Түркістан облысы, Сайрам өңірі медреселерге, көне сәулет өнерінің үлгі ғимараттарына өте бай болуымен құнды. Олардың көбі бізге жетпей, жартылай қираған, қабырғаларының сұлбасы қалған. Соның өзінде бізге алты кесене, мешіт өз қалпында сақталып жетті. Осылардың ішінде айрықша өзіндік айшықталу ерекшеліктерін, сәулеттік көркемдігін бұзбай жеткені Қарашаш ананың кесенесі. XII–XIX ғасыр ортасында, Сайрамның орталығында, Жүсіп Сайрами және Әмір Темір көшелерінің қиылысынан 100 м қашықтықта, ескі зираттың шетінде, биік жерде орналасқан, оның оңтүстік фасады Әмір Темір көшесіне қараған.
Қарашаш ана кесенесінің киелі дәстүрі Қожа Ахмет Яссауидің анасы болып, ол қайтыс болғаннан кейін осы жерге тұрғызылған деген аңызға айналған әңгімелерге сүйенеді. Жазба деректер бойынша, ең бастысы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаты» (XVII ғ. соңы–XVIII ғ. басы) мен XIХ–ХХ ғ. басындағы фольклорға негізделеді. Сол уақытта ескерткіштің қазіргі атауы пайда болған – аңыз- әңгімелер бойынша кесене күмбезінің ұшар басына Қожа Ахмет Яссауи анасының бір бұрым қара шашы байланған, осылайша оның лақап есімі мен кесененің аты – «Қарашаш ана» пайда болады.
Сайрамдағы әулиелер мен қасиетті мазарлардың тыныс-тіршілігі жөнінде парсы тілінде сол замандарда-ақ көп жазылған. Солардың алдыңғы қатарында Қарашаш ана кесенесі де сөз болады. Белгілі қолбасы, дін уағыздаушысы Ысқақ баптың ұрпағы саналатын Сайрамдағы белгілі шайық Мұсаның қызының аты – Айша Хұштаж бибі болған.
ХІ ғасырдың басында ол Ибраһим шайыққа ерленген. Олар екеуі де өте оқымысты,діншіл еді. Ислам дінінің негіздерін, Құранды жатқа біліп, оны жұрт арасында тарата білген. Олардың екі баласы – Ахмет және Садыр шайық болыпты.Үлкен құрмет белгісі ретінде ертеректе қадірлі кісілерді халық «тақсыр»,«хазірет», «мама», «бибі», «ұстаз», «дамолла», «ел анасы» деп атаған.Айшаны да жұрт құрметтеп, «Қарашаш ана» деп атап кеткен.
Қарашаш ананың үлкен ұлы 9 жасқа толғанда, күйеуі Ибраһим ата қайтыс болады. Күн көрістің қамын күйттеген отбасы көп ұзамай Айшаның ағалары Латиф ата мен Мұстафақұл тұратын шаһарға көшеді. Жасынан зерек Садыр Шайық пен Қожа Ахмет ислам әлемінен ойып өз орнын тапқан жандар.
Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші. Сайрам ауданы Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Яссауидің анасына арнап салынған.
Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол текті адам, Сайрамдағы танымал Мұса шейхының қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты және көрегенді әйелдерінің бірі болды. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Аңыздар бойынша Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік арманына айналды.
Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді бір бөлмелі құрылыс, оның кейінгі ортағасырлық келбеті культтік сәулет өнерінің архитектуралық пішінінің барлық қағидасын жинаған – төртбұрышты жоспардағы қабірханасы, шығып тұрған порталы, цилиндрлі барабан үстінде сфероконусты күмбезі бар.
Құрылыстың бұндай типі кейінгі ортағасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды.
Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынды. Ол 27 х 27 х 5 см мөлшерлі төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сондай-ақ, құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылды. Кесене сапалы материалдардан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылды. Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің өлшемі 6,3 х 6,3 метр. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезбен аяқталады. Күмбез биіктігі 7,08 метр. 1996 жылы күмбезді жапырақты ақ қаңалтырмен қаптады. Оңтүстік жіне оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар.
Ішкі бөлігінде қабырғалардың интерьері мен күмбезі сыланған. Есіктің үстіндегі жарық түсетін тесік тормен (панжар) бекітілген. Еденіндегі құмның үстіне кірпіш төселген, кіреберіс үстіндегі жарық саңылауы ағаштан жасалған панжар торымен жабылған. Кесененің орталық бөлігінде мрамор тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.
