Home Ауыл шаруашылығы «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Daismedia.kz

Түркістан қаласында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті жұмыс жиыны өтті. Жиынды облыстық партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жүргізді. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, партия бюросының мүшелері, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандық партия филиалының жетекшілері, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Жұмыс жиынын бастаған облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Бюро мәжілісінің күн тәртібінде екі мәселе қаралатынын айтты. Бірінші мәселе шеңберінде партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында белгіленген тармақтардың орындалуы туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың есебі, партия мүшелері – мәслихат депутаттарының ішкі тәртібі мен жауапкершілігі туралы облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбековтың хабарламасы тыңдалды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 10 көрсеткіш белгіленіп, олардың орындалуы фракция мүшелері мен партия өкілдерінің тұрақты бақылауына алынған. Осы тармақтардың орындалуы бойынша есеп берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы биылғы 7 айда Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы өнім көлемінің өсімі
103,9 пайызды құрап, 346,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді. Түркістан облысы республика алғашқы орынға шығып, өңірлер бойынша жалпы өнімдегі үлесі 14 пайызға жеткенін хабарлады.

-«Ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылды. Астық ору науқаны толық аяқталып, егін жинау жұмыстары қалыпты жүргізілуде. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Дала және жиын терім жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, өткен жылдан екі есе артты. Дала жұмыстарына қолданыстағы 25 мың бірлік техника жұмылды. Тауар өндірушілер 1106 дана жаңадан техникалар сатып алды. Техникалар паркін жаңалау 6 пайызды құрады. Жыл соңына дейін тағы 10 пайызға жаңарту жоспарда бар. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген несие бағдарламасына 33,3 млрд. теңге қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру екі есеге артты», — деді Файзулла Мұстафинұлы.

Сондай-ақ жиын барысында биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылғаны, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрағаны айтылды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыруда өткен жылы 3 кәсіпорын іске қосылса, биыл тағы компания жұмысын бастағаны мәлімделді. Мал шаруашылығын дамыту, отандық нарықты сапалы азық-түлік өнімдерімен толықтыруда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы баяндалып, Мемлекет басшысының 8 қыркүйекте жария еткен Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша берілген тапсырмаларын орындауда қолға алынған бастамалар туралы ақпарат берілді.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған бюро мүшелері ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, шекаралық аймақтардағы каналдарды басқаруды реттеу мәселелерін қозғады. Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты іске қосылғанын, кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтуда сәйкесінше шикізат көлемінің жеткілікті болуын үйлестіру қажет екені айтылды. Өңірімізде кептірілген жемістер өндірісін жолға қою ұсынысы білдірілді.

Партиямыздың бастамасымен қолға алынған, ауыл тұрғындарының кең сұранысына ие болған «Ауыл аманаты» жобасын орнықты жалғастырудың маңызына назар аударылып, партияның Сайлауалды бағдарламасына енген инвестициялық жобалар мерзімінде іске асырылуы тиіс екені жеткізілді.
Бюро мәжілісінде жылыжай шаруашылықтарын қажетті қатты отынмен қамту, шаруалар сатып алатын көмірдің толық көлемде болуын қадағалау, өңіріміздегі жылыжай шаруашылықтарының 80 пайызы орналасқан Сарыағаш ауданына электр энергиясының тұрақты берілуін ұйымдастыру мәселелері қозғалып, бұл мәселелерде реттеуде салалық басқармалармен, тасымалдаушы және энергожеткізуші ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізу тапсырылды.

Саяси кеңес бюросының мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша мал санының есебін объективті жүргізу, ішкі нарықты етпен қамтудағы өзекті мәселелер, қаракөл елтірісін өндіру бойынша ұсыныстарын айтып, «AMANAT» партиясы өткізген ресми жиындарға басқарма басшылығы міндетті түрде қатысуы тиіс екені назарға алынды. Барлық сауалдар мен өтініштер жиынның хаттамалық тапсырмасында қамтылып, орындалуы үйлестірілетін болады.

Жиынның екінші бөлігінде партия мүшелері мен депутаттардың ішкі тәртібін реттеу – саяси мәдениеттің негізгі кепілі екені айтылды. Қоғамдық дамудың жаңа кезеңінде саяси жүйенің тиімділігі ең алдымен партия мүшелерінің жауапкершілігіне, ішкі тәртіптің сақталуына және депутаттық корпустың жұмыс мәдениетіне байланысты екеніне баса мән берілді. Партия мүшелері мен депутаттардың қызметі тек құқықтар мен міндеттерді орындаумен шектелмей, сонымен бірге саяси этикаға, ұйымшылдыққа, тәртіпке негізделуі тиіс деген баға берілді.

Бұл бағытта партияның облыстық филиалы партиялық тәртіпті күшейту, этикалық нормалардың сақталуын қамту, жауапкершілік механизмінің әділ үйлестірілуін жүргізу, ашықтық пен есеп беру қағидатын ілгерілету, ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелерін басшылыққа алады.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ауыл шаруашылығын дамыту, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауыл өмірін жақсарту бағытында нақты істер атқаруда. Бұл жолда мемлекеттік бағдарламалар мен партиялық жобалар қатар жүзеге асырылып, өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде.

You may also like

Leave a Comment