Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов келіп, “Атамекен” кедендік бекетінің маңында Өзбекстан тарапының өкілдерімен бірлескен жиын өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – “Орта Азия” халықаралық өндірістік кооперация орталығын (ХӨКО) құру мәселелерін талқылау және жоба бойынша нақты қадамдарды айқындау болды.
Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында ХӨКО-ны құрудың маңыздылығы атап өтілді. Аталған орталық екі ел арасындағы шекара маңындағы экономикалық белсенділікті арттырып, бірлескен кәсіпорындар құру, өндірістік тізбектерді біріктіру, сондай-ақ экспорттық әлеуетті дамыту үшін маңызды алаңға айналмақ.
Кездесуде кооперациялық орталыққа бөлінген жер телімінің аумағы қаралып, оның инфрақұрылыммен (жол, су, электр энергиясы, газ, байланыс желілері және т.б.) қамтылу жайы кеңінен талқыланды. Министр Арман Шаққалиев жауапты мемлекеттік және жергілікті органдарға инфрақұрылымды жедел әрі сапалы түрде дайындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл – шекара маңында орналасатын стратегиялық маңызды нысанның тез арада іске қосылуына қажетті негізгі шарттардың бірі.
Кооперация орталығына инвестиция тарту мақсатында аталған жобамен айналысатын негізгі инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Министрлік тарапынан жоба инвесторларына қысқа мерзім ішінде нақты міндеттемелер мен талаптар қойылып, оларды орындау мерзімі белгіленді. Атап айтқанда, өндірістік ғимараттардың құрылысы, логистикалық және кедендік инфрақұрылым нысандарының жобалану және іске асырылу мерзімдері нақтыланды.
Айта кетейік, “Орта Азия” ХӨКО-ның іске асуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар, бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ.