Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Маңызды жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің мүшелері, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Өңірлік даму – басты назарда
Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп, күн тәртібінде қаралған 11 маңызды мәселені талқылау басталды. Жиында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, өнеркәсіп, туризм, көлік және инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар сараланды.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы Жолдасов 2025 жылдың алғашқы 8 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсімін көрсететін маңызды көрсеткіш. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8 пайызды құраған.
Өңдеу өнеркәсібіне серпін беретін жобалар
Экономика құрылымында өнеркәсіп секторы айрықша маңызға ие. Аталған кезеңде өңірде 982,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға өсім байқалды.
– «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту басты назарда. Осы бағытта «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылып жатыр. Бұл – еліміздің индустриялық әлеуетін арттыратын ауқымды жоба. Мұнда электр жабдықтары, инверторлар, өнеркәсіптік автоматика жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттары сынды жаңа технологиялық өндірістер іске қосылады. Жобаның жалпы құны – 123 млрд теңге. Орталықта шамамен 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 50 гектар жер телімі қоршалып, ішкі жолдар мен инфрақұрылымдық желілер тартылуда. Сонымен қатар, әкімдік 8 дайын өндірістік ғимарат тұрғызу арқылы орталықты инвестициялық жобалармен толықтыру жұмыстарын бастады», – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Туризм мен көлік салалары – даму үстінде
Сессия барысында облыстық туризм басқармасы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары да есеп беріп, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени мәртебесі мен рухани орталық ретіндегі әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан туристік жобалар, инфрақұрылымдарды жақсарту жұмыстары талқыланды. Туризм саласында қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңа туристік бағыттарды дамыту, тарихи орындарды жаңғырту мәселелері көтерілді.
Ал жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша басқарма басшысы өңірдегі негізгі трассалар мен ауылішілік жолдарды жөндеу, жаңарту жұмыстарының барысын баяндады. Бұл бағытта мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен көптеген жобалар іске асырылуда.
Мәслихат пен әкімдік – бірлескен іс-қимылда
Сессия соңында қаралған барлық мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары нақты шешімдер қабылдады. Әлеуметтік-экономикалық өсімді одан әрі жандандыру, халықтың өмір сапасын жақсарту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды стратегиялық мақсаттар алдағы жұмыс кезеңінде де басты бағыт болып қала береді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов депутаттардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, халықтың аманатын орындау жолындағы бірлескен жұмысқа сәттілік тіледі.
– «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы – барша халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған басты міндеттердің бірі. Бұл ретте облыстық мәслихат пен партиялық фракцияның өзара үйлесімді жұмысы өңірлік дамудың жаңа кезеңдеріне жол ашады», – деді ол.
Сессия жұмысы Түркістан облысы дамуының маңызды кезеңінде өтіп отыр. Күн тәртібінде қаралған мәселелер – тек статистикалық мәліметтер ғана емес, нақты әрекеттер мен шешімдер арқылы өңірдің келешек даму бағытын айқындайтын маңызды бағдарлар. Облыстық мәслихат пен атқарушы билік арасындағы үйлесімді ынтымақтастық алдағы уақытта да Түркістанды жаңғырту жолындағы маңызды істерге серпін беретіні сөзсіз.
