Қазаншы әулиенің азан шақырып қойған аты – Абдуләзиз Қашқарий. Кесенесі Созақ ауылының орталығындағы қорымда. Жергілікті халық қорымды әулиенің атымен «Қазаншы ата әулие қорымы» деп атайды.
Әулиенің басына кам кесектен кесене белгі салынған. Кесененің жалпы мөлшері – 6 х 6, биіктігі – 8-9 метр. Астыңғы бөлігіндегі 6 х 6 метрлік қабырғасы төрт бұрышты болып келеді де, 2 метр биіктіктен соң төбесі шошайма (сәукеле) формасында қаланып шыққан. Төбесіне қаланған кесек арасына ағаштар қойылған, ағаштың астыңғы жағында 65 – 70 см-ден соң тесіктер қалдырған. Кесене есігі оңтүстік-батысқа қараған. Астыңғы қабырғасынығ қалыңдығы – 80 – 90 см. Төбесінің қалыңдығы – 35 – 40 см. Басына қойылған белгі тасқа «Абдуләзиз Қашқарий әулие ХІҮ ғасыр» деп жазылған. Кесененің оңтүстік-батысында үлкен бірнеше түп қара тал бар.
Әулие атына байланысты әңгімелерге қарағанда тарихтан әйгілі Қожа Ахмет Йассауидің кесенесіндегі Тайқазанды құйған тәбіріздік шебер Әбдуләзиз (1399 жылы құйып бітірген) осы кісі көрінеді.
Алып Тайқазанды құйған тәбіріздік шебер Әбдуләзиздің өнеріне риза болған Қожа Ахмет Иасауи әруағы шеберге елес беріп: «Көзіңді жұм, бірақ менің рұқсатымсыз ашпайсың. Дарынды өнерің үшін Меккеге апарып зиярат еткізіп қайтпақшымын» депті. Кетіп бара жатып әлгі кісі шыдай алмай көзін ашып қойыпты, сөйтсе көктеңіздің үстінде ұшып келеді екен. Осы сапардан зиярат етіп оралған Ахмет Йассауи шеберге уәде айтып: «Саған енді топырақ менің қасымнан бұйырмайды. Сен Созақтағы Қарабура әулие жанында қалатын болдың» деп аян беріпті.
Міне, Созақта бейіті жатқан Қазаншы әулие сол кісі екен дейді. Дін уағыздаушы адамдарға қамқоршы болған деседі. Ал, жазба деректерде XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың басында өмір сүрген деп айтылады.
Осы уақытқа дейін темір, ағаш шеберлері Қазаншы атаға түнеп, тәу етіп келеді. Созақ шеберлері әлі күнге дейін атамұраны жалғастырып, баба рухына сиынады. Әулие ата «Басыңнан бақ кетпесін, қазаның оттан түспесін» деп бата береді екен. Алла жолындағы жан-дүниесі таза жандарға аян береді. Тазалықтың, еңбекшілдіктің киелі иесі…
Қазаншы кесенесі — Қазақстанның Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылындағы ХVІІІ—ХІХ ғасырлардағы сәулет ескерткіші. Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.
Созақ ауылына кіре берістен солға қарай көне қабірстан кездеседі. Сан ғасыр бойы жел-құз мүжіп, түрлі пішінге енген көне кесенелер, сағаналар әр-әр жерден көрінеді. Өкпе тұстан соққан самал жел сол көне сағаналардың қуыс-қуысын аралап өтіп, қобыз үніндей қоңыр бір әуенді ертелі-кеш шертіп тұрады.
Тарихқа шегініс жасасақ.
Көреген Әмір Темірдің жарлығымен 1399 жылы Қ.А.Ясауи кесенесі үшін тайқазан құю жоспарланады. Маусым айында Түркістан қаласының батысында 27 шақырым қашықтықта орналасқан Қарнақ елді мекенінде (қазіргі Атабай ауылы) тайқазанды құю жұмысы басталады. Бұл жұмысты ирандық шебер Абдуләзиз ибн Шарафуддин қолға алған еді. Абдуләзиз қазанды мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір қоспаларынан құйды. Қазанның салмағы 2 тонна еді. Биіктігі – 1,60 метр, диаметрі 2,42 метр болды. Қазанға үш мың литр су сыяды.
Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Бірінші жоғары бөлігінде қазанды айнала арабтың гүл өрнекті сулус және куфи үлгісімен Құран Кәрімнің аяттарынан үзінді жазылып, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен жалғасады. Бұдан кейін қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы жазылған. «Бұл су құятын ыдысты Ислам Шайхысы, әлемдегі шайхтардың Сұлтаны, Шайх Ахмет Ясауидің (Алла ол кісінің әзіз рухын киелі қылсын!) мазары үшін жасауға ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, Рахымды Патшаның (Құдайдың) айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір Темір көреген бұйрық берді.
