Биыл Төлеби ауданындағы «Бірлік» өндірістік кооперативінің еңбеккерлері биылғы шөп шабу науқанын табысты аяқтады. Кооператив төрағасы Әбдінұр Шайнековтің ұйымдастырушылық қабілетінің және ұжым мүшелерінің бірлігінің арқасында шөп жинау жұмыстары қысқа мерзім ішінде аяқталды. Қазіргі таңда шабылған шөп әр үйге үлестіріліп, әр отбасының қыстық жем-шөп қорына айналуда. Тұрғындар шөпті тайлаған техниканың ақысын төлеп, алып кетуде. «Әбдінұр Шайнековке де, ол басқаратын «Бірлік» ұжымына да алғысымыз шексіз!» дейді Тасарық ауылдық округінің тұрғындары.
  Кооператив төрағасы Әбдінұр Шайнеков жыл сайын ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға, жетім-жесір жандарға көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жем-шөпсіз қалмасын деп, мұқтаж жандарға қыстық мал азығын тегін жеткізіп береді. Төраға биыл бұл сауапты істі кооператив бригадирі Мұқият Игеновке тапсырды. Ол округтегі көмекке зәру отбасыларды анықтап, кооперативтен берілетін көмекті уақытында жеткізуді өз мойнына алды. Мұндай қамқорлық – ауылдың тірегі мен жүрегіне айналған азаматтардың ісі. Олар үшін ел алғысынан асқан марапат жоқ.
Тынымсыз тірліктің тарланы
Кооперативте жұмыс қашанда қызу. Алқап басы абыр-сабыр. Жұмыс қызып, әркім өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда. Осы қарбалас сәттерде инженер Баймахан Оралбаев ерекше көзге түседі. Баймахан – техника тілін жетік меңгерген, кез келген жағдайға орай шұғыл әрекет ете білетін маман. Қай жерде, қандай техника істен шықса, сол араға қажетті бөлшектерді дереу жеткізіп, жөндетіп, техникаларды қайта сапқа қосуда. Сонымен бірге жанар-жағармай тасымалы да Баймаханның мойнында.
Оның жұмысында үзіліс, кідіріс деген болмайды. Қашан көрсең, әрекет үстінде. Осындай іскер, тиянақты мамандардың арқасында «Бірлік» кооперативінің жұмысы іркіліссіз, нәтижелі.
Расында да солай! Агроном Мұрат Исабаев аптап ыстыққа қарамастан, жұмыстың сапалы орындалуын қадағалап жүр. Гараж қарауылы Ерсайын Ережепов те өз міндетінен тыс, қос басындағы жұмысқа атсалысуда. Ал, бригадир Мұқият Игенов комбайншылардың түскі асын қамдатуда. Бірлік болған жерде береке де болады деген осы болса керек.
