Төлеби ауданы – тек көркем табиғатымен емес, қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен де облыс көлемінде алдыңғы қатарда. Таулы өлкенің әлеуметтік-экономикалық бағыттағы 2025 жылдың алғашқы 5 айындағы жетістіктері, алдағы жоспарлары мен нақты көрсеткіштері туралы аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бұқаралық ақпарат құралдарына берген брифингінде жан-жақты баяндады.
ӨҢІРЛІК ӨНІМ ӨСІП, ӨНЕРКӘСІП ЖАНДАНДЫ
2025 жылдың алғашқы 5 айында Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштің 57,2 пайызы өнеркәсіпке, 21,9 пайызы ауыл шаруашылығына, 18,7 пайызы саудаға, ал 2,2 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Жан басына шаққанда ішкі өнім 435 мың теңгені құрап, 30,6 пайыз өсім көрсеткен.
Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының локомотивіне айналған. Биылғы бес айда өндірілген өнім көлемі 30,4 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 21,8 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібінің өзі 26,9 млрд теңгеге жетіп отыр (2024 жылы – 19,4 млрд теңге).
ИНВЕСТИЦИЯ – ДАМУДЫҢ ТІРЕГІ
2025 жылдың алғашқы 5 айында негізгі капиталға 13,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артқан. Бұл 28,1% нақты көлем индексін құрайды. Сондай-ақ, «KEGOC» АҚ тарапынан 18 млрд теңгеге электр желілерін нығайту жұмыстары басталған, оның 8 млрд теңгесі биыл игерілмек.
Инвестиция тартуда ауданда ауқымды жобалар іске асырылуда. Жыл соңына дейін жалпы 6,5 млрд теңгенің 4 ірі өнеркәсіп жобасы іске қосылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылмақ:
«Тауэнерго» ЖШС – Балдыберек өзенінің бойында қуаттылығы 3,2 мВт/сағ шағын ГЭС (2,5 млрд теңге);
«Jasyl Quat» ЖШС – Ақсу өзенінің бойында қуаттылығы 2 мВт/сағ шағын ГЭС (1,5 млрд теңге);
«KAZPLAST» ЖШС – Леңгір қаласында арнайы киім тігу фабрикасы (1,5 млрд теңге);
«З-Энергетик СНГ» ЖШС – шағын ГЭС құрылысы (1 млрд теңге).
ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ПЕН ӨНДІРІСТІК ПАРК – ЖАҢА СЕРПІН
Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында Шымкент қаласына шекаралас Киелітас ауылдық округінен 100 гектар жерге индустриялды аймақ құру көзделіп отыр. Инфрақұрылымға қажет қаржы 3,9 млрд теңге. Сонымен бірге, осы округтен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарда. Жалпы 20 млрд теңгенің 5 инвестициялық жобасы қолға алынып, 400 жұмыс орны ашылмақ:
«Alpecon Group» ЖШС – шырын, паста зауыты (9,2 млрд тг, 130 жұмыс орны);
«Зерде-Фарм» ЖШС – биоқоспа өндірісі (5 млрд тг, 180 жұмыс орны);
«Smart Cab» ЖШС – кабельдік науа өндіру (2,8 млрд тг, 35 жұмыс орны);
«Rich Style» ЖШС – темір бұйым цехы (1,5 млрд тг, 25 жұмыс орны);
«Green Chemical» ЖШС – тұрмыстық химия өндірісі (1,5 млрд тг, 30 жұмыс орны).
АҒРАРЛЫҚ СЕКТОРДА – ТҰРАҚТЫ ӨСІМ
Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 11,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 119,7% болған. Бұл салада 6,2 млрд теңге инвестиция бағытталған 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде:
«Қазығұрт бақтары» АШӨК – жеміс-жидек өңдеу (4,1 млрд тг, 12 жұмыс орны);
«Азия Милк» – 550 бас сүт фермасы (1 млрд тг, 44 жұмыс орны);
«FISH HOUSE» – балық шаруашылығы (250 млн тг, 25 жұмыс орны).