Алла Тағала оның биігін мәңгілік етсін! (Жиырмасыншы шаууал, сегіз жүз бірінші жыл. 25 маусым 1399 жыл)» деген жазудан көп сыр аңғарамыз. Зерттеушілер шеберлердің қыс маусымында ешкінің тоңмайынан қазанның төрттен бір бөлігін жасап, оған ою-өрнектермен жазулар түсіргенін жазады. Май қатқан соң сыртынан тез қататын сұйық ерітіндісімен сылап шыққан. Кепкен соң оны қыздыру үшін от жаққан. Тоң май еріп кеткен соң, металл қорытпасы құйылған. Мұның бәрі де нақты дәлме-дәл есеп бойынша жүргізілген. Төрт бөлікті бір-бірімен бекіту, жазулар мен өрнектерді дәлме-дәл байланыстыру үлкен шеберлікті қажет етер еді. Шебер екінші қатарға «Құдайдың қамқорлығына үміт артқан Абдуләзиз ибн Шарафуддин Тебрези» деп өз есімін қалдырыпты.
Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында Құранның «Тәубе» сүресінің он тоғызыншы аятынан және хадистерден үзінділер де жазылған. Аяттың қазақшасы «Аса мәртебелі, құт-берекенің иесі Алла айтты: «Сендер қажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді (Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп және Алла жолында күрескен кісі сияқты) көресіңдер ме?». Хадис: «Пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген мағынада. Осы қасиетті сөздерден біз ең әуелі тазалықты, адалдықты меңзеп тұрғанын аңғарамыз. Адам баласы бірін-бірі алаламай, өзара ынтымақта болуы керектігін ескертеді. Су – тазалықтың, мөлдірліктің белгісі. Ендеше, алып қазан арқылы «үнемі тазалықта болыңдар» дегенді меңзеп тұр.
Белгілі ғалым Ақжан Машанидің тұжырым жасауынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – жеті қат көкті, 12 мүшел мен жыл мезгілін бейнелейтін ғарыш моделі сынды құрылыс. (Бір таңқаларлығы, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан кесенелері, Бабатадағы Ысқақ баб кесенесі, Құмкенттегі Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі бір-бірінің көшірмесі іспетті). Тайқазан – соның шағын көшірмесі іспеттес астрономиялық мәні бар туынды. Міне, осының барлығына мән бергенде Әбдел Әзиздің кезінде Қ.А.Ясауи ілімінен сусындағанын, бірнеше ғылым саласынан (химия, астрономия, математика, физика) хабары бар екенін аңғара аласыз. Жеті түрлі металды біріктіріп қазан құю, ислам діні мен тарихынан жан-жақты хабардар болу кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтіні анық. Ол Жердің, Күннің және басқа да планеталардың өз осімен айналатынын жақсы білген. Өйткені, оның туындысы осыны айғақтайды. Демек, Абдуләзиз ибн Шарафуддин бабамыз тегін кісі болмаса керек.
Түркістан қаласына кіре берістегі оң қапталда Алатау батырдың ескерткіші тұр. Оның бұл жерге неліктен қойылғанын екінің бірі білмесе керек. ХVІ ғасырдың орта шені мен ХVІІ ғасырдың аралығында өмір сүрген даңқты қолбасшы, жаужүрек батыр Алатау Бесайдар-ұлы соғысқа аттанарда, одан оралғанда Әзірет Сұлтан кесенесіне келіп, бабалар әруағына сыйынып, Құран бағыштап кетеді екен. Алатау батыр әр келгенінде Құран бағыштап болған соң 2 тонналық тайқазанды бір көтеріп қояды екен. Осылай ол Түркістанға 13 рет келген деседі. Әр келгенінде тайқазанды бір көтеріп, орнына қойып тұрған дейді.
Міне, осы тайқазанды жасаған шебер Абдуләзиз ибн Шарафуддин бабамыздың кесенесі, өлкетанушы Нұрмахан Сейітмаханұлының айтуынша, Созақ топырағында, Қарабура кесенесінің іргесінде жатыр.
Тағы бір аңызда Абдуләзиз тайқазанды құйып біткен соң оның түсіне Қожа Ахмет Ясауи бабамыз кіреді. Әулие берген аян бойынша шебер Меккеге барып, қажы атанып қайтады. Қожа Ахмет Ясауи шеберге «мәңгілік тұрағың Қарабура жанында болады» деп аян береді. Аңыз бойынша, Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда жаназасын Қарабура шығарыпты деседі. Осыны негізге алып қарастырсақ, әулие өзіне арнап тайқазан жасаған шеберге разы болып, Қарабура жанында жатқанды хош көрген тәрізді.
Кешегі Кеңес өкіметі кезінде де кесенесі құлатылмаған, тек ғасырлар бойғы табиғат құбылыстарының зардабынан қаңқасы ғана қалған сағана қарайып әлі тұр. «Қазаншы ата әулие қорымы» делінетін бұл сағана расында Әбдел Әзиз шебердікі ме, жоқ па, бұл арасын тарихшылар еншісінде.