Түркістан облысының Бәйдібек ауданы шежіреге бай. Тарих қойнауына ой жүгіртсек, дүйім елдің алдында сөз бастаған билері, ақтабан шұбырындыда жаудан жерін, халқын қорғаған батырлары, қалың елді Ислам діні арқылы имандылыққа ұйытқан ишан, молда, имамдары еске оралады. Билер мен батырлар туралы сөз басқа. Сондай халықтық тұлғалардың бірі – аудан орталығы Шаяннан мешіт-медресе ашып, жұртты имандылыққа ұйытып, сауапты іспен айналысқан Аппақ ишанның жөні бөлек.
Аппақ ишан сәулет кешені – Түркістан облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет ескерткіші. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізбесі қатарында.
Аппақ ишан күмбезі — ХІХ ғасырдың ақырындағы сәулетті ескерткіштердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданының Шаян ауылында орналасқан.
Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Жалпы табанының аумағы 6,7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Аппақ ишан күмбезі пішімі жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады.
Аппақ ишан күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі — Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі — осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі.
Қазақстанда медреселер Орта Азияға қарағанда кейірінек пайда болған, сол себепті олардың саны көп емес. Ел аузындағы аңыз бойынша, қазіргі Аппақ ишан мешіт- медресе құрылысын XIX ғасырдың ортасында Қасым ишан бастап, ол қайтыс болғаннан кейін баласы Сабыр жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған. Аппақ ишан мешіт-медресесінің құрылысы күйдірілген қыштан салынған.
Мешіт , дәрісхана, құжыралар бірінен бірі бөлек салына отырып барлығы тұйық төрт бұрышты бир алаңға жинақталған.Мұнда стилистикалық бірлік сақталған. Мешіт медресенің құрлысына ағаш материалдары қолданылмаған.Күмбездері күйдірілген қыштардан өріліп шыққан.Мешіт және айван бөлігі аркалар-доға тәрізді жабын арқылы бөлініп 35күмбез жасалынған. Бұл күмбездер уақытында дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен бірі биік, сатыланып жасалынған.Бас күмбез алыстан көз тартып ерекше сән беріп тұр.
Кесене музейінде Аппақ Ишанның жұмақтың есіктері, мұсылманның 5 парызы т,б бейнеленіп жазылған жеке жайнамазын көруге болады.
Аппақ ишан медресесі діни оқу орыны ретінде 1927 жылға дейін, Қазақстанда ірі байларды конфискациялауға дейін өмір сүреді.
1926 жылы мешітте діни мектеппен қатар тұңғыш рет қазақ бастауыш мектебі ашылған. Мектептер 1933 жылы бастауыш, 1934 жылы жеті жылдық, 1937 жылдан орта мектепке айналып, кейін жаңа жайға көшіріледі. Ал, мешіт-медресе Шаян ауылындағы тарихи жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетті.
Тек 1983 жылы ғана Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен кешен аумағы Аппақ ишан мұражайы болып қайта құрылды.
2000 жылдан бастап «Қазқайтажаңғырту» РМК Түркістан филиалының мамандары Өмірсерік Ахметовтің жобасы бойынша мешіт-медресені қайта жаңғыртумен айналысты. 2000 жылы кешеннің орталық қақпасы Аппақ ишанның тікелей ұрпақтарының қаражатына қайта салынды. Бұл нысан аймақтың өзіндік және қызықты тарихи-мәдени нысандарының бірі болып табылады.
Аппақ ишан мешіт-мұражайы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Аппақ ишан деп халық атаған. Әкесі Сейдахметтің ұлына әу баста азан шақырып қойған есімі – Мақсұм.
Ишан – Исламның сопылық ағымындағы Ақиқатты танып-білу жолында білімімен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерінде «ишан» атағын басым түрде тегі қожа дінбасылары иемденген. Қосым қожа әулеті түгелімен ишандар. Солардың ішінен біз әңгімеге арқау қылып отырған Аппақ ишан ел құрметіне бөленген ерекше жан. Аппақ ишан ақиқат жолындағы мәртебелі тұлға деген ойды да білдірсе керек.
Аппақ ишан 1864 жылы туып, 1931 жылы 67 жасында Павлодар түрмесінде азаптан қаза тапқан. Ол 1926 жылға дейін Шаян мешіт-медресесінің имамы әрі мүддарисі болған. 1905 жыл мұғдарында қажылыққа барған. Қариялар шежіресіне сүйенсек, арғы тегі — пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әли шадиярдың 35-ұрпағы. Қазақ этногенезінде орны бар қожа сойынан.