Сонымен қатар, 2025 жылы 612 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, нақты 316 гектарға енгізілді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту белсенді жүріп жатыр – жыл басынан 48 техника сатып алынған.
ТУРИЗМ: ТАБИҒАТ ПЕН ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҰШТАСҚАН САЛА
2025 жылдың 5 айында Төлеби ауданына 22,5 мың демалушы келіп, 681 млн теңгенің қызметі көрсетілді. Жыл соңына дейін 50,3 мың турист тарту жоспарланған. Жаңа 12 туристік нысан ашылып, 151 адам жұмыспен қамтылады.
Ірі жобалар қатарында:
Ақмешітте «FGS-Болашақ» балалар лагері – 1 млрд тг;
Керегетаста «Эдельвейс» лагері – 800 млн тг;
Біркөлікте – бірнеше демалыс орындары (100-650 млн тг аралығында).
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК ЖАНДАНУДА
2025 жылдың 5 айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 831-ге жетіп, 820 кәсіпкерлік нысанға артқан. Онда 14 405 адам жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнім көлемі – 41,3 млрд теңге (2024 жылы – 38,1 млрд теңге). Жылдық жоспар – 110,1 млрд теңге.
ӘЛЕУМЕТ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – БАСТЫ БАҒЫТТА
Аудан халқының саны – 122 610 адам. Биыл өзіндік кірістер 2,9 млрд теңгені құрап, жоспардан 44,3%-ға артық орындалды. Бюджет шығыстарының басым бөлігі – әлеуметтік салаға бағытталған.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша:
Аудандағы 55 елді мекеннің бәрі табиғи газбен және орталық ауыз сумен қамтылған;
Аудандық маңызы бар 170 шақырым жолдың 95,6%-ы қанағаттанарлық жағдайда;
Ортақ жайылымдық жерлерді қайтару бойынша 2025 жылы 3 000 гектар жоспарланып, нақты 350 гектар қайтарылған.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүруде. Келесі 3 жылда 520 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй, ал 2025 жылы 156 пәтерлік 3 үйдің құрылысы аяқталады.
ҚОРЫТЫНДЫ: ТАУЛЫ ӨЛКЕНІҢ ТАҒДЫРЫ – ТАБЫСТЫ ҚОЛДА
Төлеби ауданы – Жібек жолының бойында орналасқан, табиғаты мен тарихы үндескен, болашағы кемел аймақ. Экономиканың барлық саласында даму қарқыны жоғары. Инвестиция тарту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, туризм мен ауыл шаруашылығын өркендету – барлығы да аудан халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмалары мен облыс әкімінің басым бағыттарына сай, Төлеби ауданында жұмыстың жүйелі әрі нақты жүргізілуі – өңірді озық аудан ету жолындағы сенімді қадам.
Өткен 2024 жыл да Төлеби ауданы үшін дамудың жаңа сатысына көтеріліп, білім беру, инфрақұрылым, экономика, кәсіпкерлік және әлеуметтік қолдау салаларында ауқымды жұмыстар атқарылған табысты жыл болды. Бұл жетістіктер аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін едәуір көтеруге ықпалын тигізді.
Аудандағы білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінген. Бірінші Мамыр ауылдық округі, Тағайна елді мекенінде 200 орындық мектептің және Көксәйек елді мекенінде аудандық саз мектебінің құрылысы, сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 3 мектептің құрылысы басталған болатын. Қостөбе, Қазақстан және Б.Биболатұлы атындағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 43 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізу қолға алынған.
2024-2025 оқу жылына 87 841 дана оқулыққа тапсырыс беріліп, 68 мектеп 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру бағытында 4 нысанның құрылысына 2,374 млрд теңге қаржы бөлінген.
2024 жылдың бірінші тоқсанында 484 отбасы немесе 2 680 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 193 жобаға 1,1 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 279 жобаға 1,7 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттар мен шағын несиелер беру арқылы кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды оқыту, қайта даярлау және тұрақты жұмыс орындарымен қамту шаралары жүйелі жүргізілген.
