Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы — Түркістан облысы Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінде, Түркістан қаласынан солтүстік- батысқа қарай 80 км жерде орналасқан.
Өзеннің сол жағасындағы жартаста, өзен арнасынан 10-12 м биіктікте орналасқан тастағы тесік секілді бұлақ көзі белгілі бір уақыт аралығында сарқырап ағып, бірден өзінен өзі тоқтайды. Бұл – зиярат етушілерді өзіне тартып, қызықтырады. Бұлақтың өзіндік табиғи көрінісінің себептері – әлі де белгісіз. Үңгір өзеннің сол жағалауында бұлақ көзінен 45-50 метр қашықтықта орналасқан. Үңгір аузының биіктігі – 3-4 м, ені – 8-9 м, тереңдігі – 50-60 м шамасында.
Ғылыми тұрғыда зерттелмеген, нақты қай ғасырға жататындығы да анық емес. Тарих пен мәдениет туындысы болмаса да, табиғаты көркем бұл мекенді халық қасиетті, киелі деп санайды. Жылаған ата есімімен байланысты бұл табиғи орынды жергілікті халық ислам діні келгенге дейін болған деп те топшылайды. Үңгірдің аузы өзеннен 15 м биіктікте орналасқан. Тастар арасынан шығатын бұлақ бар. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл – Жылаған атаның аққан көз жасы екен.
Жылаған ата жайында халық арасында тараған аңыздар бар. Солардың бірінде:
«Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» — деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді.
Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» — деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», — деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім — осы жер, осы үңгір», — дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін», — дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», — дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді» деп айтылған.
Тағы бір аңызда: «Қаражон ауылында орналасқан Шаш ана әулие мен Абай ауылында орналасқан Құрышхан әулие ерлі-зайыптылар екен. Жылаған ата солардың ұлы деп айтылады. Құрышхан ата мен Шаш ана еліне сыйлы, құрметті адамдар болыпты, бірақ та қатал тағдыр оларға нәресте көруді бұйыртпапты. Уақыт өте келе ол кісілер Алла тағаладан жалбарынып бала тілейді. Күндердің күнінде түстерінде аян беріп: «Сендерге месімен бірге туылатын ұл беремін, тек сендер ол баланы қолдарыңнан түсірмей месті жарып шыққанша бағасыңдар, ол періште болып месті жарып шығады» – дейді.
Айтқандай-ақ Шаш ананың бойына бала бітеді. Бірақ егде тартқан әйел ауыр жүкті ұзақ көтеріп жүре алмай: «Мұндай сынақты менің көтеретін шамам жоқ» – деп Аллаға жалбарынады. Сол сәтте дүниеге келмеген шақалақ, періште сияқты ұшып шығып: «Сіз менің дүниеге келуіме бір күн ғана шыдамадыңыз, енді мен сізді мәңгілікке тастап кетемін» – деген сөздер айтып, жартастардың арасымен, таудың ұшар басындағы үңгірге кіріп, бірден ғайып болады. Әлі дүниеге келмеген сәбидің әкесі отыра қалып, қайғыдан қан жұтып, тоқтамастан өкіріп жылайды. Сол жерде оның көз жасынан сарқырама пайда болады. Көз жасын төгіп отырған бейбақ анамен бірге өзеннің қарама-қарсы жағалауындағы жартастар да қосыла жылағандай болады. Алыстап бара жатқан періште екеуіне: «Ауылға қайтарда арттарыңа қарамаңдар. Сонда бұлақтың тұнық суын сол жерде тұратын адамдар пайдалана алады» – деп айтады. Періштесін қимай бара жатқан Шаш ана шыдай алмай артына қарайды. Сол мезетте ауылға жетпестен сарқырама дәл сол жерде жоқ болып кетеді» делінген.
Аңыз әңгімелер бойынша Жылаған ата бұл үңгірде әлі күнге дейін өмір сүреді-міс. Үңгірге барар жолдың тау басында құдық орналасқан. Құдықты қазіргі уақытта да малшылар пайдаланып келеді. Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене салынған.
Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңқалған зерттеушілер «Бұл – шынында да Құдіреттің күші!» деген екен. Аңыз бойынша құрсақ көтермеген әйелдер осы жерде түнесе нәрестелі болады екен.
Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды.
Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс.
Мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи- мәдени қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған.