Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвармен және ҚР Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті. Кездесуде экономикалық өсімді әрбір баланың жарқын болашағын құруға бағыттау жолдары талқыланды. Балалар мен жастардың жағдайы туралы өзекті деректер негізінде дайындалған зерттеу нәтижесі сөз болды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
— Демографиясы жоғары өңір халқының саны 2,2 миллионнан асты. Оның ішінде 900 мыңнан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Халықтың табиғи өсімі мен демографиялық серпіні – аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымына жоғары талаптар қояды. Осы ретте балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Денсаулық сақтау саласында маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Түркістан облысының әкімдігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) арасындағы бірлескен жұмыс жоспары аясында 1400 медицина қызметкерін оқытуға қаржы бөлінді. Түркістан облысында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 99,6%-ды құрайды. Өңірімізде 1116 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер мен балабақшалар салу, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Президетіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы 23 мың орындық 29 мектеп бой көтерді. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне де басымдық берілуде. «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» мекемесі ашылды. Биыл 17 аудан, қалада «Отбасын қолдау орталықтары» жұмысын бастады. ЮНИСЕФ-тің сараптамалары мен қолдаулары маңызды. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Тараптар мультииндикаторлы кластерлік зерттеудің (МИКС) деректері маңызды шешімдер қабылдау үшін шынайы әрі нақты негіз болатынын атап өтті. Талдауға сәйкес, Түркістан облысы айтарлықтай экономикалық динамиканы және әлеуметтік саладағы елеулі жетістіктерді көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді: 10 жыл ішінде 5 жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі екі есе азайды, вакцинациямен қамту республикалық көрсеткіштерден асады, ал босанғаннан кейінгі аналар мен жаңа туған нәрестелерге патронаж көрсету деңгейі елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар ерте жастағы балаларды дамыту индексі бойынша өңір елдегі үздіктер қатарында тұр: 2-4 жас аралығындағы 10 баланың 8-і өз жасына сәйкес дамып келеді. Дегенмен осал топтағы отбасыларды қолдау, балаларды зорлық-зомбылықтан және құқықбұзушылықтан қорғау, білім сапасын көтере түсу, бала тәрбиесіне ата-аналардың белсенділігін арттыру жұмыстарын жандандыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу соңында доктор Рашед Мустафа Сарвар: «Түркістанға бірінші рет келіп тұрмын. Облыстың даму деңгейі жақсы. Біз Түркістан облысын зор жетістіктерге қол жеткізген және одан да үлкен әлеуетке ие өңір ретінде көреміз. МИКС деректері өңірдің адами әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. ЮНИСЕФ осы өмірлік маңызы бар жұмыста әкімдікке барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын» деді.
Тараптар әріптестікті нығайтуға және бірлескен бағдарламаларды іске асыру жөнінде уағдаласты. Бұл бағдарламалар Түркістан облысының балалары үшін қауіпсіз, салауатты және дамытушы орта құруға бағытталған.