Түркістан облысының Шардара ауданында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – облыс басшылығының басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл салада атқарылған жұмыстардың қарқыны күшейіп, қазіргі таңда нақты жобалар мен инфрақұрылымдық шешімдер іске асырылып жатыр.
Су торабы – ауданның негізгі тіршілік көзі
Аудан аумағындағы негізгі су нысандарының бірі – қуаттылығы тәулігіне 9 000 текше метрді құрайтын Шардара қаласындағы бас су торабы. 1983 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл нысан бүгінгі күні 6 520 абонентке қызмет көрсетеді. Су торабы 4,19 гектар аумақты алып жатыр және ауыз суды тәулік бойы өңдеп, тұрғындарға жеткізеді.
Соңғы уақытта бұл нысанда туындаған кейбір техникалық ақауларға байланысты шұғыл шешімдер қабылданып, жұмыстар дер кезінде үйлестірілді. Арнайы штаб құрылып, су саласына жауапты мамандардың қатысуымен шұғыл іс-шаралар қолға алынды. Қазіргі таңда нысанда қосымша сорғылар орнатылып, диаметрі 200 мм болатын жаңа полиэтилен құбыр іске қосылды. Бұдан бөлек, су тасымалын қамтамасыз ету мақсатында арнайы понтон жеткізіліп, қажетті насостар орнатылған. Аудан тұрғындарына су жеткізу үшін 10 су тасымалдаушы көлік пен 28 дана су ыдысы тартылды.
Облыс әкімінің сапары: бақылау және тапсырмалар
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, су нысандарын аралады. Әкім Шардара қаласындағы бас су торабының жұмыс барысымен танысып қана қоймай, Шардара су қоймасы жанындағы Қызылқұм магистралды каналы мен «Арнасай» су бөгетінде де болды. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін сала мамандарымен кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол су жүйелеріндегі кез келген кідіріс пен ақауға жол бермеу үшін тәулік бойы жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
«Шардара топтық су құбыры» – өңірлік маңызы бар жоба
Сапар аясында облыс басшысы өңір үшін стратегиялық маңызға ие «Шардара топтық су құбыры» жобасының құрылысымен де танысты. Бұл жоба аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Тама-Тастанбек» жерасты су қорын игеруді көздейді. Жоба 2025 жылдың ақпан айында басталып, қазіргі таңда бірқатар құрылыс жұмыстары орындалған. Су құбырының жалпы ұзындығы – 39,28 шақырым, ал тәуліктік қуаттылығы – 12 000 м³.
Бүгінгі күнге дейін 13 шақырым су құбыры тартылып, 26 дана су реттегіш камера орнатылды. Сонымен қатар диаметрі 500 мм болатын екі магистральды құбыр мен әрқайсысының көлемі 3600 м³ болатын екі ірі су жинағыш резервуар іске қосылды. Барлығы сегіз ұңғыма қазылып, су өндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның жалпы құны – 4,5 млрд теңге. Жоба толық жүзеге асқанда, Шардара қаласындағы 32 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады. Бұған қоса, жоба Шардара қаласымен қатар оған іргелес 22 елді мекеннің де су мәселесін шешуге бағытталған.
Жерасты су көздері – болашақтың кепілі
Айта кету керек, Шардара ауданының су әлеуеті бұрыннан зерттеліп келеді. 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнына қайта барлау жүргізіліп, су қоры ғылыми негізде бекітілген болатын. Бұл алғышарттар қазіргі таңда ауыз су мәселесін жүйелі шешуге үлкен негіз болды.
Өңірлік маңызы бар «Шардара топтық су құбыры» жобасы соның нақты дәлелі бола алады. Бұл жоба – бір ғана аудан үшін емес, жалпы Түркістан облысы үшін маңызды стратегиялық қадам.
Шардара ауданында ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары ауқымды жобалар мен нақты шаралар негізінде жүзеге асуда. Облыс басшылығының тікелей бақылауымен және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде аудан халқының ауыз суға қатысты мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Тұрғындар үшін ең бастысы – таза, сапалы ауыз суға қолжетімділік. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасса, жақын болашақта Шардара халқы ауыз судан тапшылық көрмейтіні анық.
