Home Ауыл шаруашылығы АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗУ-ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ЖОЛЫ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗУ-ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ЖОЛЫ

Daismedia.kz

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – еңбек өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы экологиялық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда 2025 жылдың 8-10 қазан аралығында Шымкент қаласындағы Көрме орталығында өтетін AGRITECH TURKESTAN & GROWTECH SHYMKENT халықаралық көрмесі – агросектор үшін үлкен жаңалық пен мүмкіндік болмақ.
Бұл іс-шара – тек көрме ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялармен танысу, шетелдік және отандық серіктестермен тәжірибе алмасу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру алаңы. Көрмені ұйымдастыруға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен «Қазақстанның жылыжай шаруашылығы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйытқы болып отыр.

Көрменің мәні мен маңыздылығы
Қазақстан ауыл шаруашылығы мемлекеті ретінде әлемдік азық-түлік нарығында бәсекеге қабілетті болуды көздейді. Бұл үшін саланы жаңғырту, цифрландыру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу қажет.
Көрмеде келесі бағыттар бойынша инновациялық шешімдер ұсынылады:
• Өсімдік өсіру технологиялары;
• Жылыжай технологиялары мен жабдықтары;
• Тұқым шаруашылығы мен көшет өндірісі;
• Өсімдіктерді қорғау мен қоректендіру;
• Суару жүйелері, мелиорация және суды тиімді басқару;
• Сақтау, сұрыптау, егін жинаудан кейінгі өңдеу технологиялары;
• Ауылшаруашылық құрал-жабдықтар мен техникалар.
Аталған бағыттар – ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен табыстылығын арттыратын басты тетіктер. Әсіресе климаттық өзгерістерге байланысты су ресурстарын үнемдеу, тыңайтқыштарды дәл мөлшерде қолдану, зиянкестермен күресте биологиялық әдістерді пайдалану – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығы мен өнімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Халықаралық ынтымақтастық – тәжірибе мен технология алмасу мүмкіндігі
Көрме аясында «Шаруа-2025» атты арнайы семинар өткізіледі. Мұнда Түркияның Анталия провинциясынан келген Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылайды.
Түрік жылыжай технологиялары – әлем бойынша танымал және тиімді жүйелердің бірі. Бұл тәжірибе Қазақстанда жылыжай шаруашылығын дамыту үшін үлкен серпін береді. Инновациялық суару жүйелері, тамшылатып суару, топырақсыз өсіру әдістері – енді біздің шаруашылықтарға да қолжетімді болмақ.

Жаңа технологиялар – еңбек өнімділігінің кепілі
«AMANAT» партиясы Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасында 17 индикаторлық көрсеткіш қарастырылып, бұл салада кешенді даму көзделген. Соның ішінде:
• Егіншілік пен мал шаруашылығында цифрлық жүйелерді енгізу;
• Жылыжай кешендерін кеңейту;
• Тамшылатып суару мен ылғал үнемдеу технологияларын көбейту;
• Экологиялық таза өнім өндіруді арттыру;
• Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін қолдау.
Жаңа технологиялар ауылдағы еңбек өнімділігін кемінде 2-3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – тек шаруалардың табысын өсіру ғана емес, ауылдағы әлеуметтік тұрақтылық пен тұрмыс сапасын жақсартуға да тікелей әсер етеді.

Инновация – ауыл болашағы
Бүгінгі күні аграрлық секторда тек еңбек күшімен емес, ақыл-оймен, ғылыммен, технологиямен жұмыс істейтін уақыт келді. Ауыл шаруашылығына IT шешімдер, дрондар, автоматтандырылған жүйелер, климаттық мониторинг құралдары, дәл егіншілік элементтері секілді тың жаңалықтар енгізілуде.
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығының алдыңғы қатарлы өңірлерінің бірі. Мұнда егіс көлемі жылдан жылға артып, жеміс-жидек, көкөніс экспорты ұлғайып келеді. Бірақ бұл табысты сақтау үшін жаңа технологиялармен қарулануымыз қажет.

AGRITECH TURKESTAN & GROWTECH SHYMKENT көрмесі – тек бір реттік шара емес, бұл – ауыл шаруашылығын жаңа сатыға көтерудің бастамасы. Мұндай іс-шаралар арқылы отандық фермерлер заманауи агротехнологиямен танысып қана қоймай, өз бизнесін жаңа деңгейге шығара алады.
Ауыл – елдің алтын бесігі. Ал ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі. Ендеше, ауылды дамыту – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бұл мақсатқа жетудің ең тиімді жолы – инновация, бірлік және білім.

You may also like

Leave a Comment