Home Жаңалықтар ШАНЬДУН ПРОВИНЦИЯСЫ МЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

ШАНЬДУН ПРОВИНЦИЯСЫ МЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

Daismedia.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Президент тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды. Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды.

Сондай-ақ өңір басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының өкілдерімен кездесті. Ауыл шаруашылығы қызметтерін көрсету және дәнді дақылдар саудасымен айналысатын бұл кәсіпорын жыл сайын 50 миллион келі астық өндіреді. Компания «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» модельдері арқылы шаруалардың табысын арттырып, тәуекелділікті төмендетуге жәрдемдеседі. Бастысы – экологиялық таза өнім өндірісіне басымдық берілген.

Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысу да жоспарланған болатын. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады. 2024 жылы компания «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебелерін иеленді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Қытай еліне жұмыс сапарымыз – сол тапсырманы іске асыру жолындағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, біз оны Түркістан облысының нақты жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына серпін беретін ынтымақтастық құра аламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

You may also like

Leave a Comment