Home Жаңалықтар ПАРТИЯ МЕН ПАЛАТА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ: КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ

ПАРТИЯ МЕН ПАЛАТА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ: КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ

Daismedia.kz

Түркістан облысында кәсіпкерлікті қорғау және қолдау бағытындағы маңызды жиын өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облыстық филиалы мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған кеңес отырысында кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер ашық талқыланды. Іс-шара Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті мәжілісі аясында өтті.

Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаевтың жетекшілігімен өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков, Түркістан облысының мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы Құрасбек Рысқұлбеков, облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапты басшылары бизнес қауымдастықтың өкілдері, кәсіпкерлік палатының жауапты азаматтары қатысты. Кеңестің бірқатар мүшелері жиынға онлайн форматта қатысты.

Кәсіпкерлікті дамыту – елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығының басты тетіктерінің бірі ретінде қарастырылатынын жеткізген Орынбасар Әбдікәрімұлы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «AMANAT» партиясы кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге күш салып жатқанын жеткізді.

— «Бүгінгі жиында 3 негізгі тақырыпты қарастыратын боламыз. Олар: Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің құқық белгілейтін құжаттарын зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктер. Салдары мен отандық бизнеске әсері мәселесі; Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру. Сауда, қызмет көрсету саласындағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін стационарлық емес сауда объектілерін берудің жәй-күйі тақырыбы; Тауарлар мен жұмыстарға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде мемлекеттік тапсырыс берушілер тарапынан жол берілетін кемшіліктер мен оның салдары жөніндегі хабарламалар тыңдалады. Аталған тақырыптар бойынша өзекті мәселелерді белгілеп, шешу жолдарын қарастыратын боламыз», — деді кеңес төрағасы кіріспе сөзінде.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша хабарлама жасаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков облыс әкімдігі бизнеспен әрдайым ашық диалог орнатуға мүдделі екенін білдірді, саладағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуді маңызды басымдық деп санайтынын айтты. Қазіргі таңда облысымызда шағын және орта бизнесті сүйемелдеуде құны 5 млн.-нан 500 млн. аралығындағы жобаларға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы қолдау көрсетілетінін мәлімдеді, ал құны 500 млн. теңгеден асатын жобаларды «Түркістан инвест» ЖШС-гі сүйемелдейтінін айта отырып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелерін шешуде инвестштаб жұмыс жүргізетінін хабарлады.

— «Облыс экономикасының барлық салаларында оң өсім динамикасы бар. Өңдеу өнеркәсібінда шығарылған өнім көлемі 13 пайызға ұлғайды, облыс экономикаасына тартылған инвестиция көлемі 782 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 216 мың субъекті жұмыс жүргізіп, Астана, Алматы қалаларынан кейін үшінді орынға тұрақтадық. Облыс аумағында 20 индустриалды аймақ жұмыс жүргізеді, ондағы жобаларға коммуналдық тарифтер бойнша қолдау көрсетіледі. Арнайы экономикалық аймақтағы жобаларға салық және кеден төлемдері бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Шағын өндірістік парктер жобасы қарқын алып отыр», — деді Талғат Жапарханұлы.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік тоқсқауылдарды болдырмау, бизнеске қатысты заңсыз шешімдерді жою бағытында 24/7 форматында жұмыс жүргізілетінін айтты. Бұл міндеттерді тиімді атқаруда колл-центр, сенім телефондары жұмыс істейтінін атап өтіп, кәсіпкерлермен ашық диалог өткізуде аудан, қалаларда мақсатты кездесулер өткізіліп, өзекті деген мәселелерді шешуде нақты қадам жасалып жатқанын мәлімдеді. Прокуратура органдары ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз берілген фактілерді анықтауда, игерілмеген немесе мақсатсыз пайдаланылған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«AMANAT» партиясы облыс кәсіпкерлерімен тікелей кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, партияның Орталық аппаратына, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттарына жеткізетінін облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев айтты.
— «Кәсіпкерлікті қолдау – еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық өрлеуі жолындағы мемлекеттік саясаттың және «AMANAT» партиясы жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі. Сол себепті, бұл мәселе партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында көрініс тауып, партия жанындағы кеңестерде тұрақты талқыланып, депутаттар тарапынан Үкіметке және жауапты жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап отырады. Осы орайда, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ағымдағы жылдың 9-қыркүйегінде өткен аппараттық мәжілісте бизнесті дамыту бойынша жұмысты жандандырып, оны жеке бағыт ретінде айқындауды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыстық партия филиалы жанынан өңірлік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесін құру жұмыстары басталды», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетін түйткілдің бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін беру мен рәсімдеудегі олқылықтар. Жиында облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті мен Жер қатынастары басқармасының өкілдері сот тәжірибесінде жиі кездесетін мәселелерге тоқталды. Бастапқыда заң талаптары сақталмай берілген жер учаскелері кейін жарамсыз деп танылып, адал кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Бұл ретте «Зерде-Агро» шаруа қожалығының 400 млн теңгелік алма бағын дамыту жобасы сот шешімінен кейін тоқтап қалуы – нақты мысал ретінде айтылды.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай жағдайлардың бизнестің дамуына кедергі келтіретінін айтып, Президенттің «адал еңбек еткен кәсіпкерлерге бөгет жасамау» туралы тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін тағы бір мәселе – көшпелі сауда нүктелерін орналастыру. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының дерегінше, Түркістан облысында 206 сауда орны айқындалғанымен, оның тек 17-сі ғана кәсіпкерлерге берілген. Бұл – халық көп шоғырланатын жерлерде шағын кәсіпке мүмкіндік аз дегенді білдіреді. Түркістан қаласында қазіргі таңда 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр, бірақ сарапшылар бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін айтты.
Палата өкілдері бәсекелестікті арттыру үшін сауда орындарын ашық конкурс арқылы беру тетігін енгізуді ұсынды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков барлық аудан, қала әкімдігіне осы мәселені қолға алып, анализ жасап, жолға қойылуын Кәсіпкерлік басқарма басшысына тапсырды.

Жиында мемлекеттік сатып алу жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы орынбасары тапсырыс берушілер тарапынан жиі кездесетін қателіктерді атады. Ал Палата сарапшылары адал кәсіпкерлердің кейде негізсіз түрде «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізілетініне тоқталды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келтіріп, олардың әрі қарай мемлекеттік тапсырысқа қатысуына кедергі жасайды.

Мәжілісте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, жер қатынастары, шағын бизнесті дамыту және мемлекеттік сатып алу салаларындағы жүйелі проблемалар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев кәсіпкерлердің пікірін ашық айтуының маңыздылығына тоқталып: «Бізге әрбір кәсіпкердің дауысы маңызды. Жер, сауда орындары немесе мемлекеттік сатып алу болсын – кәсіпкерлердің құқығы қорғалмайынша өңірде бизнес дамымайды. Сондықтан біз әрбір мәселені ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздеуге дайынбыз», – деді.

Кәсіпкерлік саласына қатысты жиында айтылған барлық ұсыныстар «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының назарында болады және барлық мәселелерді салалық мемлекеттік органдардың қатысумен партия алаңдарында өтетін жиындарда нақтылы қарайтын боламыз.

Бұл жиын – Түркістан өңіріндегі кәсіпкерлік саласында қордаланған мәселелерді ашық айтып, оны бірлесіп шешуге бағытталған маңызды қадам. Жер мәселесі, сауда нүктелері мен мемлекеттік сатып алулардағы әділетсіздік – шешімін күтетін басты түйткілдер. Алайда, билік, бизнес және партиялық алаңдардың басын қосу арқылы бұл кедергілерді бірлесіп еңсеруге толық мүмкіндік бар.

You may also like

Leave a Comment