Алматыда «JANA LEP!» өнер ұжымының гастрольдік сапары өтті. Түркістан облысы мәдениет басқармасы «Конгресс Холл» кешенінің таланттары күні кеше Қанат Жүнісовтің қаламынан туған «Аалғашқы махаббат» комедиясын алматылық көрермендердің назарына ұсынды.
«Аалғашқы махаббат» комедиясында мектеп кезеңі — ең ғажап балғын шақ суреттеледі. Алғашқы ғашықтық сезімі де мектеп қабырғасында жүргенде оянады. Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясы бізді партада отырған албырт шаққа, 11 сыныптағы қобалжу, алғашқы вальс, сол кезде бастан кешкен мұңаю мен қамығу, естен кетпес нәзік сезімге қайта оралтады. Махаббат дертіне шалдыққан жас жанның қуанышы мен шаттығы, мұңы мен сыры. Көкірекке ерекше нұр сыйлайтын құштарлық, ізгі сезім. Бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаттың таусылмас сырлы шежіресі күлкіге үйірер шытырман оқиғаға ұласады.
Пәк сезімді, мектеп өміріндегі риясыз махаббатты оятатын ғаламат күшті суреттейтін күлкілі жағдайлар мен жеңіл әзілге құрылған қойылым оқиғасы сол бір балауса шақты еске түсірері сөзсіз. Өмір мәңгі емес, тек алғашқы сезім, алғашқы махаббат қана адам жүрегінде мәңгі жасайды.
Өнер кешіне қазақ киносы мен театр өнерінің абызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов арнайы қатысып, шығармашылық ұжымға батасын берді. Ал мекеме басшысы Асқар Кенехан көпшілікке алғысын білдірді.
Инновациялық шығармашылық орталығында өткен спектакльге келген әрбір көрермен алғашқы сезімнің тәтті сәттеріне шомып, кейіпкерлермен бірге жастық шаққа саяхат жасады. Сахнадағы шынайы эмоциялар мен актерлердің шебер ойыны залды ерекше жылылыққа бөлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, гастрольдік сапардың алғашқы күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сахнасында «Alqonyr» фольклорлық ансамблінің «Сазды сапан: Түркістан үні» атты концерті өткен болатын.
Қасиетті Түркістанның үнін алып келген бұл кеш көрерменді көне сарын мен заманауи үндестіктің тоғысқан сапарына жетеледі. Домбыра, қобыз, сазсырнай және басқа да ұлттық аспаптардан туған туындылар жүрекке жол тауып, әр тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Бұл сазды сапар – ұлттық өнердің өміршеңдігін, оның бүгінгі буынмен үндесе алатынын дәлелдеген жарқын мәдени оқиға болды.