«Бастау-Бизнес» курсын 71 азамат оқып, 25-і өз кәсібін ашты. 93 адамға 400 АЕК көлемінде грант беру, 35 азаматқа шағын несие беру жоспарланған. Сонымен қатар, 2024 жылы 6700 азаматты жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделген.
Ауданда 10 655 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, 16 702 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы өндірілген өнім көлемі – 61,6 млрд теңге. Аудан кәсіпкерлері шетелдік тәжірибе алмасу мақсатында Қытай еліне іс-сапарға жіберіліп, бірқатар жобалар бойынша келіссөздер жүргізуде. Мысалы, Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі балық шаруашылығы жобасы аясында 300 тонна форель өсіру көзделіп отыр (жоба құны – 600 млн теңге).
2023 жылы жалпы 33,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылы 1,8 млрд теңгені құрайтын жаңа жобаларды жүзеге аасыру жоспарланған.
Аудандағы 55 елді мекеннің 54-і таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 2024 жылы Жаңакүш елді мекені қосылып, көрсеткіш 100%-ға жетеді. Ауыз су жүйелерін жаңарту мен ашық су көздеріне тазалағыш қондырғылар орнату үшін 1,2 млрд теңге бөлінген.
Табиғи газбен қамту көрсеткіші де 100%-ды құрап отыр. Электрмен қамту бағытында 2023 жылы 21 елді мекеннің 45 көшесіне электр желілері тартылып, ал 2024 жылы 11 елді мекенде бұл жұмыстар жалғасын тапқан.
Жол жөндеу бағытында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы 33 көше, 2024 жылы 13 көше орта жөндеуден өткізу көзделген. Түнгі жарықтандыру бойынша 2024 жылы 27 көшеге жарық шамдары орнатылған.
2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 70,4 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткішті 77,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. 65 мың га жерге егіс егілсе, оның 33 мың га – дәнді дақылдар. Егін шаруашылығы 24,9 млрд теңге, мал шаруашылығы 45,5 млрд теңге көлемінде өнім берген.
    Ірі инвестициялық жобалар қатарында «Аймар» ЖШС-нің 4 млрд теңгелік құс өсіру жобасы, «Шымкент Балық» ЖШС-нің 300 тонна балық өндірісі бар.
Ауданда 15 мәдениет үйі мен 31 кітапхана жұмыс істейді. Момынай елді мекеніндегі мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Киелітас елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы 2024 жылы аяқталады.
400 спорт нысаны жұмыс істейді: оның ішінде 2 жүзу бассейні мен 1 стадион бар. Бірінші Мамыр мен Көксәйек елді мекендерінде заманауи спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді.
2023 жылы 4 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 амбулаторияның жобасы әзірленсе, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Шомшақты ФАП құрылысына 204 млн теңге қарастырылған.
2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 145 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 147 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Өнеркәсіп саласында 45 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, 2024 жылғы жоспар – 49 млрд теңге.
Өңдеу өнеркәсібі, битум, азық-түлік өндірісі және құрылыс индустриясы салаларында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Мысалы, «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехы (құны – 1,5 млрд теңге) және «Тауэнерго» ЖШС шағын ГЭС (құны – 1,2 млрд теңге).
Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүргізіліп жатыр. Білім, денсаулық, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында жүйелі жұмыстар нәтижесін беруде. Мемлекеттік және жергілікті бастамалар ауданның дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Бекітілген берік жоспар, нақты тапсырмалар мен тиімді орындалу тетіктері арқасында Төлеби ауданы Түркістан өңірінің үздік дамып келе жатқан аудандарының қатарында екені анық байқалады.
Төлеби ауданы әлеуметтік-экономикалық даму жолында тың серпіліс жасауда. Жүзеге асырылып жатқан жобалар, құрылыс жұмыстары, жаңа жұмыс орындары, білім мен денсаулық саласындағы жетістіктер – аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Аудан басшылығының бастамасымен қолға алынған барлық жобалар жүйелі жүзеге асса, Төлеби өңірі Түркістан облысындағы үздік аудандардың бірі ретінде қарқынды дами береді.
