Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы. Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 40 спорт ұйымында 6000-ға жуық жас боксшы шұғылдануда. Аймақта бокс қарқынды дамып жатыр. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Алтаев.
Мұхтархан Ділдәбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері.
Мұхтархан Қабыланбекұлы Ділдәбеков 1976 жылы 19 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (1997), аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының (2000) және әуесқой бокстан әлем чемпионатының (1999) күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері (2000).
1994 жылы Шымкент гуманитарлық университетіне түскеннен кейін бокспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы – Н.Сафиуллин. 1996 жылы Ташкент қаласында өткен С.Джексон атындағы халықаралық турнирде ауыр салмақта (91 кг-нан жоғары) жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шебері атанды. Үш рет Қазақстанның (1997, 1998, 1999), Бангкокте өткен ХІІІ Азия ойындарының (1998) чемпионы, Қазақстан – Куба боксшыларының жолдастық кездесуінің (1998) және Варшавада (Польша) өткен Ф.Штамм атындағы халықаралық турнирдің (1999) жеңімпазы, дүниежүзілік чемпионаттың (1999, Хьюстон, АҚШ), ХХVIII Олимпиада ойындарының (2000, Сидней, Австралия) күміс жүлдегері. ХХVIII Олимпиада ойындарына (2004, Афины, Грекия) қатысқан.
Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Мұхтархан Ділдәбеков 2024 жылы Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті болып тағайындалды.