Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС БОКСШЫЛАРЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС БОКСШЫЛАРЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Daismedia.kz

10–24 мамыр аралығында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Түркістан облысының жас былғары қолғап шеберлері айрықша өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында сынға түскен түркістандық боксшылар жарысты жоғары нәтижемен аяқтап, халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғады.

Байрақты бәсекеден жеңіспен оралған жерлестерімізді Түркістан қаласындағы әуежайдан спорт саласының мамандары, жанкүйерлер мен ата-аналар ыстық ықыласпен қарсы алып, зор қошемет көрсетті. Спортшыларға құрмет көрсетіліп, жетістіктері үшін алғыс айтылып, болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірілді.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жас спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта Олимп биігінен көрінетіндеріне сенім білдірді.

Азия құрлығының үздік боксшылары бас қосқан жарыста отандық спортшылар өздерінің жоғары деңгейдегі дайындықтарын дәлелдеп, үлкен жетістікке қол жеткізді. 50 медаль жиынтығы сарапқа салынған жарыста Қазақстан құрамасы 41 алтын медаль еншілеп, айқын басымдықпен топ жарды. Бұл жетістікке Түркістан облысының спортшылары да сүбелі үлес қосты — облыс өкілдері 8 алтын медаль иеленіп, өңір мерейін үстем етті. Атап айтқанда, 60 келі салмақта Нұрислам Қалдыбек, 67 келіде Бахтияр Анарбаев, 75 келіде Аман Қонысбеков қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Сонымен қатар, 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыста да түркістандық боксшылар жарқырап көрінді. 67 келіде Сұлтан Тұрдалы мен 54 келіде Алдияр Бахадур үздік өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырдан көрінді. Ал қыздар арасында 48 келіде жұдырықтасқан Айым Танкибаева, 63 келіде Аружан Жаңабаева мен 75 келідегі Шұғыла Нәлібай да өз шеберліктерін паш етіп, алтыннан алқа тақты.

Бұл жетістікте олардың жеке жаттықтырушылары — Олжас Оразалиев, Болат Қасқаев және Қанатбек Шағатаевтардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің зор үлесі бар.

You may also like

Leave a Comment