Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Иқан ауылдық округінде агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі жобалардың бірі – мал бордақылау алаңдарының құрылысы барысымен танысты.
Қазіргі таңда ауданға қарасты 12 ауылдық округ аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 нысан Ескі Иқанда бой көтеруде. Бүгінгі күнге дейін 25 алаңның құрылысы басталып кеткен. Жоба толық іске қосылғанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Бұл бастаманың басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір орталықта шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға әрі жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ санитарлық және ветеринарлық талаптар бірыңғай бақылауда ұсталып, ет өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға жол ашады.
Сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең бастысы – ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысын арттыруға, өңірдің экономикалық белсенділігін көтеруге ықпал етпек.
