Сүткент атауы біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларға тән тарихи нысан. Ұлы Жібек жолының бойындағы алтын әріппен жазылған жеті кенттің бірі. Әрбір жотасы, суы, тасы, құмы сарғайған тарих. Сырдария бойында орналасқан бұл мекенді кие мен қасиет жайлаған. Атауының өзінен молшылықтың ұлы белгісі екенін ұғынуға болады.
Әлімсақтан ғұндар мекеніне айналған тарихи кенттердің төрт қақпалы ордасының бірі. Бүгінде ел арасында «Шыңғысхан төбе» аталып кеткен үлкен қалашықтың орны жатыр. Мұндай атау біздің өлкеде Кербұлақ ауданында «Шыңғысхан сай» деген жерлер бар. Бұлай аталуының себебі де жоқ емес. Атадан балаға мұра болып атауын өзгертпеулерінің үлкен ашылмаған сыры бар екені шындық. Әркім әрқилы болжам айтады.
Бірақ бұл мекенде Ақсақ Темірдің Ұлы тау жорығында әскерлері аялдағаны тарихтан белгілі. Сол жорық Қожа Ахмет Иассауидің (Түркістан), Арыстан баб (Отырар) кесенелердің құрылысының басталуына себеп болған. Бұл – ақиқат.
Тарих беттерінде бұл ұлы мекен үш құлап,үш рет бой түзегені белгілі. Оның күйреп, қайта бой түзеуіне сол кезеңнің, сол елді мекендеген халықтың ынтымақтастығының, ауыз бірлігінің мықтылығының, еңбекқорлығының арқасы екенін тарих сахнасы айқын көрсетіп тұр.
Сүткент – ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Шардара ауданы Сүткент ауылынан шығысқа қарай 3 км жерде, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан.
Қасиетті Сырдария өзенінің ортанғы ағысында болған Сүткент қаласы туралы мәліметтер Х-ХV ғасырлар аралығындағы жазба деректерде кездеседі. Ол туралы Х ғасырда өмір сүрген саяхатшы Ибн Хаукаль өзінің «Китаб ал месалик ва-л-мемалик» — атты кітабында былай деп жазады:
«(Шаш өзені) – бұл өзен, өзіне түрік және ислам елдерінде келіп қосылатын өзендер есебінен көбейеді. Оның негізгі бастауы Өзкент округіндегі түрік елінен басталады, кейіннен оған Харшаб, Урасан, Куба, Джидгил т.б. өзендер қосылады, ол үлкейіп, су қоры молаяды . Әрі қарай ол Ахсикенттің жанынан өтіп, Ходжент, Бенекет арқылы Сүткентке жетеді. Одан әрі Фарабтан өтіп, Сауранның шекарасына барғанда жағасын түрік-оғыздар жайлаған шөлді аймақпен ағады».
Сырдария деректерде Аракс, Яксард, Сейхун, Шаш, Гулзария, Сыр және Сырдария деген аттармен белгілі. Тағы бір жерінде Ибн Хаукаль Испиджаб округі жайлы айта келіп «… Оның маңындағы (Испиджаб) қалалардың қатарында Бадухкет, Субаникет, Тараз, Атлах, Шельджи, Кедер, Сүткент, Шавгар, Сауран және Весидж бар. Субаникет – Канджид округінің басты қаласы…», — деп көрсетеді.
X — XI ғасырлардағы араб және түркі жазба деректерінде Фараб округінің Мауераннахрмен шекарасындағы қала ретінде аталады. Ол туралы араб тарихшысы әрі географы ибн Хаукаль: “Сүткент Шаштың батысында, онда мешіт бар. Мешітке исламды қабылдаған түркілер жиналады”, – деп жазған.
ІХ ғасырда Сүткент қаласы қарлұқтардың қоластында болды. Ал, Х қаланы оғыздар мекендесе керек. Осы тұста оғыздар Сырдарияның солжағалауында көшіп жүргені жайлы мәліметтер бар. Олар Х ғасырда Сырдарияның сол жағалауымен Фараб аймағына кіріп, Сүткент қаласына дейін жеткен [2, 29-30]. Махмуд Қашқари мәлімдеуінше Сырдарияның ортаңғы ағысында отырықшы мекендер болған. Олардың қатарында Сауран, Сүткент, Сығанақ және Қарнақ қалалары бар. Қалалардың негізгі тұрғындары ятұқтар (жатақтар) деп аталған. Махмуд Қашқари « … бұл қалаларда тұратын оғыздар басқа жерге көшпейді, соғыспайды, ятұқтар деп, елеусіз қалған жалқаулар ретінде атаған».
Махмуд Қашқариден кейін Сүткенттің аты XI ғасырдың соңынан XV ғасырдың басына дейінгі деректерде кездеспейді.
