Home Тарихи мұра КИЕЛІ МЕКЕН — ХАНҚОРҒАН ҚАЛАШЫҒЫ

КИЕЛІ МЕКЕН — ХАНҚОРҒАН ҚАЛАШЫҒЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысында еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар сәулет және археология ескерткіштерінің үлкен шоғыры орналасқан. Бүгінде, осы күнге дейін ескерусіз келген тарихи ескерткіштер ендігі жерде туристерді тартатын орынға айналған.

Облысымызда туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстары мен қалпына келтіріу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелеріне және тағы басқа да тарихи нысандарғада қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып, білуде халықтың өткен тарихынан нақты мағлұмат беретін археология ескерткіштерінің алар орны ерекше. Солардың бірі – Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығы. Көне қалашықта алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айналады. Хан Абылай өмірінің соңында ғұмыр кешкен Ханқорған қалашығы Сайрам ауданы Ханқорған ауылынан жарты шақырым қашықтықта, батыс бөлігінде орналасқан.

Ханқорған қалашығы — Арыс өзенінің сол жағалауында (Түркістан облысы, Сайрам ауданы) Ханқорған (бұрынғы атауы Мадани) ауылының солтүстік-батыс шетінде орналасқан. Ол өзен арнасының сол жағасындағы биік емес жайылма үстіне тұрғызылған. Дөңгелек жоспарлы қаланың шығыс жағындағы еңіс келген жерінде қақпа орны бар. Ханқорғанның тарихы сонау Ұлы Жібек жолы дәуірінен басталады. Сайрам ауданы, Мәдени елді-мекені іргесіндегі Арыс өзенінің сол жағалауында Ханқорған төбесі — қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған. Осынау жердің табиғаты әсем, топырағы құнарлы, Арыс, Машат, Ақсу өзендерінің арасында орналасқандығы стратегиялық жағынан қолайлы екендігін көрсетеді. Арыс өзенін бойлай батысқа қарай бағыт алған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқандығына көз жеткізуге болады. Жібек жолын бойлаған төбелердің басына қараңғыда немесе ауа-райының бұлтты, тұманды кезінде от жағып қойылатын болған, ол жол көрсетуші қызметін атқарған.

Жалпы, төбелердің басым бөлігі Жібек жолында сауда-саттық қызған дәуірде қолдан тұрғызылған. Арыс мәдениетінің Қарауылтөбе кезеңі (б.з.б. IVғ.-Iғ.), Қаратөбе кезеңі (б.з.б. Iғ.-Viғ.), Алтын төбе кезеңі (б.з. IVғ.-VIғ.) деп бөлінетіндігін археолог-ғалым А.Н.Подушкин өз еңбегінде жан-жақты көрсеткен. Ғалымның айтуынша, Ханқорған Арыс мәдениетінен кейінгі кезеңде Қарахандар мемлекеті дәуірінде (942-1213жж.) тұрғызылған дейді. Қорғаннан Қарахандар дәуірінің керамикалық бұйымдары табылған және қамал қорғанының ертедегі құрылыс нысаны болғанын көрсетеді.

Қоршау қабырғасының қабаты үсті-үстіне қабат-қабат салынған. VIII-XII ғасырларда пайда болған. Биіктігі 8-12 метрді құрайды. Көлемі 2-2,5 гектарды алып жатыр. Қорған қаланың цитаделі-орталық бөлігі саналады. Цитадельдің төңірегінде көптеген рабадтар-елді мекендер болған екен.

Ханқорғанда металл ерітетін ошақтың табылуы, онда отпен ататын қару жасалды деген болжамды туғызады. Жоңғарлар осы маңызды өндіріс орнын қалайда алуды көздегені анық. Демек, қиян-кескі шайқас болды деуге толық негіз бар. Бірақ ол 1723 жылы емес 1684 немес 1690,1693 жылдар болуы әбден мүмкін. «Ханқорғанның соңғы ерлік шайқасы» кезінде үш мыңнан астам адам опат болыпты. Маңындағы елді мекендер аяусыз тоналған.

