Бүгінде Түркістан облысында жиын-терім жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы биыл 3,3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі таңда 2,6 млн тоннасы жиналған. Бұдан бөлек, өңірде жылыжайлардың көлемі 1 715 гектарды құрайды. Жылыжайлардан 101,5 мың тонна көкөніс жиналған.
Облыста 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1 143,6 мың бас ірі қара, 4 947,6 мың бас қой және ешкі, 495,8 мың бас жылқы, 43,2 мың бас түйе, 2 566,4 мың бас құс тіркелген. Осы орайда 122,9 мың тонна ет, 368,8 мың тонна сүт, 176,9 млн дана жұмыртқа өндірілді. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы облыстың еншісінде. Осы жылы 8 айда 20,8 мың тонна ірі қара мал еті, 13,4 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 31,5 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бағытында тауарлы сүт фермаларын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құны 6 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, қосымша 20 мың тонна сүт өндірілмек.
Айта кетейік, республикада ауыл шаруашылығының өнімінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Биыл қаңтар-тамыз айларына 487,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 %-ды құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 97,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе артқан.