Тек 1404 – 1405 жылдары Әмір Темірдің Отырарға жорығы кезінде қайта аталады. Сүткенттің орнын алғаш 1900 жылы Н.В. Руднев тауып анықтаған. Ол қаланың қираған орныңда сақталған бедерін сызып, қаланың топографиясын, қорғаныс құрылыстарын және орталық бөлігіндегі құрылыстарының орналасу жүйесін сипаттап жазған. Руднев жобасын түсірген қалашық Сүткенттің гүлденген кезінің орны (Шыңғыстөбе) болатын.
К.М. Байпақовтың пікірі бойынша Сырдарияның сол жағалауларына дейін жеткен оғыз көштері Фараб өңірі мен Арыс өзенінің ортаңғы ағысындағы Кенджид өңірін де қамтыған. Арыс өзенінің Сырдарияға құйар тұсынан бастап өзеннің екі бетін тұтас қамтыған Фараб өлкесінің құрамына
Х-ХІІ ғасырларда Сүткент қаласы да кірген.
Деректерде осындай мәліметтермен әйгілі Сүткент қаласының орны бұл күнде Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданында, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Қаракөл қойнауында сақталған. Қаланың атын сол жердегі ауыл осы күнге дейін мұра ретінде жалғастырып келеді. Қазақстанның ортағасырлық тарихында өзіндік із қалдырған осы қаланың әркездегі орны бұл күнде бірнеше жерде орналасқан.
Олардың алғашқысы Ақтөбе қалашығы Сүткент ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде. Ол дөңгелек рабатты төбе. Екіншісі және негізгісі Шыңғыстөбе, ол ауылдан солтүстікбатыста шетінде орналасқан. Үшіншісі шақырым кейінгі Сүткенттің орны ауылдың ішінде оңтүстік шетінде болған.
Ал 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) Сүткенттің орнын екі жерден анықтап, оларды Сүткент І және Сүткент ІІ деп белгілеген. Экспедиция мүшелері олардың жобасын қағазға түсіріп, көлемдерін өлшеп, топографиясын сипаттап жазды. Шардараның маңында қаланың атын осы күнге дейін сақтап қалған екі қалашық бар.
Солардың алғашқысы Сүткент-1 — Сырдариядан 2 км жерде, Қаракөл сайында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 800 метр солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 900 метр аумақты алып жатыр. Оны қоршаған ені 4 – 6 м, биіктігі 1 метрге жуық дуалдың бойында орнатылған 30 мұнараның орындары сақталған, дуалды сыртынан қоршай қазылған ордың тереңдігі 1 – 1,5 м, ені 8 – 10 м.
Қалашықтың шығыс шетінде су жинайтын үлкен тоғанның орны бар. Оның өлшемі 100*350 м, тереңдігі 1 м. Су Сырдариядан арнайы қазылған арық арқылы әкелінген. Цитаделдің орны қалашықтың солтүстік-батыс шетінде. Оның өлшемі 150*150 м, биіктігі 7 – 8 метр. Цитаделді қоршаған қорғаныс қабырғасы мен мұнаралардың орындары сақталған. Оларды сыртынан терең ор бөліп жатыр. Қалашықтың шығыс шетінде қала маңындағы жеке иеліктердің қираған орындары байқалады.
Сүткент-2 осы аттас ауылдың ортасында орналасқан. Үсті біркелкі тегіс төбенің қабырғаларының өлшемі оңтүстігінде 60, батысында 200 м, солтүстігінде 280 м, шығысында 200 м, оңтүстік-шығыста 240 м, биіктігі 1,5 м және бұрыштарында мұнаралардың орындары бар. Қалашықтың ішкі жағында бір түзудің бойында жүйелі орналасқан тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттардың орындары байқалады. Үстінен табылған ыдыс сынықтарының басым көпшілігі орта ғасырға тән.
Зерттеушілердің пайымдауынша Сүткент қаласының бастапқы орны Сүткент-1 болған, XV — XVIII ғасырларда Сүткент-2-ге ауысқан.
Салынған кішігірім барлау қазбасы мен ескерткіштердің үстінен жиналған материалдар негізінде тіршілік Сүткент І де ХV-ХVІ ғасырларға, ал Сүткент ІІ де ХІХ ғасырға дейін жалғасқан деген тұжырым жасаған [6, 119-121]. Дегенмен 1960 жылы басылып шыққан «Археологическая карта Казахстана» атты жинақта біршама түзетулер жасалып, Сүткент І қалашығы VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында, ал Сүткент ІІ қалашығы ХІV-ХVІІІ ғғ. аралығында өмір сүрген деп берілген.
