Сауран қалашығы – Сырдария бойында орналасқан тарихы терең, өз атауын сақтап қалған қалалардың бірі. Көне Сауран қаласының қалдықтары Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
Сауран қаласы туралы алғашқы деректер Х ғасырда пайда болып, сол ғасырдың белгілі араб географы Сауран қаласын бекініс-қамал әрі рабады бар, жеті қабырғалы үлкен қала ретінде сипаттаған, қазіргі таңда төрт қабырғасы сақталған. Сондай-ақ, ірі мәдени және сауда-өнеркәсіп орталығы болғандығын Ибн-аль-Асир мен Якут жазып қалдырған. XIII ғасырдың ортасындағы армян патшасы Гетумның жол бағдарламасында Сауран Савран атауымен аталады.
Археологтар Сауранды бүгінгі күнге дейін сақталып келген Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық мегаполиске жатқызады. Ерекше берік қабырғаның сыры — жергілікті сазда. Ежелден бұл саз өзінің қасиеттерімен танымал болды. Әмір Темір өзінің сарбаздары мен құлдарына Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға тапсырғанда, 40 шақырымдық жол бойында адамдар тізіліп тұрып, саз балшықты қолдан-қолға өткізіп, тұрғызған екен деген аңыз бар. Сауранды Түркістаннан тұп-тура 40 шақырым жол бөліп тұр. Сауранның саз балшығынан тұрғызылған Ұлы сопының кесенесі бүгінгі күнге дейін сақталған.
Сауран Ұлы Жібек жолының маңызды сауда нүктесі болды. Орта Азия хандықтары мен дала тайпалары арасындағы өзіндік шекара пунктіне айналды. Қалада көптеген керуен-сарайлар, саудагерлер үшін демалыс және сауда орындары болды. Қала қарқынды дамыды. Түрлі қолөнер өркендеді. Жазбаша дереккөздер көптеген транзакциялар туралы, сондай-ақ «Бұхара саудагерлерінің Сауранға келуі» туралы айтады. Сауда соншалықты сәтті болғандықтан, дамығандықтан, тіпті теңге соғатын сарайлар ашылды. Қалада жез тиындар жасалды. Сондықтан, Сауран үшін бір кездері қазақ және өзбек тайпалары арасында кескілескен шайқастар болғандығы таңғаларлық жайт емес. XIII ғасырда қала Ақ Орданың астанасына айналды, ал XVI ғасырдың аяғында ол Қазақ хандығына енді.
Сауран сонымен бірге мұсылман мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі болды. Саяхатшылар бір кездері Сауранда болған үлкен мешіт пен оның жанында тұрған медресе туралы әңгімелейді. Олардың арасында қақпасы бар үлкен арка мен үңгір тастармен қапталған кішкентай тас жол болды. Ежелгі қаланың атмосферасы мен оның ауасы рухани дамуға ықпал етті. «Ол ашық далаға салынған. Ауасы жұмсақ, сергітіп жібереді, бұл санаға қуаныш пен күш-қуат береді. Қаланы әдемі ағаштар мен жасыл желек қоршап, айналасын қорғандар мен терең қазылған арықтармен жабдықталған», — деп XVI ғасырда тарихшы Рузбихан Сауран туралы жазған.
Сауранда Уәсифи атты жазушы мекендеген. Ол өз естеліктерінде Сауран қаласының көрнекті ғимараттарының бірі теңселмелі екі мұнарасы бар медресе туралы баяндап, «Әлем ғажаптарының бірі» деп жоғары баға берген. «Мешіттің екі биік мұнарасы бар. Оларға шынжырлар бекітілген, және әр күмбездің астына біреулер кіріп, егер біреу логты қозғалысқа келтіретін болса, онда тізбек қарама-қарсы мұнарада жүргендерге айналып, тербелгендей әсер қалдырады. Бұл әлемнің ғажайыптарының бірі»-делінген бір жазбасында.
Көрші мұнараның тербеліп тұрғаны — бұл физикалық елес. Бірақ осы уақытқа дейін оның құрылысының сыры ашылған жоқ. Айналмалы мұнаралар Иранның Исфахан қаласында ғана сақталған, мұнда оларды көру үшін әлемнің жүздеген туристері жиналады. Археологтардың пайымдауынша, бұл ерекше іргетас қаланған кезде мұнаралардың құпиясы жатыр.
Сауранның тербеліп тұрған мұнаралары 19 ғасырға дейін сақталды. Тіпті фотосурет те бар. Мұнаралар суретте анық көрінеді, әлемнің осы кереметін кірпіштеп бөліп жатқан адам да бейнеленген.
XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам дінінің тарауына ықпал еткен. Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80-жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады.
Көне қала XIX ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген. Жер асты суы тартылған себепті XVIII ғасырдан бастап жергілікті тұрғындар Асылған өзені жағасындағы Жаңа Сауранға көше бастаған. Бір ғажабы әлі күнге дейін Көне Сауран қаласы, Ортағасырлық Сауран қаласы, Жаңа Сауран қаласы және оларды суландыру жүйесі, 220 кәріз адам қолы тиместен толықтай сақталған. Кәріздердің ұзындығы 157 км, 9000 құдықтан тұрады.
Сауранға археологиялық зерттеу жұмыстары жүз жылдан астам уақыт бұрын жүргізілгені туралы деректер кездеседі. Орыс ғалымдары П. Лерхтың шығармаларында, П. Пашино жолсапар естеліктерінде сондай-ақ А. Федченконың есептерінде айтылады. Қазба жұмыстарында табылған археологиялық жәдігерлердің ішінде биіктігі 10 метр болатын құмнан салынған Сауран сарайын зерттелуін жатқызуға болады.
Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институт экспедициясы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде 2004-2005 жылдары Саураннан орта ғасырлық мешіттің орны табылды. Мешіттің ені 31 метр, ал жалпы аумағы 1200 шаршы метрді алып жатыр. Ғибадат орынының жобалық композициясы Сауран мешіті Самарқандтағы Бибі-ханым, Ташкенттегі Жами және Бұқарадағы Калян жұма-мешіттерімен сыңарлас келетінін аңғартады.
«Жаңақорған» кітабында «Сауран қаласының тағы бір ерекшелігі – усадьбаларының көптігінде. Аэрофотосъемка суреттерін талдау барысында Сауран маңында 350-ге жуық селолық усадьбалар болғаны анықталды» деген дерек кездеседі.
Бертін Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның төңірегіндегі жобасы мен атқарған қызметтері әртүрлі болып келген сәулет ескерткіштерінің қиранды орындарында кең ауқымды зерттеулер жүргізді. Мұндағы мақсат – аршылған архитектуралық бөліктерде «Қазқайтажаңғырту» арнаулы қайта қалпына келтіру кәсіпорынының күшімен консервациялау жұмыстарын жүргізіп, Сауран шаһарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру болатын.
Сауран — өзінің топографиясын жақсы сақтаған ортағасырлық Қазақстанның жалғыз ғимараты. Кіріс қабырғалары бүлінбеген секілді. Археологтар тербелетін мұнаралары бар атақты медресені қазып, орталық көшелерді, қабырғаларды, ғимараттардың іргетасын қалпына келтірді. Ал бірнеше жыл бұрын мұнда 25 келі мыс тиыны бар қазына табылды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Сауран – Қазақстандағы бір қаланың пайда болуын, дамуын, гүлденуін толықтай көрсететін, түпнұсқа күйінде сақталған жалғыз қала. Сол себепті, тарихымыздың айнасы, өткен ғасырлардың айғағы, атадан қалған асыл мұраны аман сақтап, қорғау – біздің парызымыз.