16-17 мамыр күндері Түркістан облысы, Шардара қаласында асық ату спортынан кіші жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, чемпионатты ресми түрде ашты.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық асық ату федерациясының президенті Оралхан Айдарханұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамытудағы мұндай жарыстардың маңыздылығын атап өтті.
Чемпионатқа 10-нан астам команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, асық ату бойынша Шардара қаласының Ұлттық спорт және өнер клубының жас спортшылары үздік деп танылды. Екінші орынды Шардара ауданы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленсе, үшінші орынды Созақ ауданының командасы еншіледі.
Бес асық ойыны бойынша да бәсеке жоғары деңгейде өтті. Бұл сайыста Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің қыздар командасы топ жарып, чемпион атанды. Екінші орынды Шардара спорт және өнер клубының арулары жеңіп алса, үшінші орын Түлкібас ауданы №1 спорт мектебінің қыздарына бұйырды.
Алда өтетін ел чемпионатында Түркістан өңірінің намысын қорғайтын барлық спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!