқан. «Ақ жол» газеті облыс тұрғындары арасында сауатсыздықты жою жұмыстарын жүргізіп, сол кезеңдегі адамдардың рухани санасын дамыта түсті. Алғашқы редакторы С. Қожанов болды. Содан кейін әр жылдардың бас редакторлары: Б.Кенжебаев, А. Омаров, А. Әлиев болды. Қазіргі уақытта бас редактор Балажан Абай Бекназарұлы болып табылады.
Газет ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1967 ж.) және «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған (1974 ж.).
Газет Мәскеуде, Будапештте, Прагада өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарымен марапатталған (1980-90 жж.).
«Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті аптасына үш рет шығады.