Home Тарихи мұра АЛҚАКӨЛ

АЛҚАКӨЛ

Daismedia.kz

Алқакөл — қола дәуіріне жатқызылатын ескі жұрт. Теректі ауданындағы Алқакөл алабында орналасқан. Ол пішіні дөңгелек тәрізді (диаметрі 10-12 м, тереңдігі 0.4-0.6 м) 12 шұңқырдан тұрады. Кейбір шұңқырлар қосақталған күйде. 1970 ж. Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы ашқан.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы Қазақ тарихында ерекше орын алатын қасірет. Сол кезеңде қалмақ басқыншылары қазақтың елін шауып, малын талауға салды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін аяусыз қырғынға ұшыратты. Миллионнан асатын қандастарымыз шейіт кетті.

Осындай алапат соғысқа атау болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» фразеологиялық сөз тіркесіндегі Алқакөл дейтін орын Түркістан облысы, Келес ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарайтын аумақта, Сырдария жағасында орналасқан.

Қазақ халқын құраған үш жүздің билеушілері Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін бір-бірінен алшақтай түсуі салдарынан Қазақ хандығы әлсіреді. Жоңғарлар қалың қолмен қазақ даласына басып кіріп, мыңдаған адамды қырып тастады. Қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Ал аман қалғандары жан-жаққа босып кетті. Сол кезде қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кете жаздады. Сол жылы қыс қатты болып, көптеген ауылдар жұтқа ұшыраған еді. Қолда қалған азын-аулақ малымен жайлауға көшуге қамданып, бейғам отырған қазақ қапыда қалды. Жан сақтау үшін босқын халық Алакөл мен Балқашты айналып, күнбатысқа қарай бейберекет қашты. Сарыарқаның даласы мен Алатаудың бөктерлері босқын қазаққа толып кетті. Көп халық Қаратаудан пана табамыз деп ойлады.

Малдан айрылған халыққа ол таудың аң-құсы жұқ болмайтын еді. Босқан халықтың ізіне түскен жаудың қарасы да көп болды. Қаратауды тастап, басы ауған жаққа малсыз босқан халық аштыққа ұшырады. Босқан халықтың бір бөлігі Сауран қаласын айналып, Сырдан өтіп Бұхараны бетке алды. Жан сауғалағандардың тағы бір бөлігі Қызылқұм мен Қарақұмға сіңді. Тағы бір топ Сарыарқаны бетке алған.

Мал жоқ, аң жоқ халық қозықұйрықты, шөптің тамырын жеді. Қайың суын ішуге мәжбүр болды. Бұл босқыншылықтың бір белгісі болып ол жақта «Қайың сауған» атты жер атауы мәңгіге қалды. Зерттеушілердің жазуына қарағанда, босқын халықтың көпшілігі оңтүстікке қарай, Сырдарияны жағалай Келес және Шыршық өзендерінің сағасын бетке алды. Одан ары Ходжентке, Зарапшан, Жызақ, Самарқанға жетуді мақсат етті.

