Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мал шаруашылығын дамыту, терең өңдеу кәсіпорындарын ашуға, ет экспортын ұлғайтуға басымдық берілуде. Осы ретте Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Малшылар күні» кәсіби мерекесіне орай Түркістан өңірінде сала мамандарына құрмет көрсетілді. Төрт мезгілде бір сәт тыным таппайтын, малдың жайын ойлап, азығын баптайтын малшылар қауымының мерекесі тойланды.
Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай және Мақтарал аудандарының шаруалары Сарыағаш қаласында бас қосса, Отырар, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қалаларының малшылар қауымы Ордабасы ауданындағы мерекелік шараға қатысты. Төлеби, Түлкібас, Созақ және Бәйдібек аудандарының малшылары Сайрам ауданындағы салтанатты шарада төрге озды.
Мал шаруашылығы саласындағы азаматтардың мәртебесін көтеру, еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеуді мақсат тұтқан мереке аясында жетісайлық Хахаров Қошқар, ордабасылық Ташимов Құралбай – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, төлебилік шопан Мырзақұлов Қошқар, жетісайлық Жұманова Салтанат «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Отырарлық түйеші Жанатаев Мейрамбайға «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар, Қайқыбай Айтжан, Шағалақов Құралбек, Әлібеков Оңғалбек Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Малдың жайын баққан біледі. Төрт түліктің саны өңірімізде жыл сайын артып келеді. Бүгінде облысымызда 1,2 млн. бас ірі қара, 5,1 млн. бас ұсақ мал, 504 мың жылқы, 44 мың түйе бар. Бұл ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нақты көрсеткіші. Нәтижесінде өңірімізде жыл басынан бері 62 мың тонна ет, 163 мың тонна сүт өнімдері өндірілген. Мал шаруашылығын дамыту жолында еселі еңбегімен ерекшеленген 65 азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.