Home Тарихи мұра ГАУhАР АНА КЕСЕНЕСІ

ГАУhАР АНА КЕСЕНЕСІ

Daismedia.kz

Гауһар ана кесенесі — Түркістан облысындағы кесене. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрамына кіреді. 2019 жылдан бастап — республикалық маңызы бар Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіш.

Гауһар ана кесенесі (XII-XIV ғғ.) Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді. Алғашқы қабыр орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қабыр жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылған.

Жергілікті қарттардың мәліметтері бойынша, бұрын Гауһар ананың қабірінің үстінде Рабиға Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ көлемі кішірек көк күмбезді кесене болған деседі.

Кесененің заманауи ғимараты — 2015 жылы салынған. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кесененің биіктігі 9 м, ғимарат жоспары бойынша төртбұрышты портал дүңгіршегі болып табылады.

Кейбір ақпарат көздерінде «Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша, Гауһар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр.

Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Гауһар ана жайлы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ол емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Деректерде анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады. Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ, тек 1122-1124 жылдары туып, шамамен 1187-1197 жылдары дүниеден озған деген жорамал бар. Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Ясауи бабамыз қызының мазарына қылуеттен күн шуағына шықпай барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді.

Аңыз-әңгімелерде Гауһар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Бүгінде Гауһар ана кесенесіне келушілер нөпірі өте көп. Олардың көбі дертіне шипа іздеп келеді. Талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Тіпті кейбіреулер дертінен құлантаза айығып кетіп жатады.

Гауһар ана кесенесі — сырт кескіні архитектуралық келісті кесенелер негізінен әйелдерге арналған. Әлкей Марғұлан оқыған дәрістен «Сырлы тамдар» тек әйел затына арнап салынатын болғанын, бұл мәлімет В. Жирмунскийдің «Следы огузов в низовьях Сыр-Дарьи» атты кітабында жазылғанын 1979 жылдың басында түркітанушы ғалым Рахманқұл Бердібаев жазып алған.

You may also like

Leave a Comment