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, Сырдарияның бас жағына қарай жол алған босқын халықтың саны басқа бағыттағыларға қарағанда көп болды. Олар Шыңғыстаудан, Балқаштан, Арқадан, Жетісудан, Алатаудан, Шу даласынан босқан шұбырғандар еді. Арып, ашыққан олар өткел іздеп Сырдарияны жағалады. Ақтабан болып тұзданып жатқан жолмен шұбырған, «Елім-айлап» жылаған босқын ел Қазығұрт пен Сырдарияның ортасындағы Келес даласының дариямен түйіскен жеріндегі Алқакөлге жетіп, әбден шаршап-шалдығып, сұлап жатты. Аш халыққа саяз көлден балықты қолмен ұстауға, үйрек, қаз, қоянды садақпен атуға, ал, қалың тоғайына тұзақ, тор құрып қырғауыл аулауына әбден болатын еді. Босқындардың аз уақытқа болса да, дамылдап әл жинауына, жан шақыруына мүмкіндіктері болды. Осындай қасиеттерімен бұл Алқакөл елдің есінде «Алқакөл сұлама» болып қалды.
Арыс ауданына қарасты «Қожатоғай» ауылында 40 жыл ұстаздық еткен шежіреші-жазушы, Келес даласындағы (қазіргі Сарыағаш, Келес аудандары аймағы) ағайындардың өмірінен бірнеше еңбек жазған Еркебай Бүрлібаевтың «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты мақаласында осы «Алқакөлді» «Алқакөл сұлама» деп, ал, осы көл мен Ташкент арасын 90 шақырымдай деп (атпен тура жүргенде) жазғанын оқыдық. Яғни біз әңгімелеп отырған «Алқакөл» бұрыннан «Алқакөл сұлама» деп аталған.

Сол сияқты Әсет Темірғалиев дейтін азамат тапқан ескі карта Алқакөлдің осы екендігіне сенімімізді одан сайын нығайтты. Ол картада «Алқакөл құмы» деген аумақ тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сырдарияның жағасындағы осы аумақ Шардара бекінісі мен Әлімтаудың ортасында екені көрініп тұр.

Бұл жер Келес өзенінің Сырдарияға құйған жеріндегі Ұлы өзеннің астынан өтетін жер асты жолына жақын еді. Мұндай жер асты жолы тағы бірер күндік жердегі Шыршық құйғанында да бар еді. Жер асты жолы ат не түйе бір бағытта ғана жүре алатын тар жол еді. Бұл жер асты жолдарын біздің бабаларымыз салған. Дарияның астынан тасылған топырақтардан тұрғызылған екі жақтағы қолдан жасалған төбелер, көктемгі тасқында көтерілген су деңгейінен жоғары болған. Ал, жер асты жолының қабырғалары қаланған су өткізбейтін арнайы кірпіштер бізге белгісіз лай балшықтармен біріктірілген.

Келес даласымен шектесіп жатқан Алқакөлден босқындардың алдыңғы тобы кеткеннен кейін, басқалары келіп олардың орындарын басты. Әлденіп алған соң Сырдарияның жағасынан ұзамай, Одан әрі жылжыды. Осы қасіретті аталарымыз бір-ақ ауыз сөзбен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп жеткізген. Осы сөз тіркесінің әрбір сөзінің осы Алқакөлге қатысы бар.

Ақтабан – дария жағасындағы тұзданған жолды басқандардың табан ізі.
Шұбырынды – шұбырған халық.
Алқакөл – алқадай болып жатқан көл.
Сұлама – шаршап-шалдығып жеткен босқындардың сұлай-сұлай кетуі.

Шашыраған қазақтың оған қолбасшылық жасаған әрі батыр, әрі ақын Қожаберген жырау, өзінің «Елім-ай» дастанындағы бір тарауға осы сөз тіркесін тақырып етіп алған. Осы тақырыппен ән де, күй де шығарды. Оған Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бауыржан Момышұлы, Ермұхан Бекмаханов, Мекемтас Мырзахметұлы сынды саңлақтар жоғары баға берген. Соған қарамай төрт тіл білген, Бұхара медресесін тауысқан Қожаберген жыраудың жазғандарына күмәнмен қараған советтік қазақ ғалымдары да болды. Олар қазақты отарлаушы империяның қас-қабағына қарағандар еді.

