Home Жаңалықтар АҒЫН СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ – БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

АҒЫН СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ – БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

Daismedia.kz

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару мен ағын суды үнемді пайдалану өңірдің дамуы үшін айрықша маңызға ие. Әсіресе, су тапшылығы жылдан-жылға күшейіп келе жатқан қазіргі кезеңде бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр.

Көптеген елді мекендер мен шаруашылық алқаптар шекаралас мемлекеттерден келетін суға тәуелді. Соның салдарынан жыл сайын көктем мен жаз айларында ағын судың тапшылығы сезіліп, егін шаруашылығына айтарлықтай кедергі келтіретіні белгілі. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін Түркістан облысы әкімдігі тарапынан нақты шаралар қолға алынған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бірқатар аудандарды аралап, ауыл шаруашылығы саласының жағдайымен тікелей танысып жүр. Жақында ол Жетісай және Мақтаарал аудандарына жұмыс сапарымен барып, егістікке жауапты тұлғалармен кең көлемде мәжіліс өткізді.

Су тапшылығы – шаруаның табысын тежейтін басты кедергі

Аталған жиында ауыл әкімдері мен жауапты сала мамандары әрбір ауылдық округ бойынша нақты ақпарат беріп, егіс алқаптарының суғару жағдайы егжей-тегжейлі талданды. Жетісай ауданында биылғы жылы 44 431 гектар жерге мақта шиті себілген. Қазіргі таңда оның 32 771 гектары ғана толық суғарылған. Бұл жалпы алқаптың небәрі 74 пайызын құрайды. Ал 11 660 гектар жер әлі де ағын суға мұқтаж.

Аудан шаруаларының ағын суға деген сұранысы – 42,85 м³/сек. Алайда бұл сұранысты толық өтеу мүмкін болмай тұр. Себебі, қазіргі уақытта «Достық» магистралды каналынан небәрі 24,05 м³/сек, ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіспен 11,80 м³/сек су жеткізіліп отыр. Бұл екі көзден келіп жатқан жалпы көлем – 35,85 м³/сек қана. Салдарынан шаруалар су тапшылығына тап болып, өнім көлемі мен сапасына қауіп төнуде.

Тиісті тапсырмалар берілді – бақылау күшейеді

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан басшыларына, ауыл әкімдеріне және су ресурстарын басқару ұйымдарының өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Ол:

– Сіздердің жұмыстарыңыз бәсеңсіген сайын, шаруалардың мол өнімге қол жеткізу мүмкіндіктері азая түседі. Сондықтан, күн-түн демей егістік басында болыңыздар, қажет болған жағдайда демеушілердің есебінен де, шаруалардың өздерін жұмылдыру арқылы да насостар орнатыңыздар. Қолда бар ресурстарды толықтай пайдаланып, дихандардың сұранысын қысқа мерзімде қанағаттандырыңыздар, – деп нақты ескертті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіспен су жеткізіп отырған 4 насосқа қосымша тағы 2 насос орнату, ішкі су жүйелеріндегі сорғы құралдарын көбейту, техникалық қолдауды арттыру тапсырылды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде әрі қысқа мерзімде орындалуы қажет.

Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала жетекшілеріне:

– Егер тапсырмалар орындалмаса, жауаптыларға қатаң шаралар қабылданады, – деп ескертті.

Су тапшылығы мәселесі тек бір маусымның емес, болашақтың мәселесі екенін ескерсек, бұл бағытта уақыт оздырмай нақты әрі тиімді шешімдер қабылдау қажет. Жауапты тұлғалардың жұмыс қарқыны мен нәтижелілігі енді бұрынғыдан да қатаң бақылауда болады.

Ағын су тапшылығы – Түркістан облысы сияқты ауыл шаруашылығына тәуелді өңірлер үшін күрделі әрі өзекті мәселе. Бұл жағдай шаруаларға ғана емес, тұтас өңірдің экономикасына әсер ететіні анық. Сондықтан суды үнемдеп пайдалану, қолда бар ресурстарды тиімді үйлестіру және басқару – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Облыс басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды жіті бақылауға алып, нәтижеге жұмыс істеуді басты назарда ұстап отыр.

Басты мақсат – әрбір тамшы судың игілікке айналуы.

You may also like

Leave a Comment