Түркістан облысының әлеуеті жоғары аудандарының бірі – Сайрам ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы мен индустриалды-инвестициялық даму бағытында тың серпінмен дамып келеді. Табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы, тығыз орналасқан еңбекке қабілетті халқы, тиімді логистикалық мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде аудан экономикасы жаңа биіктерге көтерілуде.
Агроөнеркәсіп – аудан экономикасының тірегі
Сайрам ауданы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығына бейім, табиғи ресурстары мол өңір. Аудан халқының басым бөлігі дәстүрлі егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл салаларда заманауи технологияларды енгізу, өңдеуші кәсіпорындарды құру және өнім экспорты көлемін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
2023 жылы ауданда 49,1 мың тонна ет өндірілсе, оның 31,8 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Бұл – облыс көлеміндегі экспорт көлемінің 96%-ын Сайрам ауданы қамтамасыз еткенін білдіреді. Ауданда қой, ірі қара, жылқы, құс және ара шаруашылығы қатар дамуда. Әсіресе, етті және сүтті бағыттағы ірі қара өсіру басымдыққа ие.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау құралдары кеңінен қолданылуда. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламалар арқылы шаруаларға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар берілуде. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен «Trade-In» бағдарламасы іске қосылып, шаруалар ескі техникаларын жаңасына ауыстыру мүмкіндігіне ие болуда.
«Сайрам Агро» индустриалды аймағы – агросектордың жаңа тынысы
Сайрам ауданындағы агроөнеркәсіптік кешенді сапалы деңгейге көтеру бағытында «Сайрам Агро» индустриалды аймағы құрыла бастады. Арыс ауылдық округінен 587 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынды. Бұл индустриалды аймақта:
100 мың бас мал бордақылау алаңы, мал сою және өңдеу цехтары, сүт фермалары, биоотын өндіру кешендері, салқындатқыш қоймалар сияқты ауқымды жобалар кезең-кезеңімен 2026–2028 жылдар аралығында іске асырылмақ.
Логистикалық орналасуының артықшылығы – Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі мен А2 автомагистраліне жақын орналасуы, өндірілген өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Өңдеу өнеркәсібі – қосымша құн мен жұмыс орындары көзі
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға баса назар аударылуда. Бұл бағытта ет, сүт, тері, жүн сияқты өнімдерді қайта өңдеу зауыттары ашылып, аймақтың өндірістік әлеуеті кеңейе түсуде.
Осындай жобалардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджеттің табысы артады, халықтың өмір сапасы жақсарады. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі.
Инвестиция – дамудың басты драйвері
2024-2025 жылдары Сайрам ауданында жалпы құны 593,3 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 3 762 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың 18-і биыл іске қосылып, 2 652 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Мысалы:
«Neo Life Clinik» медициналық орталығы – 800 млн теңге, 60 жұмыс орны.
«Shagyr Agro Group» – 900 млн теңгеге жеміс-көкөніс сақтау қоймасы, 20 жұмыс орны.
Мал бордақылау алаңдары, ет өңдеу кешендері, сақтау қоймалары.
2025 жылдың алғашқы бес айында аудан экономикасына 29,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе өсім көрсеткен. Оның ішінде 73,6%-ы – жеке инвестициялар, бұл – жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі мен сенімінің көрсеткіші.
Өндіріс пен инновация – жаңа бағыттар
Сайрамда индустрияландыруға бағытталған инновациялық жобалар іске асырылуда. Мысалы:
«ЗАВОД АВТОТЕХНОЛОГИИ» ЖШС – арнайы техника өндіру зауыты.
«KUZOV KARABULAK» ЖШС – жүк көліктері тіркемесін шығаратын зауыт.
Мұндай жобалар ауданның индустриялық-инновациялық әлеуетін арттырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға жол ашады.
Инфрақұрылым мен халықты жұмыспен қамту
Сайрам ауданының барлық елді мекендері ауыз су, электр энергиясымен 100% қамтылған, ал 88%-ы газбен жабдықталған. Бұл – халықтың өмір сапасын арттыруда маңызды қадам.
2025 жылы 12 879 адамды жұмыспен қамту жоспары қойылып, 3216 адам түрлі бағдарламалар арқылы еңбекке тартылды. Оның ішінде: 974 адам – тұрақты жұмысқа орналасты, 299 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 189 адам – жастар практикасына, 1592 адам – ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» бағдарламасы аясында 162 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сервистік қызметтер мен кәсіпкерлік саласы
Халыққа қызмет көрсету, сауда және сервис саласында да серпінді даму байқалуда. Құны жоғары 7 кәсіпкерлік нысан (ойын-сауық орталықтары, монша, супермаркеттер, сауда орындары) ашылып, 200-ге жуық жұмыс орны құрылды.
Жүйелі жоспарлау – тұрақты нәтиже кепілі
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округ бойынша «Жол картасы» әзірленіп, жобалардың нақты атауы, мерзімі, жауапты органдар мен орындалу кезеңдері белгіленуде. Бұл – даму барысын жүйелі басқаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданның экологиялық жағдайы мен тазалығы басты назарда тұр. Жол, су, жарық, санитарлық тазалық – ауданның көркін айқындайтын негізгі факторлар.
Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығына бейім, табиғи әлеуеті зор, экономикалық серпінге ие өңір. Мемлекеттік қолдаулар, жеке инвестициялар және индустриалды жобалар арқылы Сайрам өзінің агроөнеркәсіптік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, Түркістан облысындағы аграрлық-индустриялық жетекші аудан болуға жақын.
Ауданда іске асырылып жатқан жобалар мен бастамалар – қазақ ауылдарының заманауи, табысты келбетін қалыптастырудағы нақты қадамдар. Алдағы жылдары бұл өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын локомотивтердің біріне айналатыны сөзсіз.
