«AMANAT» партиясы Түркістан облысында Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар маңызды әлеуметтік бағыттарды бақылауға алған. Соның ішінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда тұр.
Партия бекіткен Жол картасына сәйкес, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жаңа су көздерін іске қосу және су тазарту станцияларын салу сынды жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Осы бағыттағы жұмыстар облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің бақылауында. Жуырда өткен кеңес отырысында Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ауыз сумен қамту саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.
Биылғы жылы облыс бойынша ауыз су саласында барлығы 66 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 38-і жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал 28 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жобалар қатарына кіреді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Түркістан облысының 7 қаласында тұратын 541,5 мың тұрғын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал 756 елді мекенде тұратын 1 580,6 мың адам сапалы ауыз сумен 98,1 пайыз деңгейінде қамтылған. Дегенмен бұл көрсеткіштердің нақтылығына қатысты күмәндар бар. Осыған байланысты партия өкілдері салалық мамандармен бірлесе отырып, нақтылауға арналған жұмыстарды бастап кетті.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан партияға келіп түсіп жатқан көптеген өтініш-шағымдарда ауылдық жерлерде тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру қажеттілігі жиі көтерілуде. Бұл мәселе де партияның тікелей бақылауында. Облыстық басқарма мен аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, су жүйелерін жаңғырту жөніндегі жоспарлар талданып, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдануда.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегі бойынша, ауыз су саласындағы ең басты назар аударылған жоба – индикаторға енгізілген 30 елді мекеннің су жүйелерін салу. Бұл елді мекендерде 31 мыңға жуық адам тұрады. Жобаларға қажетті қаржы бөлініп, мердігер ұйымдар анықталған. Құрылыс жұмыстары партияның Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында болады.
Сонымен қатар, 600-ге жуық тұрғыны бар, шалғайда орналасқан 8 елді мекенге су тазартуға арналған кешенді блок модульдар орнату жоспарланған. Бұл елді мекендер халық санының аздығы мен қашықтығына байланысты инфрақұрылымды толықтай тарту экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған. Сондықтан, тиімді шешім ретінде шағын су тазарту жүйелері қарастырылып отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Партия бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, халықтың өмір сапасын жақсарту жолында нақты істермен айналысуда. Инфрақұрылымдық жобалардың уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