Бұл тақырыпқа қалам тартқан ақын, жазушылар аз емес. «Елім-ай» тақырыбымен ғалым әрі ақын Т.Әбрахманова дастан, жазушы С.Сматаев роман-трилогия жазды. Жазушы К.Ахметбеков «Алқакөл» атты роман жазды.
Үш жүз жыл бұрын ұлтымыздың жер бетінен мүлдем жоқ болып кетуі мүмкін тарихи оқиғаларды аттары аталған қаламгерлер осылайша барынша терең зерттеп, рухани айналысқа түсірді. Бірақ, бұлардың ешқайсысы да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» фразеологиялық сөз тіркесіндегі Алқакөлдің қай тұста екенін ашып көрсетпеді. Оның өзіндік себептері болды. М.Тынышбаев 1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Қазақ тарихына қатысты материалдар» кітабында Шыршық өзенінің құйғанында Сырдарияның екі бетінде екі Алқакөлдің барын жазған. Ол екі көлді де патшалық Ресей кезіндегі «Карта голодной степи» картасынан көруге болады.

Қазір Достық (ең алғаш «Орынбай арық», одан соң басқыншылардың қалауымен «Романовский», «Николаевский», «Кировский» аталған) каналының жанындағы Алқакөлдің жартысы көрінген суреті АҚШ-тағы әлемдік цифрлық кітапханада сақталған. Қазіргі Өзбекстан жеріне еніп кеткен сол екі Алқакөлді бұл күндері таппайсыз. Ол жерлер тегістеліп, басқа нысандар салынған.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сөз тіркесіндегі Алқакөлдің қайда екенін тарихшылар да осы уақытқа дейін дөп басып айта алмай келді. Келестіктер де Сырдарияның жанындағы Алқакөлдің тарихтың үлкен жүгін көтеріп тұрған киелі жер екенін аңғармады. Мың құбылған басқыншы орыс саясаты бәрін естен шығарып жіберген еді. Сол кездегі орталықпен (Ташкенмен) байланыстыратын тікелей жолы жоқ, алыстағы Сырдарияның бір бүйірінде жатқан бұл мекен өткен ғасырдың басында әртүрлі әкімшілік бөліністерге қарап келген. Алғашында Алқакөл «Жаушықұм» болыстығының құрамында болған. Болыстықтар ұлғайтылғанда Алқакөл ауылы Келес болыстығының қарамағына өткен.

1928 жылы құрылған Келес ауданының қарамағындағы Бозай аймағының 150000 гектар жері 1946 жылы Өзбекстанға ұзақ мерзімге жалға берілгенде сол аумақтың Сырдариямен шектескен жеріндегі «Алқакөл ауылы» да бөтеннің құзырына өтті. Мал шаруашылығымен айналысқан ұжымшарлар мен кеңшарлардың орталығы болды. 1975 жылы кеңшар директорының шешімімен Алқакөлдегі орталық Бекбота ауылына көшірілді. Тұрғын үйлер бұзылып, ағаштары әкетілді. Дуалдары қалды қаңырап. Жылдар өте олар да тозып, жаңбыр мен жел мүжіп, төмпешікке айналды. Бұл жерлер 1993 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қайтарылған. Бірақ, Келес ауданы үшінші рет жойылып, аумағы 1997 жылы Сарыағаш ауданына қосылғанда, сусыз табаны кепкен елсіз Алқакөл тағы да елеусіз бір шетте қала берді.

Алқакөлдің табаны ұзынынан бес- алты шақырымдай, енінен бір жарым- екі шақырымдай болып, Сырдарияның жанында жатыр. Көктемде дария тасыған кезде шағын жайуат арықпен су қойнауға кіріп, ары қарай айнала ағып қайтадан дарияға қосылып кететін ескі арнаны көрдік. Көне көздердің айтқанындай, көктемгі тасқын тартылғанда бірталай су түбектің айналасындағы кең арықтарға жайылып, келесі көктемге дейін көлдеп қалатыны байқалды. Арудың мойнындағы алқадай болып жатқан суды көрген ат қойғыш аталарымыз бұл жерді Алқакөл деп атапты. Көлде балық көп. Үйрек-қаз жыртылып, айырылады. Жан-жағындағы тоғайда қоян мен қырғауылдан аяқ алып жүре алмайсыз.