Ол жиырма бір жыл Сауд Арабиясында тұрып, 1922 – 1929 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы медреседе ұстаздық еткен. 1928 жылдан басталған ел ішіндегі саяси жағдайдың қысымынан келер жылы 70 жасында Сауд Арабиясына қайта қоныс аударады да, сонда қалып қояды. Аппақ ишан 1864 жылы Шаян ауданындағы №1 ауылда туған. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Мүмкін оны жұрт сол үшін де Ақ ишан деп атаған шығар. Ол жеті ағайынды. Солардың бізге аты белгілі болғандары Мәди, Рахматулла, Асадулла, Ыдырыс, Сабыр. Аппақ ишанның екі әйелінен бес баласы бар. Олар: Бахабулла, Алауатдин, Сағадулла, Сүнатулла да, бесінші баланың аты ОГПУ-дің тергеу құжаттарында көрсетілмепті. Аппақ ишан көшеге жөн-жосықсыз шығып, жұрттың көзіне түсе бермеген. Ол көбіне күні бойы мешітте Жаратушы иемізге құлшылық етіп, медреседе шәкірттеріне дәріс оқып, кітапханада ұзақ кітап ақтарумен өткізген.
Көнекөздердің айтуынша, мешіт-медресенің негізін Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет Қосымұлы қалапты. Сірә, әу баста тұрқы қарапайымдау болса керек. 1883 жылдан оқу басталған. Мешіт-медресе құрылысына патша үкіметі де, қазақ байлары жәрдемдесіп, кешенді ғимараты 1906 жылы біткен. Ол мешіттен, дәрісханадан, азанханадан және 29 құжырадан (шәкірттер тұратын орын) тұрады. Мұнда бір мезгілде 100 шәкірт оқыған. Білім алуға қазақ елінің төрт тарапынан да келген. Медресе бағыты қадімнен жәдитке табиғи түрде өткенін екі дерек нақты дәлелдейді: 1) патша өкіметінің 150 мың рубль бөлуі (осы уақытта ол заманауи жәдит мектептерін ғана қолдаған); 2) Аппақ ишанның зайырлыққа жақындығы – баласы Бақабулланы 1918 жылы Ташкентте Алаш зиялылары ашқан Қазақ педагогика курсында (бүгінгі Абай университетінің бастауы) оқытқанынан көрінеді. Біздіңше, саяси репрессиядан нақақ күйген дін қайраткері есімін Түркістан, Шымкент, Павлодар өңіріндегі рухани нысандарға беруге болады.
Аппақ ишанның ұлы Алауатдин сауатын Шаяндағы мешіт-медреседен ашып, он бес жыл бойына мұсылман елдеріндегі атақты медреселерде оқып барып, ишан лауазымына ие болады. 1905 – 1910 жылдар аралығында Түркістандағы «Сүлке қари», Тәшкенттегі «Абылқасым ишан», Бұхарадағы «Сағидолла қари» және «Қатта қорған» медресесінде оқып, Құранды жатқа оқитын «қари» атанады. Алайда Алауатдин осы алған білімдерімен шектеліп қалған жоқ. 1910 – 1912 жылдарда Үргеніштегі «Айтмұхамед ишан», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайня» медреселерінде білім-біліктілігін барынша көтереді. Бұл діни оқу орындары ХХ ғасыр басында жаңа әдісті білім беру жүйесіне көшкен. Соңғы үш медреседен кейін ғана Алауатдин өзінің жан-жақты білім алғанын айтып жүрген. Аппақ ишанның тағы бір ұлы Сағидолла да осындай жолдан өтіп, «ишан» деп жазылған «шатырхат» алды. Аппақ ишан Бұқарада өзі ашқан медресені басқаруды осы Сағидолла ишанға сеніп тапсырған.
Қазақстанда Кеңес өкіметін толық орнату шабуылы үш бағытта жүргізілгені байқалады. Бірінші – байларды үстем тап ретінде жою. Екінші – қоғамды алға жетелейтін интеллигенцияны қуғын-сүргінге ұшырату. Үшінші – ел ішінен дін иелерін аластату.
Аппақ Ишан қызыл биліктің зиянды саясатының үлкен апатқа әкелетінін толық түсінді. Басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, халқын құтқару үшін баршаға кешегі шәкірттерін, ишандарды, рухани ұстаздарын қалың бұқараға таныстыра отырып, үндеуін таратып, халыққа ескерту жасай берді. Ол белсенділердің жалған жанжалды әрекеттеріне алданып қалған халыққа ащы шындықты ашты.
Уақыт өте ауыр болды. Голощекиннің билікке келуі қазақ халқының басына түсті, осыған байланысты саясаттың арам пиғылы одан сайын өршіп, әділ адам әрекеті басылды. Мешіттер мен медреселердің қызметін тексереміз деген желеумен қаскөй іздеушілер мешіт кітапханасын аударып, нәтижесінде әлемнің озық жазушыларының кітаптары мен ғылым қайраткерлерінің еңбектеріне «жаңа өмірге жат» деген белгі жапсырды. Авиценна, шығыс ақындары Хафиз, Науаи, Омар Хаям, Құран, Құранға арналған көп томдық тафсирлер сияқты ұлы ғалымдардың еңбектері орасан зор үйіндіге жиналып, ашық алаңда өртелді. Өртенген кітаптардың ішінде Аппақ Ишанның өз қолымен жазған кітабы – қазақ балаларын араб әліпбиі негізінде оқытудың үлгілі-практикалық әдістемесі болды.
Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізілді. Содан кейін Павлодар облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылды да, сол жылы 67 жасында бақилық болды.