Ескерткіштің басты композициясының ерекшелігі – бір бөлмелі порталды-күмбезді кесененің өзгеше типінде болуы және бұрыш жасап тұрғызылған екі бірдей (ені бойынша сәл ерекшеленетін) порталының бар екендігі. Батыс бөлігіне есік жасалса, ал оңтүстік пештактың осы жеріне, кесенеге кіру өлшемі бойынша тең келетін панжара торлы терезе төмен орнатылған. Аталған ерекшелік кесененің киелі мазмұнымен байланысты: мұнда қарахандық дәуір мен исламға дейінгі культқа тереңдеп кеткен әулие моласына зиярат етудің сопылық салт жоралғысы көрініс тапқан. Құрылыстың барлығына көлем беріп тұрған порталдары оның идеялық көркінің басымдығы болып табылады. Пішіні бойынша төртбұрышқа жақын пештактарына, әдетте сүйір келген арка жасалынған. Оларда ою-өрнектер жоқ. Олардың әшекейлері порталдардың қапталындағы пилондардың беткі жағындағы терең емес сүйірлі және тікбұрышты нишалар болып табылады.
Қарашаш ананы бүкіл түркі әлемі ардақ тұтады. Ол пәк аналықтың символы іспеттес. Деректер мен аңыздарда Айша бибі қарахандықтар кезеңінің білімді және тақуа әйелдердің бірі ретінде суреттеледі. Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Байлығына қарамастан, өте кішіпейіл, мақтан мен менмендіктен ада адам болған. Науқастар мен мұқтаж жандарға қол ұшын берген қайырымды болған деседі. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгендіктен, адамдар санасында аналықтың биік арманына айналды. Ислам дінінің негіздерін, Құранды жатқа біліп, оны жұрт арасында тарата білген.
Қарашаш ана кесенесіне кіріп шығу Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат ету салтының бастауы болды.
Қарашаш ана – Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан, ХІІІ-ХІV ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Түркістандағы Ясауи кесенесін көруге аттанған адамдар, алдымен, Қарашаш ананың күмбезіне барып, зиярат жасап қайтады.
Ескерткіш туралы деректер 1925 ж. жарық көрген М.Е. Массонның «Старый Сайрам» тарихи-археологиялық очеркінде кездесуі ғылыми зерттеу жұмысына бастама болады. 40 жыл бойы ұмыт қалғаннан кейін, Шымкент облыстық музейінің құрылыс ісі және сәулет өнері жөніндегі облыстық бөлімінің (Т. Поднебесная) тапсырмасы бойынша кесененің толық өлшемі алынып, сызбасы бар қысқаша тарихи анықтамасы мен сипаттамасы жасалады. 1983 ж. ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты алынған өлшемдері қайта пысықталды. Осы уақытта кесене Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізіледі (Н.Н. Мухамедиева). 1980 ж.ж. екінші жартысы – 2000 ж.ж. басында Қарашаш ана кесенесі бірқатар жариялымдарда өзінің композициялық ерекшеліктері мен екі порталды кесене генезисіне байланысты қарастырылады (Б.А. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). 2000 ж.ж. басында Сайрам тарихы бойынша жазба деректерді зерттеумен байланысты Қарашаш ана кесенесінің агиографиясы мәселесі де қарастырылады (Ж.М. Тулибаева, Девин ДиУис).
Қарашаш ана қайтыс болғаннан кейін немесе кейінірек жерленген жеріне мемориалдық құрылыс – кесене немесе мешіт салынған деп жорамалданады. Дегенмен, бізге жетіп отырғаны бірінші, тіпті екінші ғимарат емес. М.Е. Массон ғимараттың тұрғызылуын өз көзімен көрген адамдардан жинаған ақпараттарға байланысты қазіргі кесене 1851–1852 ж.ж. салынған деп мәлімдейді. Бұл кезеңде Оңтүстік Қазақстан қоқандықтардың қол астына бағынып, Сайрам Қоқан хандығының құрамына ташкенттік биліктегі уәлаяттардың бірі ретінде кіреді, осы кезде діни ғимараттардың құрылысы жанданады. Оңтүстік Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін 1860 ж.ж. бастап кесене бірнеше рет қалпына келтірілгенін жоққа шығаруға болмайды, оны қабырға қаландысының ерекшеліктері – төменгі қатарларының бірнеше кірпіші ғаныш ерітіндісімен, ал жоғары қарай балшықты пайдалану арқылы тұрғызылғандығы көрсетеді. Кеңестік уақытта күмбез өзінің пішінін өзгертіп бірнеше рет жаңартылды. 1996 ж. ескерткіштің келбеті өзгертіліп, ақ жалпақ металмен жабылады.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.