Дәл осы жерде 18 ғасырда атақты Абылайханның ордасы болған. Бүкіл халықты бір тудың астына біріктіре білген қолбасшы өмірінің соңғы күндері де осы Ханқорғанда өткен деген деректер бар. Біздің дәуіріміздің 6-7-ші ғасырларында осы жерде Түрік қағанатының ордасы болғандығын, ал 9-10-шы ғасырларда қарахандықтар хандығының орталығы болғандығын дәлелдейтін деректер табылды.

Археологиялық ескерткіште қоныстанудың бірнеше кезеңі мен хронологиялық аралығы бар. Тұрғын үй құрылымының өмір сүруінің ең ерте кезеңі VІ–VІІІ ғ.ғ., ал кейінгісі – ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ. жатады.

Аталған археологиялық нысанның киелілігі қаланың өмір сүруінің кейінгі кезеңі ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ. байланысты және Абылай хан мен оның ұрпағы Сыздық (Садық) сұлтан есімдеріне қатынасы күмән келтірмейтін Ханқорған атауының шығуынан жақсы көрініс тапқан. Қасымұлы Кенесары сұлтанның ұлы Садық сұлтанның автобиографиясын жариялаған Е.Т. Смирновтан төмендегідей жолдарды оқуға болады: «Қазіргі уақытта Садық сұлтан Шымкент уезі, Арыс өзенінің бойы, Қарабұлақ сарт ауылынан алты верст солтүстіктегі бір кездері оның бабасы қырғыз (қазақ) ханы Абылай ханның ордасы болған Ханқорғанның қиранды орнына жақын тұрады…». Аталған автобиография Садық сұлтанның тапсырмасы бойынша оның бауыры Кенесарыұлы Ахмет сұлтан жазған қолжазба 1877 ж. Е.Т. Смирновқа жеткізіледі. Жергілікті тұрғындар бүгінгі күнге дейін Ханқорғанда Абылай ханның болғандығы және оның өмірінің соңғы күндері туралы аңыз әңгімелерді сақтап келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ә.Марғұлан атындағы Архелогиялық институтының экспедициясы Ханқорған қалашығында «Халық тарих толқынында» және «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы археологиялық зерттеулер тұрғысынан» тақырыбы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таңқаларлық жаңалық ашқан болатын. Ғалымдар қалашық ХІ–ХІІІ ғасырларда пайда болған деп болжам жасады. Қалашық негізгі үш бөліктен тұрады. Олар: Ішкі қамал, Шахиристан және Рабат деп аталады. «Түркістан облысындағы көне қалалар орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болғаны мәлім.

Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт болғанын байқадық. Ал моншалар шамамен Х-ХІІ ғасырларда салынған. Қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орында. Мысалы, Отырардың рабадында ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында салынған 2 монша табылды.
Осыған ұқсас моншалар Ханқорғанда да бар»

Тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, қалашықтағы моншалар шаршы кірпіштерден тұрғызылған.

Олардың қалыңдығы – 90 сантиметрді құрайды. «Қабырғалары төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалық моншаға қатты ұқсайды», – дейді академик. Бұған керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, су жинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болғаны дәлел.

Қорыта айтқанда, Ханқорған қалашығы 1979 жылы анықталған. Ол жерден керамикалық бұйымдар, сондай-ақ осыдан 15 ғасырдай бұрын хан ордасы болғанын айғақтайтын құнды жәдігерлер көптеп табылуда. «Хан қорғанда» билік құрған ең соңғы хан Абылай болған екен. Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Ең үстіңгі қабаттан Абылай ханның өмір сүрген кезіне тиесілі көп жәдігер табылып, олар тарихшылардың талқысынан өтіпті.
Қасым хан да, одан кейінгі қазақтың ел билеушілері де Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамды маңызды стратегиялық орын деп қараған. Бұл аймақта қорғаныс шараларын күшейту мақсатында және сыртқы жаулардың басқыншылық әрекеттерінің күшейе түсуіне байланысты Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрамның жерінен, Арыс өзенінің бойынан бекініс салады. Халық оны «Ханқорған» деп атайды. Кейбір деректерде «Арыс өзені бойындағы бұл тарихи орынды- күллі қазақ үшін қасиетті жерлердің бірі болды» деп жазылған.

Ханқорған қаласы Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізімінде бар және мемлекет қарауына алынған.
Ханқорғанда еліміздің тарихының бір парасы, еліміздің рухы жатыр.

You may also like

Leave a Comment