Өткен ғасырдың ортасында Шардара су электр стансасының жұмысы басталғанда дарияның алды тосылып, арнамен ағатын суы азайған. Алғашқы жылдары дария суы бір жылы келсе, екінші жылы келіп жарытпаған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кейін Алқакөлге Сырдарияның суы мүлде келмеген. Яғни бұрынғы жылдардағы көктемгі су тасқынында деңгейі көтеріліп, көлге құйылатын дағды бұзылған. Көлдің табаны кеуіп кеткеніне де көп жыл болған. Соған қарамай жергілікті халық бұл жердің атын бұрынғыдай Алқакөл деп атап келген.
Алқакөл ескі карталарда белгіленген. Әлімтау мен Шардара бекінісінің ортасында екені анық көрінеді. Алқакөл сыртындағы төбеден басталып, Сырдарияны жағалай 65 шақырымға созылып жатқан құмды төбелер «Алқакөл құмы» деген атаумен картада анық көрсетілген. ҚСЭ-нің 1-томы, 275-бетінде Алқакөл құмы туралы мәліметтер берілген.
Алқакөлді айнала жартылай қоршап төбелер жатыр. Көпшілігінде ескі мазарлардың орны бар. Көп жылдан бергі жаңбыр мен желдің әсерінен тегістеліп кеткені де бар. Мазардың үстімен келе жатқаныңды байқамай да қаласыз. Мазарлар өте көп. Археологтар зерттесе, талай сырдың ашылары анық. Мүмкін мұнда көне қаланың орны табылар. Соғыстардың болғаны анық. Құммен араласып жатқан садақ жебелерін тапқандар да бар ел ішінде.
Алқакөлден шығысқа қарай отыз-қырық шақырымнан кейін орналасқан Алғи ата қорымында ағайындардың садақа жиыны жылда өтеді. Оған бесжүз адамға дейін қатысады. Сол адамдар мініп баратын көліктер тұратын тұрақтың әр жер-әр жерінде он-онбес шақты көлемді тастар топырақтан көрінер-көрінбес болып жатыр. Кезінде бұл жер қалмақтардың мазары болған екен. Демек, бір замандарда бұл төңіректе қалмақтар да жасаған. Өлгендерін осында жерлеген. Бүгінде ол мазарлары аяқтың астында жатыр.

Алқакөлге барғысы келетін шымкенттіктер Монтайтас–Жылға–Әлімтау арқылы жүрсе, жол әлдеқайда қысқарады. Аудан орталықтары Сарыағаш, Шардара қалаларынан және Абай кентінен Алқакөлге апаратын жолдар бұрыннан бар. Ал, Жетісайдан шығатын жол осы жолдарға әуелден қосылып жатыр.
Биыл – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне 302 жыл.

«Алқакөл» ұлы Сырдарияның жағасында, Келес ауданының орталығы Абай кентінен жүз шақырымдай жерде орналасқан.Түнгі Шардараның жарығы алыстан менмұндалап тұрады.
Қазақтың қалмақтарға қарсы соғысы жүздеген жылдарға созылды. Нәтижесінде негізін қалмақтар құраған Жоңғар мемлекеті біржолата жойылды. Қазақ ата жауды майданда жеңді. Ендеше, бұл жеңістің біз үшін нарқы да, парқы да жоғары болуы тиіс.

Демографтардың есебі бойынша 1723 жылы қазақтың саны 3 миллион 330 мың болса, 1726 жылдан кейін 2 миллион 222 мың болып қалған. Бір миллионнан астам қазағымыз қырылған. Осындай ұлы күрестің нәтижесінде қазақтар өзінің елдік сипатын, халықтық қасиетін қалпына келтіріп, атажұртын сақтап қалды.
Қазақ елінің басынан өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған зұлматты жылдарды мәңгілік есте қалдыру бар қазақтың міндеті.

You may also like

Leave a Comment