2009 жылдың тамыз айында ОҚКАЭ ның Қазақ хандығы қалалары тобы (Д.А. Талеев) «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша
бөлінген қаржыға Сырдия өзенінің сол жағалауында кейінгі ортағасырлық қалаларды тарихи-топографиялық тұрғыдан зерттеу мақсатымен археологиялық барлау жұмыстары жүргізді. Сырдарияның сол жағалауында жүргізген археологиялық барлаудың нәтижесі аты жазба деректерде Х
ғасырдан белгілі Сүткент қаласының шын мәнінде уақыт жағынан кезектесіп келетін үш бірдей орында болғанын анықтады. Яғни қала үш дүркін орнын ауыстырған.
Қаланың алғашқы кезеңінің (Сүткент І) орны «Ақтөбе» қалажұрты болған. Бұл қалашық осы күнге дейін белгісіз болып, зертелмей келген. Сүткенттің ертедегі өмірі жайлы мәлімет ешқандай жазба деректерде кездеспейді. Бірақ қаланың сол замандағы орны (Ақтөбе қалашығы) қазіргі
Сүткент ауылының оңтүстік-батыста 2 шақырым жерде сақталған. Қалашықтың географиялық координаттары: С.41º56΄138˝; Ш. 68º 04΄270˝.
Теңіз деңгейінен биіктігі 219 м. Ол орталық бөлігі төрт бұрышты келген, айнала дөңгелек шаһристан қоршаған қалашық (суретті қараңыз). Жалпы
ауданы 7,6 ганы алып жатыр. Ескерткіште ешқендай қазба жүргізілмеген. Қалашықтың топографиялық ерекшелігі мен үстінен жиналған қыш ыдыс
сынықтарының сипаты бойынша оны ІV – VІІІ ғасырларға жатқызуға болады.
Сүткенттің келесі кезеңдегі орны (Сүткент ІІ) бұл күнде «Шыңғыстөбе» деп аталады. Ол төбе ауылдың солтүстік-батыс шетінде жатыр.
Қалашықтың географиялық координаттары: С.41º56΄308˝; Ш.68º04΄195˝. теңіз деңгейінен биіктігі 219 м. Айнала тізбектеліп келген мұнаралардан түзілген ұзын қабырғаман қоршалған бұл қалашық 45 гектардан артық аумақты алып жатыр. Ұзын қабырғалардың сыртқы жағынан терең ор қазылған. Ордан тысқары аймақта болған көптеген жеке құрылыстардың қирандылары да сақталған. Айналадағы жерден 4-5 м бикіктікте сақталған қаланың цитаделі батыс қабырғаның орта тұсында орналасқан. Оның өлшемі: батыс қабырғасы 128 м, шығыс қабырғасы 98 м, солтүтік және оңтүстік қабырғалары 108 м. Цитаделдің қабырғаларының орта тұсы мен бұрыштарында дөңгелек мұнаралар болған. Қақпасы батыс қабырғасының орта тұсында. Қақпаның екі шетінде болған мұнаралар байқалады. Қабырғасы айнала ормен қоршалған. Үстінен жиналған қыш ыдыстардың әртүрлі сынықтары, сырланған және сырланбаған ыдыс қалдықтары және басқа да заттар, қалашықтың VІІІ – ХІІІ ғасырлар аралығында тіршілік кешкендігін білдіреді.
Барлау шұңқырынан майшам, дастархан, құмыра, құмған, майшам секілді ыдыстармен қатар темір қортпалары, шыны ыдыстардың қалдықтары, өте нашар сақталған теңге табылды. Ибн Хаукал мен әл Истахри жазбалары мен авторы белгісіз шығарма «Худуд әл-Әлемде» айтылатын Сүткент қаласының орны осы Шыңғыстөбе қалашығы болар. Кейінгі ортағасырлық қаласының (Сүткент Сүткент ІІІ) орны Шыңғыстөбенің цитаделінен шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде, қазіргі ауылдың оңтүстік шетінде болған. Оның жобасын 1949 жылы ОҚАЭ түсірген(суретті қараңыз). Өкінішке орай қазіргі күнде бұл ескерткіш нашар сақталған. Оның үстінен тұрғын үйлер мен жол түсіп кеткен. Оның географиялық координаттары: С.41º56΄110˝; деңгейінен Ш.68º05΄231˝. биіктігі 218 метр.
Шаруашылық және құрылыс жұмыстарының салдарынан бұзылған кейінгі ортағасырлық Сүткент қаласының орнын зертеу мүмкіндігі болмаған. Жеке
үй салу кезінде қазылған жерлерден ХVІ-ХVІІ ғғ. жататын құмыралардың сынықтары табылған. Сонымен 2009 жылы біз жүргізген зерттеу жұмыстарының тұжырымдарын бізге дейін жүргізілген зерттеулер нәтижелері мен жазба деректері мәліметтеріне байланыстыра отырып жасалатын ой тұжырым бойынша Сүткент қаласы 2 мың жылғы жақын өмір сүрген үлкен қала болған. Сондай-ақ бұл қала монғол шапқыншылығына дейін Сырдарияның ортаңғы ағысындағы сауда мен мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған .