Түркістан – ауыл шаруашылығының флагманына айналуда. Егіс көлемі ұлғайып, ет экспорты артты, жылыжай мен қарқынды бау шаруашылығы дамуда.
Түркістан облысы еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда көшбасшы өңірлердің қатарынан орын алып келеді. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығына қатысты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен нақты нәтижелер – осы саладағы жүйелі реформалар мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың айғағы. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде биылғы аграрлық маусымның қорытындылары мен болашақ жоспарлар кеңінен талқыланды.
Егістік алқап көлемі артты
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Бұл – су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданудың нәтижесі.
Атап айтқанда:
Дәнді дақылдар – 341 мың гектар,
Майлы дақылдар – 73 мың гектар,
Көкөніс пен картоп – 55,9 мың гектар,
Бақша дақылдары – 61,6 мың гектар,
Мал азықтық дақылдар – 229,9 мың гектар,
Мақта – 145 мың гектар (өткен жылмен салыстырғанда 38 мың гектарға артық).
Бұл көрсеткіштер Түркістан өңірінің егістік әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Облыс әкімі өз сөзінде ауыл шаруашылығы индикаторларын толық орындаудың маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
«Бекітілген жоспар орындалуы қажет. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Субсидия алған шаруаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, 2025 жылғы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұралхан Көшеров.
Тыңайтқыш пен техника – уақытында
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, көктемгі дала жұмыстары толықтай дер кезінде ұйымдастырылған. Диқандарға қажетті 38 мың тонна жанар-жағар май бөлініп, тарату жұмыстары жүйелі жүргізілді. Сонымен қатар, 1106 дана жаңа техника сатып алынып, техника паркін жаңарту 6 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде тыңайтқыштың рөлі ерекше. Биыл облысқа 206 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізіліп, оның 101 мың тоннасы субсидияланған.
Жоғары өнім жиналды
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау барысында өңір диқандары мол өнімге қол жеткізді:
337 мың тонна дәнді дақыл (гектар түсімділігі – 12 центнер),
9 мың тонна мақсары,
791 мың тонна көкөніс,
1,1 млн тонна бақша өнімдері,
234 мың тонна картоп.
Мал шаруашылығына қажетті азық дайындау ісі де жүйелі жүргізілуде. Биыл 5,2 млн тонна мал азығын жинау жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 3,9 млн тоннасы дайындалған.
Су үнемдеу технологиялары – даму кепілі
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында Түркістан облысы республика бойынша үздік тәжірибе көрсетуде. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланғанымен, нақты көрсеткіш 59 мың гектарға жетті. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы инновация мен жаңа технологияның табысты игеріліп жатқанын көрсетеді.
Жылыжай мен қарқынды бау – Түркістан брендіне айналуда
Жылы климаттық жағдай Түркістан облысын жылыжай шаруашылығын дамытуда бірегей өңірге айналдырды. Қазіргі таңда облыстағы жылыжайлардың көлемі 1715 гектарды құрап отыр. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды.
Өткен жылы бұл саланы қолдауға 3,8 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 4,4 млрд теңгеге жетті.
Қарқынды бау шаруашылығы да өңірдің агросаланы дамытудағы негізгі бағыттарының бірі. Биыл 181 гектарға жаңа бау егілді. Қарқынды бақтардың жалпы көлемі 3,3 мың гектарға жетті. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 8,2 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ет экспорты – республикалық көлемнің көшбасында
Мал шаруашылығы бағытында да өңір үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінгі таңда:
Республика бойынша экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы Түркістан облысының үлесінде.
2025 жылдың алғашқы 7 айында: 20,8 мың тонна ірі қара мал еті, 13,4 мың тонна қой еті шетелге экспортталды.
Бұл көрсеткіштер ет өндірісіндегі тиімділіктің және экспорттық әлеуеттің артқанын көрсетеді.
Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда
Облыста ауыл шаруашылығын инвестициялау арқылы дамыту жалғасуда. Қазіргі таңда:
Құны 51,3 млрд теңге болатын 7 ірі ет кластері жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылғанда жылына қосымша 35 мың тонна ет өндірілетін болады.
Биылғы жоспар бойынша, жалпы құны 134 млрд теңге болатын 29 жоба іске асырылады. Бұл өз кезегінде 1456 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 17 жоба іске асырылып, 626 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылады.
Түркістан облысы еліміздің аграрлық дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығын индустрияландыру жолында нақты жетістіктерге жетуде. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүйелі, нақты және нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Егіс көлемінің артуы, өнім көрсеткіштерінің жақсаруы, жылыжай мен бау шаруашылығының дамуы – өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін одан әрі күшейте түспек.
Түркістан – тек тарихи және рухани астана ғана емес, ауыл шаруашылығының да жаңғырған орталығына айналып келеді.
