Әулие-әмбиелер жатқан жер, сәулеттік кесенелер мен суы шипалы бұлақтарға зиярат етушілер қай заманда болмасын келуін тоқтатпаған. Бүгінгінің сөзімен айтсақ мұндай киелі орындарға ынтық туристер саны қазір де азайған емес. Сайрамда сансыз баптар жатса, Төлебиде мәңгілік тыныштығын тапқан әулиелер көп. Айталық ауданда көпшілік арнайы барып мөлдір де шипалы суын ішіп әрі өзімен бірге ала кететін киелі бұлақтар көп.
Көз ата әулие кесенесі мен бұлағы Төлеби ауданы Ақбастау ауылында орналасқан.
Аңыздарда Көзді атаның есімі – Сейіткерім қары. Шамамен 1714 жылдары өмірге келген. 104 жас өмір сүрген, ислам дінін насихаттап, егін егіп, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көз ата әулие жерленген жердің дәл іргесінде үлкен қазандық орын бар. Бұл – Көз ата әулиенің бұлағының орны.
Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті, бір ғажабы, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді.
Көз ата қайтыс болып, оқылған Құран аяқтала бергенде, жұрттың үрейін тудыратындай тосын дыбыс шығып, сол арадағы қатпар тастар қозғалғандай болады. Кенет тастардың арасынан тесік пайда болып, артыншы сарқырап су ағады.
Судың молдығы мен оның ағысының жылдамдығы соншалық, әп-сәтте сай-сала суға толып, еңіске қарай арна салып аға бастайды. Көз атаны жерлеуге келген дүйім жұрт қабір басынан жоғары шығып, «Әттеген-ай, әулие баба су астында қалатын болды ау!»» деп өкініш білдіріп тұрып қалыпты. Бірақ ғажабы сол, су қанша мол және әулие жерленген қабірдің дәл басынан шыққанымен, қабірді айнала ағып, арна салады. Мұны көрген халық «Ол – атаның әулиелігінен, кереметтігінен» депті. Ал сол бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен.
Көпшіліктің қызығушылығына ие бола алатын ауданның туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде өңірдің танымалдылығын және аудан туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынуда. Төлебидің әсем табиғатын өзге шет мемлекеттер мен туристер алдында жағымды имиджін қалыптастыру үшін атқарылған жұмыстар да аз емес.