Home Агроөнеркәсіп ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ «AQ-DALA» МАҚТАШЫЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ «AQ-DALA» МАҚТАШЫЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан облысы, Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне орай ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты – мақта шаруашылығының өңірдегі даму тарихын, жетістіктері мен жаңалықтарын дәріптеу, жаңа технологияның қолданысын кеңейту және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шаруаларға құрмет көрсету.

Фестиваль аясында егіс алқабына экскурсия, ауыл шаруашылығы және мақта шаруашылығына арналған техника көрмесі ұйымдастырылып, жаңа агротехнологиялар таныстрылымы өтті.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шарушалығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.

Салтанатты шарада бірқатар еңбек адамдарына ҚР Мемлекеттік наградалары, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Түркістан облысында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Инвестициялық жобаның негізінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілді. Жобаның негізгі мақсаты су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50% пайызға үнемдеу арқылы өнімділікті 2-3 есеге арттыру. Қазіргі жаһандық су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды әрі дұрыс шешім. Жаңа әдіс қалыптасқан дәстүрлі мақта егу технологиясынан әлде қайда тиімді. Осы күнге дейін өңір диқандары 1 гектар мақта алқабынан 25 цт өнім немесе 625 мың теңге пайда табатын болса, жаңа технологияны ендіру арқылы дәл сол 1 гектар алқабтан 60 цт-ден астам немесе 2-3 есе көп өнім мен пайда табуға мүмкіндігі бар. Бұл Мемлекет басшысының оң стратегиясының айқын дәлелі.

Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Осы жылға жоспарланған 27 мың га орнына 59 мың га жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 2 есе артығымен орындалды. Нәтижесінде, 150 млн. текше метрден астам ағын су көлемі үнемделді.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) осы жылдың қараша айында жұмысын бастайды. Жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн. метр мата, 7 млн. жиынтық төсек орын шығару көзделуде.

Айта кетейік, биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, баптауда. Дихандар жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті қызмет етеді.

You may also like

Leave a Comment